Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
 «Парасыз жұмыс» бастамасын көтерген ауыл – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

 «Парасыз жұмыс» бастамасын көтерген ауыл

Кеңес дәуірін айтпағанда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде арақ ішпейтін ауыл тұрмақ, ондай ұғым да болмайтын. Тәуелсіздікпен бірге арамызға асыл дініміздің қайта оралуына байланысты адамдар имандылыққа бет бұрып, біртіндеп арақтан араны алыстатып, туған жерді түлетуге белсене бастағаны қуантады. Тіпті, бүгінде арақ сатпайтын ауылдар пайда болған. Өткен аптада сондай ауылдың бірі – Төлеби ауданындағы Оңтүстік деп аталатын елді мекенге бардық. Тұрмыс-тіршілігімен танысу, әңгімелесу барысында бұл ауыл тұрғындарының қысқа мерзімде көптеген жетістікке қол жеткізгеніне куә болдық.

«Ауыл азаматтарының ауызбірлігі карантин кезінде күшейді, – дейді бізбен әңгімесінде ауыл тұрғыны Еркінжан Мәмбетбаев. – Ауылда бастауыш мектеп қана бар болатын. Өзге балаларды көрші ауылдағы мектепке апару үшін «Газель» берді, бірақ оған карантин талабы бойынша 5-ақ бала отырғызады. Басқалар не істейді? Амал жоқ өзіміз жеке көлігімізбен тасуға тура келді. Көшеде көрінген балаларды мінгізіп алып, тасымал жасадық. Бірақ, бұлайша тасымалдау қашанға дейін жалғаса бермек? Осынау сауалдың жауабын табу үшін заңдарды ақтардық. Тиісті заңда екі ауыл арасы 3 шақырымнан асса, ортада өзен, көлдер болса, оқушы саны 81-ден асқан жағдайда 11 жылдық мектеп ашуға болатыны көрсетілген екен. Ал біздің ауылда 104 оқушы бар. Сонымен ауылдан шыққан азаматтарға, солардың бірі Шымкентте тұратын жерлесіміз Өмір Шыныбекұлына бардық. Ақылдасып, тиісті орындарға хат жаздық. Бірақ, «бала саны 76-дан аспағандықтан мектеп салуға болмайды» деген жауап келді. Алғашында мұның себебін түсінбедік. Неге 76 бала? Кейін білдік, ауылымызда мектептің ашылуына қарсы болған мүдделі топ жұмыс істеген екен. Алайда, біз де алған беттен қайтпадық. Нәтижесінде биылғы оқу жылын балалар өз ауылымыздағы 9 жылдық мектепте бастады. Бұрын мектеп ұжымы 20 шақты адаммен шектелген болса, қазір екі есеге көбейді. Қарапайым есепке салсақ, ауылда 63 түтін болса солардың 60-70 пайызынан астам үйдің әрбірінен бір-бір адам мектепте жұмыс істейді.

Ерекше айтатын мәселе – жұмысқа кіру үшін ешкім ешкімге пара бермейді. Заңсыздыққа жол бергендер болса оны шағын ауылда жасырып қалу мүмкін емес. Ал жұмысқа қабылданарда талапкерлердің балы тең болса, бірінші кезекте осы ауылдың тұрғынына басымдық берілуі керектігін талап еттік. Биыл мектепті тағы да үлкейтуге қаржы қаралды. Алла бұйыртса, мектебіміз 11 жылдық болады деген сенім бар.

Бірліктің, ұйымшылдықтың арқасында мектеп мәселесі шешілген мезетте мешіт құрылысы да бастау алды. Байланыстың нашарлығынан телефонды толыққанды пайдалану мүмкін болмады. Онлайн сабақ кезінде балалар тау-тасқа өрмелеп, биік жер іздеп кетті. Қазір антена орнатылған, балалар үйде отырып-ақ интернеттің игілігін пайдалана алады.

Ауылды абаттандыру мақсатында өткен жылдың күзінде жүзге жуық сирек кездесетін сәнді ағаштардың көшеттерін қондырдық. Оған мектеп түлектері жақсы жәрдем берді. Ендігі бір мәселе – ауылда балаларға арналған ойын алаңы жоқ. Оның да мәселесі шешілуге таяу. Жергілікті кәсіпкер көкелеріміз жәрдемдесуге уәде етіп отыр. Ауылдан шыққан асыл азаматтардың арқасында ауылымыз осылайша көркейіп, дамып келеді.

Баянды болашақ, ұрпақ тәрбиесінде материалдық жағынан ғана емес, рухани мәселеде де атқарылар шаруа шаш етектен. Оны ұмыт қалдырсақ, қатты қателескен болар едік. Соңғы уақыттарда қол жеткізген ең үлкен жетістігіміз – ауыл дүкенінде арақ сатылмайтын болды. Насихат жұмыстарының жетіспеушілігі, оның үстіне жұмыссыздықтың салдарынан аузы арақтан босамаған жерлестеріміздің аз болмағанын жасыра алмаймыз. Аллаға шүкір, түсінік жұмыстарын жүргізудің, жұмыспен қамтылудың арқасында олардың өмір сүру үрдістеріне үлкен өзгеріс енді. Енді ауылда спирттік ішімдік ішетін адам болмағандықтан, дүкенде арақ сатудың да қажеттілігі жойылды».

Ауыл тынысымен танысу барысында бір байқағанымыз, шағын елді мекенде спорттың бокс түрі жақсы дамыпты. Жұдырығы алтын ауыл жеткіншектері ауданда ұдайы көш бастайды екен. Абыройы әлемді шарлаған атақты боксшы Серік Қонақбаевтың осы ауылдың тумасы екені көп жайтты аңғартса керек. «Мектебімізде домбыра, би, спорттың жекелеген түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді. Соның ішінде бокс үйірмесі ауданда алдыңғы қатарда. Бәсекеге жан-жақты қабілетті оқушыларды дайындау – басты мақсатымыз. Осы жолдағы жоспарымыз ауқымды, мақсатымыз айқын. Білікті, жас мамандар ауыл мектебінде жұмыс істеуге ниет білдірсе, олар қоныстанатын оннан астам бос тұрған баспана бар», – дейді «Оңтүстік» негізгі орта мектебі директорының міндетін атқарушы Қанат Шыныбеков.

Жоғарыда пікір білдірген азамат мектепке мұғалімдер парасыз жұмысқа алынғанын айтты. Экс перзиденттің өзі оңтүстікте еден жуушы да жұмысқа парамен кіретінін айтып, қала берді ауданның «бас мұғалімі» парамен ұсталып жатқанда бұл әңгіменің бізге ертегі секілді естілгені рас. Осы күдікті сейілту үшін наурыз айының басында қаладағы жұмысын ауылға ауыстырған жас ұстаз Алтынай Исламовадан сыр суыртпақтап көрдік. «Мен қаладағы №86 мектепте жұмыс істеген едім. Наурыз айынан бастап осында ауыстым. Ұжымдағы әріптестерімнің барлығы да тығыз қарым-қатынас ұстай білетін, ой-пікірлерімен ашық алмасып отыратын жаңашыл ұстаздар екен. Қазір «жолын жасамай» жұмысқа тұру қиын, тіпті мүмкін болмай қалды ғой. Ал осы мектепке жұмысқа тұру үшін ешкім ештеңе сұрамағанына таңқалдым. Сөйтсем, мектеп басшылығы өздеріне осындай қатаң талап қойған екен. Талапшыл ұжымда біліктілікті барынша арттырып, сапалы жұмыс істемеу мүмкін емес. Сол себепті де әркім өз-өзін қамшылауға тура келеді», – дейді жақсы ұжымға қосылғанына ризалығын білдірген жас мұғалім.

Тағы бір куә болып, қуанғанымыз – мектепте білім сапасына қатты көңіл бөлінеді екен. Мәселен, 40 жыл ғұмырын ағартушылыққа арнаған Дариха Сатқымбаеваны зейнеткерлікке шыққанына 6 жыл болғанына қарамастан балаларға сапалы білім, жас әріптестеріне даңғыл жол көрсету үшін аттай қалап, мектепке қайта шақыртып алыпты.

Иә, шағын ауылдағы үлкен өзгерістерді көзбен көріп, көңіл толды. Әр ауылдан осындай бастамашыл, туған жеріне туын тігуге құмбыл асыл азаматтардың шығатыны сөзсіз. Солардың арқасында еліміздегі ауыл біткеннің барлығы ажарланып, кейінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне үлес қосса, қанекей! Әсіресе, «Оңтүстік» ауылының «парасыз жұмыс» бастамасы көпке үлгі боларлық екен. 

Р. ШАЛҚАР.

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған