Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет »     Зағип жандар ақыл-ой сайысынан бақ сынады

    Зағип жандар ақыл-ой сайысынан бақ сынады

«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 85 жылдан асып барады. Былтыр қоғамның республикалық ХХІІ съезі өтіп, жарғыға бірқатар өзгерістер мен жаңалықтар енгізілді. Қоғамның облыстық филиалдары, аудандық бастауыш ұйымдары жұмыс істейді. Жуырда Сайрам ауданындық бастауыш ұйымының өкілі Асылбек Тәукеев пен корпоративті қор төрағасы Нысанбек  Жұмағұловтың ұйымдастыруымен көзі нашар көретіндер арасында шахматтан және дойбыдан аудандық жарыс болып өтті.

– Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қоғамда өз орнын табуда ерік-жігері жоғары, хәл-қадірінше еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген зағип жандар аз емес. Дегенмен, соқырлар қоғамының алдында тұрған үлкен мәселенің бірін айтпай кетуге тағы болмас. Ол – зағип жандар арасынан қоғамның жұмысын жандандыра түсетін жас мамандардың тапшылығы. Десек те, жақсы жаңалықтар да жоқ емес. Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Алтынай Айтекеева болашақта арнайы орталық ашып, онда мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени, спорттық тынығуына мол жағдай жасауға болатынын айтып қуантып отыр, – дейді Нысанбек Жұмағұлов.

Орайы келгенде тілге тиек еткенімізбен, негізгі айтпағымыз, Сайрам ауданында өткен спартакиада болатын. Спартакиаданың ашылу салтанатына аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары О. Өтепов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінен А. Жақыпов арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша шахматтан бірінші орын Әбдіғаппар Ияқиявқа, дойбыдан Хусан Маматаевқа бұйырды. Екінші, үшінші жүлделі орын алған жеңімпаздарға да бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жарыс жеңімпаздары ауданаралық, облыстық бәсекелерде бақ сынайтын болады.

Жарыстың мазмұнды өтуіне атсалысқаны үшін корпоративті қор төрағасы Нысанбек Жұмағұловтың иығына шапан жабылып, ардагерлер Құрал Алтынбекұлы мен Сайдиғали Исламұлына құрмет көрсетілді.

Ж.ШАЛАБАЕВА

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика