Қарабұлақтық қасапшылар ауру, өлген малдың да етін қабылдай беретіні рас па?
Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылы республикадағы ең үлкен елдімекендер қатарында. Ресми мәлімет бойынша 60 мыңға жуық тұрғыны бар Қарабұлақта 10512 үй тіркелген. Мал саны кейбір аудандардан көп. Мәселен, мұнда 110 991 қара мал, 79 013 уақ мал, 48 933 жылқы, 10 түйе, 79 145 құс бар.
Қорасы малға толы ауылда ветеринарлық қызметтің жоғары дәрежеде қызмет көрсету керектігі айтпаса да түсінікті. Ал Қарабұлақтағы жағдай қалай? Бұл туралы редакциямызға арызданған С.Сұлтанова былай деп жазыпты: «Ауылдың бас мал дәрігері Уткир Тұрғынбаев қызмет бабын асыра пайдаланып, қол астындағы мал дәрігерлерінің заңға сәйкес жұмыс істеуіне жол бермеуде. Оларды төрт түлігі көп байларға ғана жібереді. Малы ауырған қарапайым адамдарға ветеринарлық қызмет көрсетпейді. Соның салдарынан малдар ауырып, өліп жатыр. Оның еттерін дүкендерге таратуда». Мұндай жаға ұстатар жайттан хабардар бола салысымен журналистік зерттеу жүргізуге кірістік.
Алдымен Сайрам аудандық ветеринарлық қызмет көрсету мекемесінің басшысы Беглан Әбдіқайыпқа хабарласып, Қарабұлақтағы мал дәрігерлерді таптық. Ауылдың үлкендігіне байланысты 71 мал дәрігерді Уткир Тұрғынбаев пен Әбдіғаппар Шерназаров басқаратын екі топқа бөліпті. Соған сай әрқайсысы өздеріне тиесілі аумаққа жауапты. «Малы ауырғандар маған хабарласады, бірақ барып емдеу біздің міндетімізге кірмейді. Адамдар ауырған малдарын ақылы түрде емдетулері керек. Ақысын төлесе барамыз. Ал өлген малды барып көруіміз керек», – дейді Уткир Эминжанұлы.
Мал болса да кеудесінде жаны болғасын ауырмай тұрмайды. Ал ауырған малға мемлекеттен жалақы алатын мал дәрігерлері көмек бере алмаса, арам өлген малды келіп көру ауыл тұрғындары үшін қаншалықты маңызды? Демек, мал дәрігерлері тегін қызмет көрсете алмаса, онда ауырған, арам өлген мал да аз болмасы анық. Бірақ ауылда өлексе жоқ. Әрине, бұл санитариялық қауіпсіздік жағынан өте жақсы. Алайда, кейбір ауыл тұрғындары «мұның сыры ауырған немесе өлген малдарын иелері шұжық өндіретін цех пен мал сою алаңдарына өткізетінінде жатқанын» айтқанда не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік.
Уткир Тұрғынбаев пен Әбдіғаппар Шерназаров өлген малдардың дене мүшелерін зертханаға апарып, себебін анықтайтындарын айтады. Бұл қауіпсіздік үшін қажет екені түсінікті. Бірақ 2022 жылдың алғашқы үш айында бірде бір өлген малды зертханаға апармаған екен. Сонда үш айдың ішінде 250 мыңға жуық төрт түліктен бірде біреуі өлмеген бе? Сенімсіздеу дерек екен. Керісінше, мал егелері үшін ауырып тұрған, өлген мал жайын ветеринарларға хабарламай, цехқа өткізе салу тиімді десек, көңілге қонымды секілді. Ауырған малды ақысыз емдемесе онда мал дәрігерлердің көмегіне жүгінудің қажеті қанша деп, шынында да ауыл адамдарының өлекселер мен ауырған малдарды шұжық цехына өткізіп жатпасына кім кепіл?!
Ауылда, сондай-ақ, төрт түлік малдың биттеп, құрттап жатқанын да айтқан тұрғындар бар. Бірақ, мұны да қарау мал дәрігерлерінің міндетіне кірмейді екен. «Малға иелері өздері қарау керек. Біз қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Атап айтсам, аусыл, құтыру, ящур, бруцеллез секілді жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егеміз. Қырым қанды безгегін тарататын кенеге қарсы бұрын малды керолинге шомылдыратын болсақ, биылдан бастап оған да қарсы вакцина егетін болдық. Бірақ әзірге белгісіз себептерге байланысты вакцина келмей жатыр», – дейді біздің сауалымызға орай У.Тұрғынбаев.
Қазір күн ысып, кенелер далада өріп жүр. Ал оған қарсы вакцина әлі жоқ. Мұның себебі сол баяғы жайбасарлық па? Алла сақтасын, адам шығыны болғанда ған зыр жүгіретін әдет әлі қалмай келеді. Қарабұлақтағы малдардың арасында сырғаланбағандары бары да көңілге күдік ұялатады. Демек малдың есебі толық жүргізілмейтін болғаны ма? Ал бұл салықтан жалтару емес пе?
Жоғарыда айтып өткен шұжық мәселесіне қайта оралайық. Көңілде қалған күдікті сауалға жауап іздеу мақсатында ауылды араладық. Тұрғынның бірі шұжық цехы деп көрсеткен жерге бардық. Мұнда шұжық өндіріледі ма, біле алмадық, әйтеуір малдар сойылып жатыр. Малы ауырып тұрған тұрғынның кейпіне еніп, оны әкелсек қанша теңгеден қабылдайтынын сұрадық. «Етті көрші облыстарға жібереміз», – деген жас жігіттің бірі ауырып жатқан сиырымыздың етін 1600 теңгеден қабылдайтынын айтты. Ал өзіміз сойып апарсақ баға 1000 теңгеден әрі аспайды екен. Өйткені, ол өлексе еті болуы да мүмкін. Әйтпесе, осындай қымбатшылық заманда кім дұрыс етті 1000 теңгеден өткізеді? Демек тұрғындардың айтып жүрген сөзінің астарында бір ақиқаттың бар екені анық секілді.
Байқағанымыз, мұнда еттің сапасына, ол сиыр ауру ма, өлген ба көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ секілді. Бәлкім, өздері жемегесін, басқаға бас ауыртқысы келмейтін де болар. Бірақ, оны кез-келгеніміз тұтынып жүруіміз мүмкін ғой. Ауру – астан деп атам қазақ бекер айтпаған. Ауру, өлген малдың етін жеп қойсақ, ауырмағанда қайтеміз? Бұл сұмдықты тоқтату үшін ветеринарлардың құзыретіне, міндетіне кіретін жұмыстарды қайта қарамаса болмайды. Әрине, сайрамдық мал дәрігерлерін «неге ауру малға қарамайсыз?» деп кінәлай да алмаймыз. Өйткені, олардың міндетіне кірмейді екен. Алайда, ауыл мал дәрігерлері жоғарыға мән-жайды түсіндіріп, мәселе көтеріп, халық игілігі үшін жұмыс істеуге неге болмасқа? Дәл мұндай жұмыс жүйесімен елімізде сау адам қалмасына кім кепіл?
Ұ. ҮМБЕТ.