Субсидия емес, сатып алуды ұйымдастыру керек

Оқшау ой

Көктем келіп, диқан жер жыртып, дән егуге кірісті. Шаруа малдың қамын ойлауда. Осылардың қайсысы болсын мемлекеттен субсидия алуға ынталы. Шыны керек, субсидияны тегін берілетін, сұрауы жоқ қаржы көзіне айналдырып алғандар аз емес. Тіпті, осы қылмысы үшін сотталғандар да бар. Сол себепті жемқорлықтың көзіне айналған субсидия өзінің тиімсіздігін дәлелдеп отыр.

Менің ойымша, мемлекет диқанға да, шаруаға да алдын ала ешқандай жәрдемпұл бермеу керек. Қаражатты қажет еткендерге қарыз ретінде беруге болады. Сосын әркім өзі үшін егін егіп, мал өсірсін. Бірақ Үкімет өндірілген өнімді шаруамен келісілген бағада сатып алсын. Сонда диқан өнімді қайда сатамын деп бас ауыртпайды, қауын, қарбыз, мақта, бидай, басқа да өнімдер алқап басында қалып, шірімейді. Шаруа сүті мен еті сасиды деп уайымдамайды. Ал, мемлекетке емес, тікелей шетелге сатамын дейтін шаруалар болса тиісті салығын төлесін де, сата берсін.

Халықтан сатып алынған өнімді мемлекет қажетінше шетелге сатсын, ішкі нарыққа пайдалансын. Бұл жұмыстарды мемлекет жеке компанияларға немесе корпорацияларға тапсырмастан, мемлекеттік компаниялар жүзеге асыру керек. Сонда ғана жоспарланған өнім шынайы жиналып, бағасында да тұрақтылық сақталмақ. Әйтпесе, субсидия құмға сіңген судай жоғалып, жиналған өнім мардымсыз болып қала бермек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған