ХХІ ғасыр – технологиялық төңкеріс дәуірі. Уақыт озып, сана жаңғырған сайын ғарыштық жылдамдықпен жетілген байланыс құралдары теңдессіз мүмкіндіктерімен таңдай қақтыруда. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған смартфон, гаджеттер күнделікті қарапайым қолданыстан бөлек, сан саланың қызметін автоматтандырып, ауырды жеңілдеткенімен құнды. Ал отандық білім беру ісінде ұялытелефон қолдану қаншалықты қажет? Билік пен қоғам ойын он саққа жүгірткен осы сауал әлем елдерінде алаңдатып отырғаны анық байқалады. Еуропадағы алпауыт мемлекеттер бұл мәселеге түбегейлі нүкте қоя алмай келеді. Соған сай әр елдің шешімі түрлі, қағидасы сан қилы. Мәселен, Франция мектептерінде биылдан бастап смартфон пайдалануға шектеу қойылса, Германияның оңтүстік бөлігінде оқушыларға сыныпта телефон қолдануға тыйым салынған. Италия билігі білім алуды әртараптандыру мақсатында гаджеттерді қолдануға рұқсат берсе, Ұлыбритания, Бельгия мемлекеттері бұл мәселені шешуді әр мектептің құзіретіне қалдырып отыр. Аталған сауал төңірегіндегі қазақстандық ұстаным соңғысына саяды. Қоғам пікіріне құлақ түрсек қақ бөлінеді. Сондықтан салаға жауапты министрлік нақты шешім шығаруға асығар емес. Алайда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының қолға алынуы оқушылардың гаджетке сұранысын арттырмаса төмендетпейтіні сөзсіз.
Алдымен әлемдік ғалымдардың балалар мен жасөспірімдердің телефон пайдалануы жөніндегі зерттеу қорытындысына зер салсақ. Зерттеушілер «5 жасқа дейінгі балаларда ми даму процесінде болатындықтан, осы жасқа дейінгі балалардың телефон қолдануы тәулігіне үзіліс жасай отырып 1,5 сағаттан аспауы тиіс. 5-11 жас аралығындағы балаларға тәулігіне 3 сағат смартфон ұстауына рұқсат берген орынды», дейді.Ал Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы баланың телефонды тұрақты қолдануын 16 жасқа дейін шектеу керек деген тұжырым жасады.
Осы орайда біз де мектепте оқушылардың смартфон көмегіне жүгінудегіпайдасы мен зиянын таразылап көрсек.
Балалардың заманауи технологиялардың тілін түсініп, қолданғаны пайдалы екенін жаһан жұртын сеңдей қозғалтқан «тәжвирус» айғақтап берді. Өйткені қашықтықтан оқыту барысында аудио-видео материалдарды қабылдау, тапсырманы орындау, оны қайта пән мұғаліміне жіберу сынды жүктемелерді оқушылар қиындықсыз еңсеріп отырды. Бұл әсіресе ағылшын пәнінде тыңдалым, оқылым дағдыларын дамытуда нәтижелі екенін аңғартты. Сондай-ақ, отандық оқыту жүйесіне енгізілген робототехника үйірмесі мен информатика пәнінің ҰБТ тапсыруда негізгі пән қатарына қосылуы оқушылардың жаңа технологияларды меңгеруіне шектеудің шектен тыс болмауын дәйектейді.
Оқушылардың телефон қолдануын тиімді бағытқа бұру ұстаздарға тікелей тәуелді. Себебі гаджеттер беретін мүмкіндіктерді білімді тереңдету мақсатында пайдалану үшін педагогтер пән материалына қатысты арнайы сайттар мен бағдарламалар ұсынып отырса оқушының назарын ғаламтордағы қажетсіз дүниелерден аударуға септеседі. Сонымен бірге, жаңа ақпаратты меңгеруде құлақпен естіп, көзбен көрген материалдар есте оңай сақталады.
Сондай-ақ, мектеп оқушыларының телефон ұстауы қауіпсіздік қажеттілігінен туындап отырғанын ескерсек, ата-ана смартфон оқушылар арасында бәсекелестік, мақтангершілік сезімін тудырмауын қаперде ұстағаны абзал.
Мектепте телефон қолданудың артықшылықтарымен қатар, зиянды тұстары да жоқ емес. Психолог мамандарсабақ арасындағы үзілісте телефон қолданудың өзі баланың сабаққа деген ынтасын, ми белсенділігін төмендететінін алға тартады. Жиі телефонмен байланысу оқушылар арасындағы табиғи қарым-қатынасты азайтып, ойын нақты жеткізу дағдысынтежейді. Оқушылардың ортадан оқшауланып, мінез-құлқында агрессивті эмоцияның бой көтеруі, олардың депрессияға жиі ұшырауы да телефонды шектеусіз қолданғаннан туындайды.
Ал сабақ барысында телефон қолдану оқушы ойын бөліп, мұғалім сөзін жете түсінбеуіне соқтырады. Соның салдарынан білім сапасының төмендеу ықтималдығы жоғары.
Ал дәрігерлер мектеп жасындағы оқушылардың смартфон, гаджеттерді пайдалануында уақыт балансы бұзылса көз көруі мен есте сақтау қабілетінің нашарлауына соқтырып, тіпті мида қауіпті ісіктердің пайда болуы мүмкіндігін ескертіп дабыл қағуда.
Бастысы заман талабынан тыс қалмай, техникалық дүмпулердің дүрмегінде дамып отыру үшін жастардың жаңашылдыққа ұмтылысын қолдай отыра, зиянды тұстарын түсіндіріп, телефонды шектен тыс пайдаланбауда үлкендер үлгі болып тепе-теңдік сақталса смартфондар адам игілігіне қызмет ететіні айқын.
Гүлстан Тұрғанбай,
„Cambridge Line” лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі.