Саңырауқұлақ жегенде сақ болыңыз!

Саңырауқұлақтың зияны барын да ұмытпаңыз.

Қазір саңырауқұлақ жинау маусымы. Саңырауқұлақ өзінің ерекше дәмімен көпшілікке ұнайтыны белгілі, бірақ оны жинау мен сатып аларда түрлерін ажырата білу өте маңызды. Ажырата білмей, улы саңырауқұлақты пайдалану адам ағзасының өте ауыр деңгейдегі улануына әкеліп, тіпті өлім жағдайына да жеткізеді.

Сондықтан ағзаның улану жағдайлары қалай өрбитінін, алғашқы көмек пен уланудың алдын алу шараларын біліп жүрген абзал.

Саңырауқұлақпен улану жаппай сипатқа ие емес, әдетте жиналған саңырауқұлақтарды жеген бір немесе бірнеше адам ауырады.

Жалпы саңырауқұлақтардың жеуге жарамды және улы түрлері болады. Егер саңырауқұлақтың түрлерін танымасаңыз немесе күмәнданатын болсаңыз, алмаған жөн.

Саңырауқұлақтан уланудың алғашқы белгілері: құсу, іштің ауруы, диарея,  аса көп мөлшерде терлеу мен сілекейдің бөлінуі, бронхта сұйықтың жиналуы, соның салдарынан қақырықты ылғалды жөтел, дем алудың қиындауы, жүрек соғуының төмендеуі,  көз қарашығының кішіреюі. Мұндай белгілер пайда болғанда, тез арада жедел жәрдемге жүгіну қажет.

Сондықтан саңырауқұлақты жинауда және сатып аларда төмендегі бірнеше ережелерге назар аударыңыз:

  • өзіңіз жақсы білетін саңырауқұлақты ғана алған дұрыс;
  • саңырауқұлақтар тез бұзылатын өнім болғандықтан, жылы орында ұзақ сақтауға болмайды. Қайта жылытып пайдаланар кезде де аса сақтық қажет, әсіресе картоппен. Улану көбінесе улы саңырауқұлақтардан емес, бүлінген немесе дұрыс дайындалмаған саңырауқұлақ тағамдарынан пайда болады.
  • тұздалған саңырауқұлақтарды мырышталған, алюминий және қыш ыдыста сақтауға болмайды;
  • балаларға саңырауқұлақтың қандай түрі болса да, пісірмей тұрып дәмін татуға және жинау кезінде Сіздің рұқсатыңызсыз ұстауға болмайтынын ескерту қажет, үй жағдайында пісіргенге дейін балалардың қолы жетпейтін жерге қойылуын қадағалау керек. Саңырауқұлақ маусымында балаларды орманда немесе саябақта жалғыз қалдырмаңыз;
  • дайындау кезінде әзірлеу технологиясын,яғни шыны ыдысты, қақпақты стерильдеу мен өнімді термиялық өңдеуден өткізудіқатаң түрде сақтау керек;
  • үй жағдайында консервіленген саңырауқұлақты пайдаланар алдында 15-20 минут қайнатып  барып пайдаланған абзал;
  • базарларда (қолдан) үйде дайындалған консервіленген саңырауқұлақтарды сатып алуға болмайды;
  • иісі, түсі бұзылған, жабын қақпағы көтерілген консервіленген саңырауқұлақты пайдалануға болмайды. Оларды жою қажет.

Жоғарыда аталған ережелерді сақтай отырып, өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығын сақтайтыныңызды ұмытпаңыз!

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған