Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Шымкентте 41 адамды кене шақты

Шымкентте 41 адамды кене шақты

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ә.Төлебаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

–Шымкент қаласында 2021 жылы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының 2 жағдайы тіркелген. 2022 жылдың 3 айында аурушаңдық тіркелмеді. Бүгінгі таңға қала бойынша кене шағып медициналық көмекке қаралған 41 адам тіркелді, кене шағу жағдайлары былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 2 есе өскен (2021 жылы – 21 жағдай),- дейді ол.

Мамандардың айтуынша Шымкент қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз аймақтар қатарында. Сондықтан да санитар мамандар аурудың алдын алу үшін қалада жыл сайын елді мекендердің айналасындағы санитарлық қорғау аймақтарын кенеге қарсы өңдеу, сондай-ақ жануарларды, мал қораларын және буферлік аймақтарды өңдеу жұмыстары жүргізеді.

“15-30 сәуір аралығында дезинфекция орталығы мен ветеринарлық қызмет тарапынан көктемгі дезинфекциялау іс-шараларын бастау жоспарлануда” дейді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұртышылықпен байланыс жөніндегі бас маманы Ұлжан Алибаева.

Сондықтан мамандар қала тұрғындарына іргелес аумақтарға, мал қораларына механикалық тазалау жүргізу, өңдеу жүргізілген жерден қи шығару, яғни кенелердің көбеюін және адамдар арасында КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында сапалы дезинфекциялау үшін жағдай жасауды сұрайды.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері: инкубациялық кезең (ауру қоздырғышын жұқтырғаннан аурудың алғашқы белгілерінің пайда болуына дейінгі мерзім) 1-14 күнге дейін созылады, бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты болады.

Аурудың алғашқы белгілері: дене қызуының кенеттен 39-40ᵒС-қа дейін көтерілуі; қатты бас ауыруы; көздің қызаруы; бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қызарып, ісінуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен; лоқсу немесе құсу; іш ауыруы немесе өтуі; ауру одан әрі дамыған жағдайда: денеде бөртпелердің пайда болуы; мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету белгілері; ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қалай жұғады?

Мамандар негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасымалдаушы кене болып табылады дейді. Яғни адамды кене шаққан жағдайларда, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруымен ауырып жатқан науқас адамға күтім жасау кезінде науқастың қаны және ағза бөлінділері, сұйықтықтары арқылы және КҚГҚ қоздырғышымен залалданған медициналық құралдармен жанама байланыс арқылы жұғуы мүмкін.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдыналу:

– табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен үй жайларының аумағын кенеге қарсы залалсыздандыру;

– табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малдарды күтіп қарағанда, қырқым кезінде кенелердің шабуылынан сақтану және кене қанымен жанасты болдырмау мақсатында жеке қорғану үшін арнайы киім кию қажет (қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу, жақсы қорғалған аяқ және бас киім, резіңке қолғап);

– табиғатқа демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті, жақсы қорғалған, резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңізге байқалмайтын орындарды (мойын, бастың шаш бөлігі, дененің артқы жағы, т.б.), бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет. Дененің ашық жерлеріне және киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын немесе оны өлтіретін арнайы сақтану құралдарын қолдану қажет;

– кене шаққанда немесе кенемен жанаста болу арқылы аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкін болғандықтан, өзіңізді және өз жанұяңызды қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын пайдаланыңыз!

“Кене шаққан немесе кенені ұстаған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралу және 14 күн медициналық бақылауда болу қажет екенін ескертеміз!” дейді мамандар.

Сақтанайық , сақ болайық , жақынымызды сақтайық

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика