- Оқшау ой
Мұғалім мәртебесі туралы заңның қабылдануына қарап ұстаздардың бәрінің абыройы артып, беделі биіктеп кетті деп айтуға әлі ертелеу. Өкінішке қарай, соңғы кездері ұстаздардың өзара дөрекі жағдайда қырқысуы, оның соңының сотқа ұласуы секілді мәртебе мәселесіне қарама-қайшы көріністер көбеюде. Ең сорақысы, қазіргі мұғалімдер арасында ажырасқандар аз емес. Тіпті, күйеуге шықпай, бөтен біреуден бала туып, соны алданыш етіп жүрген ұлағатты жандар жоқ деп айта алмаймыз. Сонда олар балаларымызға қандай тәлім-тәрбие береді?
Осы жайтты өзекті деп есептеймін. Мәселен, мен ата-ана ретінде балаларыма күйеуден ажырасқан немесе әйелін жіберген адамның сабақ бергенін қаламаймын. Алайда, бұл туралы айтайын десең, заңдық тұрғыда ештеңе істей алмайсың. Айтпайын десең, перзентіңнің тәрбиесіне алаңдайсың. Осындайда Абайдың «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде» деген өлең жолдары еріксіз еске оралады. Қайран Абай 100 жыл бұрын қазіргі жағдайды қалай дөп басып айтқан десеңізші.
Мамандардың пікіріне сенсек, ажырасқан адамдарда қызуқандылық басым болады. Олар тез ашуланады. Ашуын басқа біреуден алғысы келіп тұрады. Сол себепті ондай жандар балаға толыққанды тәрбие береді дегенге сенбеймін. Қазіргі қоғамда жастар арасындағы ажырасу үрдісінің үдеп бара жатқаны да мектептегі ажырасқандардың берген тәлім-тәрбиесінен болар деп ойлаймын.
Бір кездері сотталғандардың мектепте жұмыс істеуге болмайтыны айтылып, талай адам жұмыстан шығарылды. Бәлкім ол да дұрыс шығар. Өзі сотталып келген адам оқушыға не үйретеді дейсіз? Тап сондай талапты ендігі жерде заңды ажырасқан мұғалімдерге қолдану керек. Қанша жерден білікті болса да, ондай жандар балаларға сабақ беруін тоқтатуы тиіс. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы.
Мұғалімдердің мәртебесін көтеру – олардың жалақысын арттырып, сенбілікке шығармаумен шектелмейді. Мұғалімдердің тұлғалық келбетін қалыптастыруға күш салу қажет. Егер заңға ажырасқандарды жұмысқа алмауды талап ететін өзгеріс енгізілер болса, мұғалімдердің тұлғалық сапасы да артары анық. Міне, мұғалімдер мәртебесі осылайша көтерілуі тиіс деп ойлаймын. Мұның қоғамдағы ажырасуды азайтуға да септігі тиген болар еді. Әйтпесе, қазір ажырасқандар күйеуі барлардан жақсы тұрмыс кешетін болды ғой. Мемлекет жалғызбасты ана ретінде оларға көптеген жеңілдіктер жасап қойған. Жалғызбасты аналарға көмектесу керек шығар, бірақ, бұл өзге отбасылардың ойран болуына себеп болмауы тиіс.
Қайрат Сейіт,
Шымкент қаласы.