Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Кесенеге кіретін уақытты ұзартқан жөн

Кесенеге кіретін уақытты ұзартқан жөн

Небәрі 3-4 жылдың ішінде Түркістан қаласының түрленіп, көркейіп келе жатқанын бүкіл ел көріп, біліп отыр. Жарнамасы да жақсы жасалып, еліміздің түкпір-түкпірінен рухани орталықты бір көру үшін арнайы келіп жатқандар қарасы қалың. Қала берді, жақын шет мемлекеттерден де туристер ағыла бастағанын байқауға болады. Бұл жетістікті Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің командасының іскерлігімен байланыстыруға болады.

Әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында жиі айтылып жүргендіктен бір сенбіде отбасымызбен бірге киелі шаһарға сапарлап баруды жоспарладық. Осы облыстың тұрғыны болсам да Түркістан қаласын арнайылап аралауға алғаш баруымыз екен. Балалар да қуанып жүр.

Сонымен, сапарға бір күн бұрын ертерек қамданып, жақсылап тынығып алдық. Өзімізше сапарымыздың бағытын да белгілеген болдық. Алдымен Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибрагим ата мен анасы Қарашаш ананың кесенесіне, жолай Отырар ауданында мәңгілік мекенін тапқан ұстазы Арыстан бабтың кесенесіне зиярат етуге ниет еттік. Сөйтіп Шардарадағы үйімізден ертерек шығып, Сайрам ауылын бетке алдық. Тіршілігі қыж-қыж қайнаған Сайрамға жеткенде кәдімдігей көлік кептелісіне тап болып, әлгі екі кесенеге зиярат етіп боламыз дегенше түс болып қалды. Түскі асты ішіп, аз-кем тынығып алғасын Шымкент арқылы Отырарды бетке алдық. Арыстан баб кесенесіне барып, зиярат етуге тағы біраз уақыт жұмсадық.

Хош, сонымен Түркістанға сағат алтыдан өте әрең жеттік. Қалаға кіргеннен кейін көлік қоятын жер таппай тағы біраз уақытымызды жоғалттық. Әзірет сұлтан кесенесіне сағат тура алты жарымда келсек, кесененің есігінде құлып тұр. Сыртында кесененің таңғы сағат 9-да ашылып, кешкі алтыда жабылатыны жазылып қойыпты. Кесене маңындағы қылует, байырғы монша секілді тарихи орындарға да кіре алмадық. Барлығының есігін қара құлып күзетіп тұр. Сонша жерден ниеттеніп келгенімізде ішке кіре алмағанымызға бала-шағамызбен бірге өкініп қалдық. Біз секілді кешігіп қалған қаншама адам кесенені сыртынан айналып көріп жүр. Бәлкім олардың арасында өзге облыстан келген қонақтар да бар шығар, кім білген? Сонда олар енді не істейді? Ертеңіне қайта келеді ме, әлде сонда қонуға мәжбүр бола ма?

Түркістанның туризмін дамытуға негіз болатын басты нысан – Әзірет сұлтан кесенесі екені белгілі. Алыс-жақыннан келген көпшілік бірінші кезекте Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, ондағы тайқазан мен өзге де тарихи жәдігерлерді көргісі келеді. Қаншама хандар мен батырлардың сүйегі жатқан киелі жерде олардың әруағына арнап құран бағыштағысы келеді. Бірақ, мына көрініс олардың көңілін су сепкендей басады емес пе? Қазір күн ұзақ, неге кесененің жұмыс істеу уақытын ұзартпасқа? Тіпті, сол кесенеге күндіз-түні құлып салмай-ақ қойса да болады ғой. Жұмысшылардың екі ауысымда жұмыс істеуіне не кедергі? Оның үстіне кесенеден ешкім ештеңені қолды ете қоймас. Мен осы жағын түсінбедім.

Тағы бір ескеретін жайт – қасиетті жерге ұзақ жол жүріп келген жолаушылар кесенеге дәрет алып, тазаланып кіргісі келеді. Бірақ, оған да жағдай жасалмағанын байқадым. Жақын маңнан әжетхана таппадық. Кесене маңында мешіт бар екен, бірақ ол екеуінің арасы айтарлықтай алшақ. Әсіресе, қарт кісілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қиын. Алыс-жақыннан келетін туристерге қолайлы жағдай жасау үшін осы секілді түйткілдерді шешу қажет екен деген ой түйдім.

Еркебұлан Тойбол,

         Шардара ауданы.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика