Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Дін мен дəстүр » Салт-дәстүрді дәріптейік

Салт-дәстүрді дәріптейік

Құндақтау дәстүрі

Діни аңыздарда Мұхаммет пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келер сәтте аспанда бір жарық нұр пайда болып, ол айнала төңірекке шуағын мейірлене төгіп тұрыпты деп баяндалады. Сол күні жер мен аспан тербеле қозғалған. Саба көлі тартылып, Қос өзені арнасынан асып, жағалауды шайып кетіпті деседі. Парсы елінің патшасы отыратын сарай сілкініп, көптеген мұнарасының күл-талқаны шығыпты. Сәуегейлер түс көріп, түсінде жаман іс көріп, арабтың жылқысы парсының түйесін жеңіпті. Таң ата сәуегейлер патшаға:

– Арабия жақтан алапат қауіп тууы мүмкін, — деп ескертіпті. Түнде жұлдыздардың оты бір сәтте өшіп, барлық тас пұттар құлаған екен. Жын-пе- рілер адамды азғырудан жаңылып, оларды періштелер тым-тырақай қуыпты. Ібіліс сол түні шарасыз халге түсіпті. Әмина ананың көңіл көзі күншығыс, күнбатыстың бәрін көріпті. Перзентіне қараса, ол сәждеге бас қойып:

– Үмбетімнің күнәсін кеше көр, — деп дұға етіп жатады. Әмина түсінбей қалыпты. Сол кезде көктен Жебірейіл, Мәкәйіл, Ысрапыл атты үш періште түседі. Бірінің қолында күміс құман, бірінде зүміреттен (асыл тас) жасалған леген бар екен. Үшінші періштенің қолында пейіштің жібек матасы. Періштелер пайғамбарды легенге отырғызады. Ысрапыл құманмен су құйып шомыл- дырады. Жебірейіл асыл жібектен жасалған матаға пайғамбарды құндақтап орапты. Әмина анамызға:

– Әмина, қорықпа. Ұлың Алланың сүйікті досы, ақырдың елшісі Мұхаммет дүниеге келді. Пайғамбардың тәні жалаңаш болмауы үшін Алла бізді оның мүбәрәк денесін құндақтауға жіберді, — дейді.

Періштелер Әмина анамызға жас нәрестені қалай дұрыс құндақтау керегін үйретіпті. Осыдан бастап дүниеге келген балаларды құндақтау тәртібі дәстүрге еніпті.

 

 Қалжа беру

Шиш пайғамбар (а.с) дүниеге келгенде Адам ата мен Хауа ана қатты қуанады. Көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын айтады. Жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты. Себебі, ақырдың абзал пайғамбары Мұхамметтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) нұры Шиш пайғамбардың беліне көшкен еді. Жебірейіл періште Адамға келіп:

– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, — дейді.

Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Екі омырауынан құнарлы сүт ағады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атапты. Енді бір аңыздарда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген» деп те айтылды.

 

 Балаға ит  көйлек кигізу

Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Бұл киімнің атын «ит көйлек» немесе «ит жейде» деп атаған. Киімнің бұлай аталуы жайында мынадай қызық аңыз бар.

Тәңірі тағала адамның мүсінін жасағанда оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты. Адам ата жаралған соң оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:

– Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! — деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.

Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты.

Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болыпты. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған екен. Жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты. Ит көйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан жасайды. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басы сыятындай етіп тік тілік жасайды.

Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының ит жейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «көйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған. Баласы жоқ әйелдерге ит көйлекті ырым етіп береді.

 «Салт-дәстүр сөйлейді» отбасы хрестоматиясынан.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика