Шардаралықтар шөлдемейтін болады

«Шардара сервис» коммуналдық кәсіпорнының директоры Құрманғазы АКБАРОВ осылай деп отыр.

Өткен жылғы қуаңшылықтың салдары баршаға аян. Жауын-шашынның аз болуынан Шардара су қоймасында су көп тартылып кетті. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындар үшін ауыз су тапшылығы қиындығын туғызды. Биыл жағдай қалай болады? Аудан басшылары мен осы салаға жауапты мекеме басшылары төтенше жағдайдың алдын алу амалдарын қарастырып жатыр ма? Осы сұраққа жауап табу үшін біз «Шардара сервис» коммуналдық кәсіпорнының директорын әңгімеге тарттық.

Құрманғазы Тұрсынәліұлы, өткен жылғы қиындық биыл тағы қайталанбас үшін қандай нақты шаралар қолға алынуда?

Өткен жылы бүкіл елімізде қуаңшылық болуына байланысты Шардара су қоймасында су көлемі күрт төмендеп, қиындық туындағаны рас. Биыл көктем жаңбырлы болды. Соның нәтижесінде қазір су қоймасында қажетті 5 миллиард текше метр су жиналып тұр. Дегенмен, алдағы ауа райының қандай болатынын білмейміз. Былтырғыдай қиындық қайталанбас үшін «қуаңшылық жағдайында не істейміз» деген сауал төңірегінде жоспар құрдық. Төлеби, Түгелбаев көшелері мен Жаңа құрылыс мөлтекауданынан ұңғымалар қазып, қаланы үш бөлікке бөлу арқылы жер асты суымен қамтамасыз етеміз деген тоқтамға келдік.

Қазір қалада су қанша сағат беріледі және оның сапасы қандай?

Су тәулік бойы берілуде. Шардаралықтарды тіршілік нәрімен қамтудағы ерекшелік – ауыз су ашық айдындағы қоймадан алынатын болғандықтан, көктем кезінде сапа өте жоғары болады. Себебі қойма барынша суға толып тұрады. Су көлемі азаятын тамыз, қыркүйек айларында сапа да төмендейді. Осы кезде залалсыздандыру жұмыстарын күшейтіп, ұдайы тазартып отырамыз.

Жалпы, Шардара қаласы бойынша тәулігіне 7-8 мың текше метрдей су қажет. Жаңа айтып өткен ұңғымалардың әрқайсысы шамамен 1,5-2 мың текше метрге дейін су бере алады. Сонда біздің есебіміз бойынша үш ұңғымадан 6 мың текше метрдей су алатын болсақ, тұтынушылардың негізгі бөлігін жер асты суымен қамтамасыз етуге болады деген үміт бар.

Жер асты су қоймасы табылған Тама-Тастанбектен су тарту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр және ол қашан іске қосылады деп жоспарлануда?

Тама-Тастанбектен су тарту шардаралықтардың басты арманы десек те болады. Жер асты қойма суын қалаға жеткізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Дәлірек айтқанда, сметалық құжат жасалып, мемлекеттік экспертизаға өткізілген. Экспертизадан сәтті өткен жағдайда су тарту жұмыстары басталады деп ойлаймын. Әрине, бұл шаруа бір жылда бітпейді, келесі жылға өтпелі болуы мүмкін. Өйткені, жер асты қоймасы қаладан 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Дегенмен, бұл өте сәтті жоба деп айта аламын. Себебі, қойма орналасқан жерде ешқандай өндіріс орындары, егістік алқаптары жоқ. Таза жайылымдық жер саналады. Сол себепті, жер асты суы да таза, сапалы болады деп күтілуде. Бұл жоба аудан мен облыс әкімінің назарында тұр.

Қойманың жалпы су қорына барлау жасалған. Алдағы 50 жылға толыққанды жеткілікті. Одан кейін қайта барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Гидрогеологтардың зерттеу нәтижесіне сенсек, мұндағы жер асты су қоры бай деген болжам бар.

Бұл жоба іске асқан жағдайда Шардара су қоймасындағы су жер астымен сол жаққа ағып кетпей ме деген қауіп бар екен…

Бұл қауесет әңгіме. Себебі жер асты суының жоғарғы, ортаңғы және төменгі үш деңгейі болады. Олар бір-бірімен қосылмайды. Ал Шарада су қоймасы мен жер астындағы судың байланысы жоқ. Сол себепті мұндай қауіп сезілмейді.

Қалада суды тұтынушылар саны қанша?

Шардара қаласы бойынша бүгінгі таңда 8 мың жеке абонентке қызмет көрсетеміз. Одан бөлек заңды тұлғалар, мекемелер, кәсіпорындар бар. Осы тұтынушылардың барлығының пайдаланатын су мөлшері жаз мезгілінде тәулігіне 8 мың текше метрге дейін жетеді.

– Ал бағасы қанша?

Бүкіл елімізде ағын судың құнын көтерді, ал ауыз судың тарифінде өзгеріс жоқ. Солай болса да бағасы ең төмен ауыз су Шардарада деп айтуға болады. Жеке абоненттер тұтынған бір текше метр тіршілік нәрі үшін бар болғаны 30 теңге төлейді.

– Су есептегіш құралдарымен толыққанды қамтамасыз етілген бе?

– Бұл біз үшін өзекті мәселе болып тұр. Қазіргі уақытта тұтынушылар арасында су есептегіш құралын қолданбайындар да бар. Нақтырақ айтқанда, жалпы тұтынушылардың 35 пайызында су есептегіш құралдары орнатылмаған. Әрине, біз оларға есептегіш құралдарын қоюды міндеттей алмаймыз. Дегенмен, ысырапқа жол бермес үшін тұтынушылдардың барлығын су есептегіш құралдарымен қамтығанымыз жөн. Сонда әркім өзі пайдаланған суы үшін ғана төлемақы төлейді. Ысырапқа да жол берілмейді деп ойлаймын. Осы мақсатта қазір су есептегіш құралдарын орнату бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл екі жақты тиімді қадам болмақ.

Монополияға қарсы күрес мекемесінің есебі бар. Есептегіш қондырғы орнатқандар текше метр су үшін 30 теңгеден төлесе, қалғандары отбасылық құрамының анықтамасын өткізуі керек. Соған қарап тұтынушы отбасындағы әр жан басына айына 250 теңгеден төлейді және адам басына тәулігіне 120 литрден артық су пайдалануына шектеу қойылған.

Тұтынған тіршілік нәрі үшін төлем жасамайтындар бар ма?

– Көпшілік болғасын арасында су ақысын төлемей жүріп алатындар да кездеседі. Бірақ оларға шара көру біз үшін қиынға соғады. Мәселен, жарық ақысын төлемеген абонетті желіден оңай ажыратып тастауға болады. Тіпті, төлем жасалмаған жағдайда жылудан да ажыратылады. Ал судан қалай ажыратамыз? Су – тіршілік нәрі есептеледі. Сол себепті оны ажыратуға болмайды. Алайда, осы жақсылықты түсінбейтіндер де бар. Жалпы алғанда, су есептегіші бола тұра төлемақыны 3 ай бойы жүргізбеген жағдайда ол абонент су есептегіші жоқтардың қатарына өтіп кетеді. Бұл кезде көбірек шығын шығаруға тура келеді. Ал төлемақыны мүлдем төлегісі келмейтін тұтынушылардың қарызын қайтаруда заң аясында сот орындаушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр боламыз.

Көшедегі құдықша қақпақтарының жоғалуы жиілепті. Бұл судың сапасына кері әсер етуімен қатар адамдардың онда құлап кету қаупі бар. Қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

Ия құдықша қақпақтарын ұрлау фактілері кездеседі. Темір сынықтарын қабылдау пункттері ашылғалы қақпақтарды ұрлау көбейді. Бұл жайында жергілікті полицияға ұдайы хабар береміз. Бірақ, іздестіру амалдары қолға алынғанымен, ұры ұсталатын емес. Биылдың өзінде қала бойынша қолды болған 90 қақпақты ауыстырып шықтық. Ұрылармен күрес полицияның қызметі деп қарап отырмай, мәселені оңтайлы шешудің жолдарын қарастырудамыз. Қазір технологиялар дамыған заман ғой. Алдағы уақытта шойын қақпақтарды полиэтилен қақпақтармен алмастырамыз деген жоспар бар.

Уақыт бөліп, көпшілік көкейіндегі сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін алғыс айтамыз.

Сұхбаттасқан Ұ. ТӘМЕНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған