Жетімнің ақысына ауыз салғаны ма?

  Сайрам ауданының оқушылары неге ыстық тамақ ішпей жүр?

Біз ата-аналардың өтініші бойынша Сайрам ауданындағы бірнеше мектепке барып, ыстық тамақ мәселесін сұрастырып көрдік. Алдын ала келісіп алғандай, асхана қызметкерлері бір ауыздан: «Тендер ойналып, жеңімпаз анықталса ыстық тамақ беріледі», – дегенді алға тартады.

Тендерді ұйымдастыруға кедергі болатындай қазір оқу жылының немесе жылдың басы емес. Ал ыстық тамақ – күте тұратын құрылыс жұмыстары (бізде сақалды құрылыс «дәстүрге» айналды емес пе) емес. Әлі күнге бұл мәселенің шешімін таппай отырғанын түсінбедік. Әлде «көкелер тендерді өзара бөлісе алмай» жүр ме? Сонда «көкелер тендерді бөлісе алмайды» екен деп, тұрмысы төмен отбасының балалары, жетім, жартылай жетім балалар мектепте аш құрсақ жүруі керек пе? Өкінішке қарай, ыстық тамақтың берілмеуі бір күн немесе аптаға емес, айларға созылып барады. Бұлай жалғаса берсе оқушылар оқу жылы аяқталғанға дейін ыстық тамақсыз қалмасына кім кепіл? Одан кейінгі тендердің ойнатылғаны кімге керек?  Жалпы, балалардың осынша уақыт тамақсыз жүргеніне Сайрам ауданында жауап беретін лауазымды тұлға бар ма?

12 сәуір күні Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков барлық бөлім басшыларын, ауданның прокуроры мен бас полицейін ертіп, Қарамұрт ауылдық округіне барды. Мақсат – тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтаждықтарына құлақ асу, одан кейін жеке кездесуде олар тарапынан айтылған талап-тілектерді тыңдау. Кездесу басталмай тұрып, Қарамұрт ауылындағы С.Киров атындағы мектептің асхана қызметкерлерінен ыстық тамақ мәселесін сұрағанымызда, олар да тендердің аяқталмай жатқанын айтты. Яғни, жеңімпаз анықталмай жатса керек. Біздегі қалыптасқан әдет бойынша тендер өткеннен кейін жеңілген тарап сотқа шағым түсіреді де жеңімпаздың анықталу уақыты созыла береді. Сайрам ауданында да оқушыларға ыстық тамақтың берілмей келе жатқанының құпиясы осында болса керек.

Аймақ басшысының тұрғындармен кездесуіне аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлжан Сапарбеков те келді. Былайғы күндері сөйлесуге уақыт таппайтын, телефон тұтқасын көтермейтін, көтере қалса әдепсіздік танытып, тұтқаны тастай салатын Ә.Сапарбековтың осы жиынға қатысып отырғанын пайдаланып, көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге жауап алуға тырыстық. Жиналыс ортадан ауып, жергілікті тұрғындардың бірсыпырасы сұрақтарын қойып болғанда үнтаяқты алып, балалардың неге ыстық тамақтан құр қалып жүргенінің себебін сұрадық. Ел арасында «бұл келеңсіздіктің астарында асқа бөлінген ақшаны лауазымды адамдар өзара бөлісіп алуы мүмкін» деген сөздің желдей есіп жүргенін де есіне салып, осыған байланысты айтар уәжін де білгіміз келді. Шамасы Ә. Сапарбеков уақытша басшы болғандықтан бұл мәселеге қатты көңіл бөлмеген бе, әлде қарамағындағылар дұрыс мәлімет бермеді ме, әйтеуір оның жауабы қалыптасқан шынайы жағдайдан мүлдем ауытқып кетті. Сөзбе сөз келтірер болсақ, Ә.Сапарбеков: «Ыстық тамақ мәселесі, бұл жерде ешқандай ақша үнемделмейді. Себебі әр балаға күндігіне бөліп қарастырылған тендер жүріп, жеңімпаз анықталғанша былтырғы жылғы жасалған келісім шарт негізінде өнім берушілер әрі қарай тамақтандыруды жалғастырып кете береді. Оның барлығы қазіргі кезде жүріп жатыр. Бұрынғы мердігерлермен келісім шарт ұзартылған. Олар тамақтандыра береді. Ақшаларын біз қосымша есептеп береміз. Мен жаңа ғана айттым ғой, олардың барлығымен келісім шарт ұзартылған», – деп біздің сөзімізді теріске шығарғысы келді. Аудан әкімі Ұ.Сәдібековтың: «Әлжан сен білмеуің мүмкін ғой, айтып отырғаны дұрыс. Нақты айтты ғой. Бұл өтірік емес. Соны анықтаңдар. Беріліп жатқан жоқ. Осындайдан кейін халық қалай сенеді?» – дегеннен кейін ғана Ә.Сапарбеков сабасына түсіп,  «мәселе нақты анықтауға жатады», – деп басын изеді.

Ә.Сапарбековтың берген жауабынан байқағанымыз, ол мектептердегі бүгінгі нақты жағдайдан бейхабар секілді. Иә, біз Сайрам ауданындағы барлық білім ұяларын аралап көргеніміз жоқ, бірақ, біз бас сұққан бірнеше мектептің барлығында ыстық тамақ беріліп жатқан жоқ. Сонда ауданның бас ұстазы «Бұрынғы мердігерлермен келісім шарт ұзартылған. Олар тамақтандыра береді. Ақшаларын біз қосымша есептеп береміз» дегенді қандай негізге сүйеніп айтты? Егер ол айтқандай «ыстық тамаққа қаржы бөлініп жатса» ол ақша қайда кетуде? Оның жауапкершілігі кімде? Мәселе халықтың ортақ қазынасы, жетім-жесірлердің несібесі төңірегінде болып жатқанда мұндай екі дүниеде де жауапты дүниеге осыншалықты селқос қарауға болады ма? Мұның зардабы орасан емес пе?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған