Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Шымкентте «белгісіз вирус» таралуда ма?

Шымкентте «белгісіз вирус» таралуда ма?

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «Неизвестный вирус поражает жителей Шымкента» деген ақпарат желдей есіп, таралуда.  Мәселенің мән-жайын білу үшін Шымкент қаласының санитариялық -эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласқан едік.
–Шымкент қаласында ешқандай да күдік келтірерлік, ел арасында тарап жатқан атаумен айтсақ «белгісіз вирус» тіркелген жоқ. Бұл маусымдық жіті респираторлы вирустық инфекцияның (ЖРВИ) бір түрі. Сондықтан, қала халқына негізсіз алаңдауға себеп жоқ.
Тұмау мен ЖРВИ – ең кең тараған барлық жұқпалы аурулардың 90%-ын құрайтын тыныс алу жолдарын зақымдаумен жүретін аурулар тобы. Бүкіл әлем бойынша жыл сайын әрбір үшінші адам ЖРВИ-мен ауырады.
Қала бойынша өткен жылдармен салыстырғанда ЖРВИ аурушаңдығының біршама өсуі байқалғанымен, қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақталған, – дейді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев.
Айта кету керек, Шымкент қаласында 2021 жылғы 1 қазаннан бастап ЖРВИ-дің 180783 жағдайы тіркелген екен. 2019-2020 жылдардағы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда ауру бір деңгейде. «Бүкіл республика бойынша Шымкент қаласында сырқаттанушылықтың өсуі эпидемиологиялық кезеңнің басына келеді (2021 жылдың қазанынан 2022 жылдың қаңтарына дейін), осы кезеңде айына 52 мыңға дейін ЖРВИ-мен ауыратын науқастар тіркелген, наурызда ауру 2,6 есе төмендеген, сәуірде аурушаңдық наурыз айымен бір деңгейде.
Сондай-ақ, бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету мекемелерінде ЖРВИ шағымымен көп жүгіну жағдайы жоқ.
2022 жылдың ағымдағы мерзімінде тұмау ауруы тіркелмеген» дейді санитар-эпидемиолог мамандар
ЖРВИ мен тұмау ауруларының бастапқы кезеңінде науқаста мұрын мен тамақтың жыбырлауы, әлсіздік, дімкәстік байқалып, дененің қызуы 39ᵒС-қа дейін көтеріледі. Сонымен қатар, келесі айқын белгілер байқалады:
– бас ауруы, қалтырау;
– жұтынғанда тамақтың ауырсынуы, жөтел (көбінесе құрғақ);
– мұрынның ағуы, бітелуі;
– әлсіздену, ұйқышылдық;
– бүкіл денеде ауырсыну, буын мен бұлшықеттердің қақсауы;
– дененің улану симптомы.
Тұмаумен және ЖРВИ-мен ауырмау үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды: ол үшін дұрыс ұйқы, дәрумендер мен микроэлементтерге бай салауатты тамақтану, физикалық белсенділік, дене шынықтыру және спорт, серуендеу және ашық ауада демалу қажет. Тұмаудан қорғау және басқаларға жұқтырмау үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет:
– тұмауға қарсы дер кезінде егілу;
– суық тию белгілері бар адамдармен қатынастан аулақ болу;
– адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көлікте болу уақытын қысқарту;
– медициналық маска кию, түшкіргенде ауызды беторамалмен немесе шынтақпен бүркеу;
– тұмау және ЖРВИ белгілерін сезінгенде үйде оқшауланып, ауруды таратпау мақсатында медициналық көмекті үйге шақырту;
– қолды сабынмен үнемі және мұқият жуу немесе қолды өңдеуге арналған спиртті құралмен сүрту;
– үй-жайларды ылғалды жинау, желдету және ауаны ылғалдандыру.
Шымкент қаласында халық арасындағы тұмау және ЖРВИ аурушаңдықтарының эпидемиологиялық ахуалы бақылауда.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика