Бесік Айырқалпақ Айдаһар бидің заманында дүниеге келген деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғайды екен.
Қара қытайлар Сарыарқаның кеңдігіне қызығып, жиі шабуыл жасап отырады. Біраң Мизам бабқа шамасы жетпей, үнемі жеңіліс табады екен. Мизам баб ағаш егуді, бау-бақша жасауды кәсіп етеді. Жұрт «ағаштың пірі – Мизам баб» деп атайды. Аңызда Жетісу мен Алтай өңіріндегі ну орман Мизам бабтың еккен ағашынан шыққан деседі. Ол жүз елу жыл жасап қайтыс болыпты.
Бабтың дүниеден қайтқанын естіген қытайлар бір күнде келіп, оның орманын өртеп жібереді. Бұл кезде Мизамның баласы Айдаһар алыста жүр екен. Әкесі түсінде аян беріп: «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді»,
- дейді. Айдаһар би ертесіне жетіп келеді. Орман түгелімен жанып кетіпті. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары ғана оттан аман қалған екен. Айдаһар әкесіне Құран бағыштап, қисық ағаштарды өзімен бірге ала кетеді.
Бір күні Айдаһардың сәбиі уанбай, жылай беріпті. Әйелі екеуі не істерін білмей қиналады. Емші-тәуіптерді жағаласа да баласы жұбанбайды. Би қатты сасады. Қызының жылағанына шыдай алмай, далаға шығып кетеді де Құдайдан медет тілейді. Бір уақытта қызының дыбысы шықпай қалады. «Бір нәрсе болды ма екен» деп үйге жүгіріп келсе, қызының жанында ақ киімді бір кісі отырады. Ол жанбай қалған тобылғының қисық бұтағына бөпені салып тербетіп отыр екен. Айдаһар жақындағанда көзден ғайып болады. Би мұны «Құдайдан келген ишарат» деп түсінеді. Түнімен қисық ағаштарды құрастырып отырып, бесікті жасап шығады. Сәбиін соған салғанда ол жұбанып, тәтті ұйқының құшағында тербелген екен.
Бесіктің пайда болуы аңызда осылай баяндалады. Бесік ең алғаш тобылғыдан жасалғандықтан, ол қасиетті ағаштардың біріне айналыпты. Одан бесік, қамшы, ыдыс-аяқтар жасапты. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін шыға бастаған екен. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды.
Бос бесікті тербетпе
Бос тұрған бесікке Ібіліс баласын салып қояды екен. Бос бесікті тербеткен шайтанның баласын тербеткенмен бірдей. Сондықтан «бос бесікті тербетпе» деп тыйым етеді. Ібілістің баласы бос бесікте жасырынып жатады екен. Сәбиді бөлер кезде отпен аластамаса, жасырынып жатқан шайтан баланың ішінен нұқи береді. Содан сәбидің іші ауырады. Мазасы қашады. Сондықтан бөпені бесікке бөлерде аршамен, адыраспанмен, болмаса жеті шырпымен аластаған жөн деген дәстүр шығыпты.
Бесік жыры
Діни аңыздарда бесік жырын ең алғаш орындаған Хауа ана деп айтылады. Бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла», — деп, Алланың атын әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген Хауаның бөбектері жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: Маған да үйретіңдер, — деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті. Кейін Хауа ана өзінің барлық баласын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі.
Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы «Алла- наме», «Әлдинаме» деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген нақыл сөз содан қалған дейді.
«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасы христоматиясынан.