Ұстаздар мектеп басқарудан неге қаша бастады?
Осы кезге дейін талайдың түсіне кіріп, талайдың арманына айналған директорлық қызмет – биік лауазым ғана емес, асқақ абырой да саналып келді. Қаржылық тұрғысынан да тиімді болды. Әсіресе, мектеп басқарудың орны бөлек-тін. Қазір де бұл лауазым беделсіз емес, дегенмен, оған қызықпайтындар, керісінше, бойын аулақ ұстағысы келетіндер көп. Неге?
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын Атыраудағы жайтқа тоқтала кетейік. Атырау облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәз Сүлейменованың мәліметіне сүйенер болсақ, облыста 57 мектеп пен балабақша директорсыз отыр екен. Бүгінде олардың міндетін уақытша орынбасарлар атқаруда. Мұндай дерек біздің облысқа да тән. Мәселен, Отырар, Ордабасы, Сайрам, Келес және басқа да аудандар мен Шымкент қаласында басшысыз отырған мектеп ұжымдары бар. Тіпті, кейбір білім ұясына директор тағайындалмағанына бірнеше жыл болған. Конкурс жарияланғанымен жеңімпаз анықталмайды. Айталық, Шымкенттегі С.Бекбосынов атындағы мектепте директордың орны бос, оның міндетін атқаруға ешкім қызығушылық танытпайды, керісінше құлықсыз. Әйтеуір директорлық лауазым эстафета секілді бірінің қолынан біріне өтіп, қадірсіз күйге түскен. Мұндай бекітілген басшысы жоқ мектепте темірдей тәртіп, сапалы білім болуы мүмкін бе? Әрине жоқ. Бұл қаншама оқушының болашағына балта шабумен тең емес пе? Сол себепті мұндай маңызды мәселеге жеңіл-желпі, немқұрайды қарауға болмайды. Ал енді мектеп директоры болуға үміткерлер неге құлықсыз деген сұраққа жауапты өздерінен сұраған едік.
Тағабек ӘЛІПБАЕВ, Шардара қаласындағы №12 мектептің байырғы директоры: – Менің қазір мектептен кеткеніме 2 жылдан асып барады. Әріптестерден сұрап отырамын ғой, бұрынғы тексеру тексеру ме, қазір тіпті көбейіп кеткенге ұқсайды. Санитарлық эпидемиологиялық орталық тексеріп бір келеді, олар кеткен соң өрт қауіпсіздігін көреміз деп төтеншеліктер есік қағады. Артынша террорлық әрекеттердің алдын алу, оған қарсы дайындық талаптарын бақылауымыз қажет деп полиция қара көрсетеді. Бәрі жәй келмейді, айыппұл салатынын айтып, қорқытып келеді. Жасырудың қажеті жоқ, ауылдағы ешбір мектепте ол талаптар орындала бермейді және оған мүмкіндік те жоқ. Себебі білім ордаларының көпшілігі өткен ғасырда негізі қаланғандар.
Мұны бір деңіз. Екіншіден, директорлардың жалақысы төмен – 250 мың теңге. Қазіргі кезде бұл қарапайым мұғалімдердің жалақысынан әлдеқайда төмен. Есесіне, жауапкершілігі жоғары. Мұндай жалақы алып, үлкен жауапкершілікті арқалағанша қатардағы мұғалім болып, өз сабағыңды беріп, дау-дамайдан алшақ жүрген әлдеқайда тиімді.
Марат БАЙЫРОВ, «Достық» мектебінің директоры, Шардара ауданы: – 25 жылдан бері білім саласында қызмет етсем, оның 13 жылында екі мектепті басқардым. Бір адамдай қызмет етудемін деп ойлаймын. Дегенмен, көп нәрсеге көзім жетті. Тексеру келсе болды таяқ тікелей директорға тиеді. Өткенде СЭС 335 мың теңге айыппұл салып кетті. Оны бір апта ішінде төлемесек, 670 мың теңгеге өседі. Төтеншеліктер толтырған хаттама бойынша 400 мың айыппұл төлеу керек. Бұдан басқа да тексерушілердің түрі көп. Ауыл мектебі директорының жалақысы 252 мың теңге, оны айыппұлға жұмсаймыз ба, бала-шағаға ма? Салынған айыппұлды төлемесең, есеп-шотың жабылып, мұғалімдер жалақы ала алмай, басыңа қара бұлт төнеді. Төлесең, «ақшаны қайдан алдың» деп алқымнан алатындар табылады. Мұғалімдерден ақша жинады деген күдік көйлеңкеңе ұқсап артыңнан қалмайды. Мұндайда прокуратура да тықақтап түбіртекті сұрап тұрып алады. Былайша қарағанда айыппұлды төлесең де, төлемесең де жазықтының қатарындасың. Ал ұжымның бірлік-берекесін сақтап қалу үшін кім көрінгенге көз сүзіп, демеушілерді жағалап жүрген директорлар да жоқ емес.
Директордың тексерушілерден басқа бас қатырар мәселесі жетерлік. Мәселен, мұғалімдерге сағат жетпей қалса да, оқушылардың арасында бір келеңсіз жағдай орын алса да кінәлі директор. Бүйтіп директор болғаннан жай мұғалім болған жақсы. Дәл менің еңбек өтіліммен, яғни жоғары санатыммен бір ставка сабақ алсам, 400 мыңдай жалақы алып отырамын. Үйден шығып сабаққа, сабақтан шығып үйге қайтасың. Артық шығын жоқ. Ал басшының шығыны көп. Директордың жалақысын көтеру жайында қанша айтылғанымен, нәтиже жоқ. Мұғалімнің 400-500 мың теңге жалақы алып, директордың 250 мың теңгені қанағат тұтатыны парадокс емес пе?! Жағдай осылай жалғаса берер болса, еліміздегі мектеп атаулы басшысыз қалмасына кім кепіл?
Жуырда тұрғындардан ауыл әкімі лауазымына сайлауға түссеңіз қайтеді деген ұсыныс болды. Келісіп, үміткер ретінде тіркелдім. Әкімдік саласы да маған жат емес, бұрын апаратта қызмет атқарғанмын. Әкімнің негізгі міндеті – халық пен билік арасына алтын көпір бола білу, елдің мұң-мұқтажының шешілуіне қол ұшын созу. Жауапкершілігі де мектеп директорының қасында аз. Ұжымда екі адам ерегісіп, жаға жыртысса оған әкім жауапты емес. Тиісті орган қызметкерлеріне хабарлайсың, әрі қарайғы жұмысты өздері жүргізеді. Ал мектептегі оқушылар төбелесіп қалса ше? Бір сөзбен айтқанда, халық сенім артып жатса, әкім болуға бағымды сынап көрмекпін.
Иә, мектептегі бұл мәселе жоғарыдағыларды ойландыруы тиіс. Жүйені жүйелеп, директорларға дұрыс қолдау көрсетілмесе, оқушылдардың білімі мен тәрбиесі бүгінгіден де құлдырайтыны анық. Кейіпкерлеріміздің сөзінен ұққанымыз осы болды. Ал, білім мен тәрбие сапасы құлдыраса, болашағымыздың қандай боларын елестету де қиын емес.
Ұлықбек ҮМБЕТ.