Әлеуметтік желіде әріптестеріміздің бірі Отырар мен Арыс аудандары арасындағы далалы алқапта кеуректің тамырын бір топ тәжікстандық азаматтар қазып алып жатқаны туралы ақпарат жариялаған болатын.
Айта кету керек, бұл өсімдіктің дәрілік қасиеті мол. Тамырымен қазылып алынғандықтан келесі жол бұл өсімдік қайта өспейді. Бұл табиғатқа келтіріп отырған зауал.
Әріптесіміз көтерген мәселеге орай Арыс қаласы әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, олар оқиға орнына барған. Расымен де Тәжікстан республикасының азаматтары топтасып, кеурек қазып жүргені анықталған. Бірақ, бұл аймақ Отырар ауданының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жері болып шыққан. Арнайы топ құрамында келген құқық қорғау органының өкілдері заңсыз жұмысқа жегілген азаматтар мен олардың дәлел, дәйекті заттарын Отырар аудандық полиция бөлімінің қыметкерлеріне тапсырды.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мамандарға, ауылдық округ әкімдеріне ауыл-аймақты бақылауда ұстау керектігін тапсырды. Арыс қаласы аумағындағы дәрілік өсімдіктерді қорғау қатаң бақылауда.