Тек егіз туатын келіншек

Сайрам ауданында тұратын 33 жастағы Дильфуза Мырзақұлованың 7 баласы бар. Жұбайы Рүстем екеуінің басыбайлы баспанасы жоқ. Туыстарының үйін жалға алып тұруда. Десек те айтайын дегеніміз, бұл отбасының балалары кілең егіз.

Үш рет босанған Дильфуза алғаш рет 2009 жылы дүниеге Фатима мен Зухра есімді егіз қызды әкеледі. Ал, 2015 жылы Разия, Рабия, Раянаны туған. Былтыр Хасан мен Хусан келді дүниеге. Осылайша бүгінде бұл отбасыда 5 қыз, 2 ұл өсіп келеді.

Қазір Дильфуза ауылдық амбулаторияда медбике болып қызмет атқарады. Күйеуі Рүстемнің тұрақты жұмысы жоқ. Көп балалы ананың айтуынша ұл-қызының бәрінің де туған күні 8-і.

– Баршасы айдың 8-інде дүниеге келген. Мәселен, алғашқы егіз мамырдың 8-інде туса, үшем шілденің 8 күні дүние есігін ашты. Ал, екі ұл 8 қарашада өмірге келді. Бәрі де аман-есен өсіп келе жатыр. Тек бір қызымның ғана денсаулығында кішкене кінәрат бар. Жалпы, жағдайымыз жақсы, – дейді ол.  Тұңғыштары 6-сыныпта оқып жүр. Ал, үшем даярлық тобында екен.  Кішкентай егіз ұл 5 айға толды.

– Мектепке барған кезінде ұстаздарының шатастыратынын айтып келетін. Қазір барлығы танып алды. Көздері үйренді. Өзім де кей кезде аттарын ауыстырып ала беретінмін. Мен де үйрендім, – дейді Дильфуза.

Бүгінде көпбалалы отбасы туыстарының уақытша бос тұрған баспанасын жалдап тұруда. Тұрғын үй салып алу үшін жер кезегіне тұрған. «Мүмкіндік болса, осы тұрып жатқан үйімізді сатып алсақ деп жоспарлап отырмыз» – дейді Дильфуза Мырзақұлова.

Қайрат Зайнишев

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған