2022 жылғы бюджетті нақтылау бойынша заң жобасын әзірлеу кезінде республикалық бюджеттік комиссия тарапынан 1 триллион теңгеден астам шығындарға қолдау жасалмапты. Өйткені ол қажет емес мақсаттарға бағытталған екен, яғни тиімсіз шығын. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осылай деді.
Мәжіліс депутаты Юрий Ли атап көрсеткендей, мәселен, Индустрия министрлігі 800 млн теңгені Иннопром халықаралық көрмесіне қатысу үшін және ақпараттық-сараптаға әрі консультациялық қызметтерге қарастырса, Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік, талдамалық және консалтингтік қызметтерге 394 млн теңге жұмсамақ болған. Осы секілді мысалдар жетерлік. Сонда дейміз-ау, қазіргідей қиын кезеңде де ақшаны осылай оңды-солды шашу тоқтамай тұрғаны ма? Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын деген осы болар?!
Бәлкім, триллиондар министрлер үшін аса көп ақша емес шығар, бірақ, осы қаражатты әлеуеттің әлеуметтік тұрмысын түзеуге бағыттар болса, тиыннан теңге құрастыра алмай, қара нан мен қара шайға теңге таппай қиналып отырған қаншама отбасының қуанышына айналмас па еді? Алдағы уақытта да осындай бассыздыққа жол бермес үшін ел қазынасының жұмсалуына халық тарапынан бақылау жасайтын өкіл немесе комиссия құрылса екен. Қалай болғанда да «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаның» кебі келмеуі тиіс қой.
Нұр МЕКЕН