Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Созақ ауданындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы тарихи өлкетану музейінде талантты жерлесіміз, суретші, ұстаз Ақмарал Байғараеваның айлық сурет көрмесі ашылған болатын. Қылқалам шеберінің алғашқы көрмесі ауданның 90 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында «Мыңжылқы» мәдениет сарайында өткізілген-ді. Облыс әкімі, аудан басшылары да осы қылқалам шеберінің айшықты өнерімен көзбе көз, жақын танысқан болатын.
Ақмаралдың салған суреттері әрбір өнер сүйер жанды табиғат, ана, сұлулық арқылы әсемдік пен үйлесімге толы қиял-ғажайыптарға жетелей жөнеледі. Араға ай салып, өткен аптада С.Қожанов музейінде қылқалам шеберінің көрмесінің қорытынды шарасы ұйымдастырылды. Музей қызметкерлері, мектеп оқушылары, Ақмаралдың әріптестері қатысқан шара тартымды өтті.
Ауданымызда осы күні көзі тірі, мақтаныш көретін бірде бір Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі жоқ екен. Әйтпесе Ғылым Маймақов, Айбек Дүкенбаев, Сәрсен Көлшікбаев, Ақәділ Атаханов, марқұмдар Мәмбет Уәли мен Ғасыр Әмет сияқты Созақ сурет өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған, қалдырып жүрген өнерлі суретшілер баршылық. Алайда одақ мүшелігіне қабылданбауы көңілді алаңдатады. Жалпы, бұл мәселені біле жүрсін деп, осы өнер адамдарын қолдайтын, басын қосып, жанашырлық танытатын Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестік пен мәдениет бөлімінің басшыларына құлаққағыс етемін.
Шара барысында музей басшыларына Ақмарал Бейімбетқызының көрмесін жалғастырып, жоғарыда аттары аталған суретші, мүсінші, ағаш шеберлерінің көрмелерін өткізсе деген ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, марқұм болған азаматтардың олармен қызметтес болған әріптестері, ауыл әкімдігі жоқшысы болып табылса, Президентіміздің биылғы жылды «балалар жылы» деп жариялауына орай жас суретшілер көрмесі, жас шеберлер байқаулары өткізілсе деген ұсынысымды жеткіздім. Бізде талантты, өнерлі балалар жетерлік, солардың көзін аршып, қайнарын тазалауымыз керек. Ол үшін алдыңғы аға буын өнерлі жандардың еңбегіне қолдау жасау керек.
Олай дейтінім, қасиетті өнер деген ұлылықты өшіріп, өлтіріп алу оңай, ал тірілту, іздеп табу, қалыптастыру өте қиын. Бұрындары ауданда шығармашылық үйі деген болатын. Сол үй арқылы талай таланттар өнер өлкесіне қанат қақты. Жоғарыда аттары аталған өнерлі аға буындар сол үйден шыққан түлектер.
Айтулы шарада көрмеге қатысушылар қылқалам шеберіне жылы пікірлер мен ризашылық сезімдерін білдірді. Музей директоры Ниязәлі Дүйсенбеков ұжым атынан өнерпазға сый-сияпат жасаса, өз кезегінде Ақмарал Байғараева да музейге өзінің танымал туындысы – «Созақ үні» шығармасын тарту етті.
Қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген Ақмарал мектеп қабырғасында жүріп-ақ сурет салатын. Карандаштардың атын, түрін, оның түрлі сорттарын, техникалық стандарттарын жатқа білетін және қолдану ерекшеліктерін де ажырата алатын. Ал біз үшін оның бәрі бір «қара қалам» болатын. Түрлі этикеткаларды, конфеттің қағаздарын, газет-журнал қиындыларын дәптерінің арасына сақтап жүретін. Мектеп қабырғасында шығатын қабырға газетінің редколлегия мүшесі болды. Оқушы кезінде сол бір ғана балалық арманы ретінде суретшілікті таңдап, мектепті бітірді. Бойжетті, кейін жоғары оқу орнының көркем сурет факультетін бітірді. Әлі де сурет саласында отыз жылдан бері ұстаздық етіп келеді.
Ақмарал мамандығын мақтаныш тұтатын бақытты өнер иесі. Ендеше алдағы уақытта оның тәрбиесін көрген шәкірттер арасынан мықты мамандар шығуы заңдылық деп білеміз.
Мақсат Қарғабай, Созақ ауданы.