Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жарияланған «Сайрамдағы сауатсыздық мектептен бастау алып тұр» деген мақалада аты аталған аудандағы кейбір мектептерде сапаның сын көтермейтінін мәселе етіп көтерген едік. Әсіресе, көрнекі құралдардағы қате жазулар жайын жанайқай етіп жеткіздік. Бірақ неге екені белгісіз, бұл мәселеге қатысты аудандағы, облыстағы білім саласын басқарып отырған жауапты азаматтардан ләм-мим деген жауап немесе өздерін ақтап алар қарсы уәж айтылмады. Алайда, аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтың Қарамұрт ауылының тұрғындарымен кездесу барысында біз тарапымыздан айтылған сынды ауданның бас ұстазы мойындауға мәжбүр болды.
Біз Сайрам ауданының ғана емес, сонымен бірге Отырар, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарындағы көптеген мектептерді аралап көрдік. Сонда байқағанымыз, көрнекі құралдардағы қате жазулар бойынша Сайрам ауданы педагогтарының алдына ешбірі түсе алмайды екен. Бұл сайрамдық ұстаздардың сауат деңгейінің қаншалықты екенін көрсетсе керек. Мектептегі үлкен-үлкен көрнекі құралдардағы жазуды қатесіз жаза алмаған, оның қате екенін байқамаған ұстаздар балаға қаншалықты сапалы білім бере алады? Басқасын айтпағанда Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіп Баласағұн секілді ұлттың ұлы тұлғаларының есімдерін қатесіз жаза алмау – ұстаздар үшін сауатсыздықтың ең төмен сатысы емес пе? Олардың саяси сауатсыздығы жөнінде де көп әңгіме қозғауға болады. Әлі күнге дейін мемлекетіміздің Президентінің кім екенін білмеуі, білсе де немқұрайдылыққа салынып, жаңартпауы – саяси сауатсыздық па, әлде жауапсыздық па? Бәлкім, сайрамдық ұстаздар әлі де жаңа Президентті жатырқап, мойындағысы келмей ме екен? Жалақы алу үшін ғана жүрген сауатсыз ұстаз қоғам үшін, ел болашағы үшін қауіпті саналады.
Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Рас, бүгінде білікті ұстаздар аз емес. Өз еңбегімен облыс асып, Республикалық деңгейде дара шауып жүрген мұғалімдердің тәжірибесін көпке үлге етсек жарасады. Алайда, бұған марқайып, келеңсіздікке көз жұма қарауға да болмайды. Соңғы кезде мұғалімдер арасында жалқаулық пен салғырттықтың белең алғанын байқаймыз. Өзінің міндетін 40 минуттық сабақ өтумен ғана байланыстыратындар көбейді. Сол 40 минуттық сабақты өту үшін де терең дайындық қажет екеніне мұғалімдер мән бермей барады. Алдыңғы буын ұстаздардың «40 жылдық тәжірибең болса да 40 минуттық сабаққа тыңғылықты дайындық керек» деген даналық сөзі бүгінде архаизмге айналып барады. Өздігінен кітап, газет оқитын мұғалімдер азайған үстіне азаюда. Өзіндік ізденіс жоқ.
Мұндай келеңсіздік жоғары оқу орындарының оқытушыларына да «жұқпай» қалмады. Соның салдарынан мамандығының иісі мұрнына бармайтын шәкірттер тәрбиеленіп шығуда. Осыдан келіп сауатсыз ұстаз, біліксіз мамандардан аяқ алып жүру қиындап кетті. «Алматы Ресеймен шекаралас», «Күн жерді айналады» деп оқытатын мұғалімдердің сабақ беріп жүргені осыған дәлел емес пе?
Еліміздің ертеңін ойлайтын болсақ, бірінші кезекте ұстаздардың сауаттылығына баса мән берген дұрыс. Сауатсыз ұстаздан біліксіз шәкірт шығатыны дәлелдеуді қажет етпейді.
Ұлықбек ҮМБЕТ