Шардара ауданындағы «Ақ әжелер» ансамблiнiң құрылғанына 10 жыл толды. Осыған орай ансамбльдiң жетекшiсi Жарылқасын Iзбайқызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Жарылқасын Ізбайқызы, әңгімемізді ансамбльдің құрылу тарихы мен алға қойған мақсатынан бастасақ…
– Ансамбль құру идеясын бүгiнде оның белдi мүшелерi Гүлия Құралбаева мен Жаңылай Айдарова ұсынған едi. Бiрi – аудандағы №16 колледжде, ендi бiрi – «Шардара» мектеп-лицейiнде ұзақ жылдар бала тәрбиесiмен айналысып, құрметтi демалысқа шыққан ұлағатты ұстаздар.
«Халқым қандай десең, салтымды сынап бiл» дегендей, халқымыз салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа өте бай. Алайда бабалардан балаларға үлгi-өнеге болып келе жатқан ұлттық үрдiстердiң бүгiнде ұмытылып бара жатқаны ешкiмге жасырын емес. Ансамбльдiң мақсаты – сахнада ән салып қана қоймай, «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе», – деп заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов айтқандай салтымызды сақтап, дәстүрiмiздi дәрiптеп, келер ұрпаққа жеткiзу.
– Бүгінде ансамбльдің атағы аудан асып, облысқа жетті десек, артық айтқандық емес. Бұл жетістік қаншама жанашыр жандардың қолдау білдіруі мен қысылғанда қол ұшын созған демеушілігінің арқасы болса керек?
– Әрине, кез келген iстi бастарда iзгi ниеттi, кең пейiлдi адамдардың қолдауына зәрусiң. «Ақ әжелер» ансамблiнiң құрылып, аяғынан нық тұруына әуелi Алла, қала берді жоғарыда аттары аталған азаматтар себепшi болса, облыстан бiрнеше рет жүлделi орындар алып, жетiстiкке жетуiмiз аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң басшысы Шермұхаммед Қаппаров пен аудандық «Абай» мәдениет үйiнiң директоры болған Ұлжан Қойлиева, сазгер Ағабек Дөңбай, аудандық балалар саз мектебiнiң қызметкерлерi Ақтолқын Әбдиева мен Бақытжан Тұрсынбаев сияқты өнер десе iшкен асын жерге қоятын жандардың арқасы деп бiлемiн. Ал аудан әкiмi болған марқұм Қамытбек Айтөреевтiң есiмiн ерекше атап өткенiмiз жөн. Өйткенi ол ансамбль мүшелерiнiң киiм-кешек алуы үшiн аудандық бюджеттен 1 млн. теңге бөлдiрсе, аудандағы танымал тiгiншiлердiң бiрi де бiрегейi, он саусағынан өнер тамған Ақмарал Дауылбаева сахналық киiмдерiмiздi заманауи үлгiде көз тартатындай етiп тiгіп бердi. Сахнада тұрған әжелердiң жарасымды киiмiне талай жан таңғалған едi. Сол себепті де облыстық байқауларда жетiстiкке жетуiмiзге Ақмарал Шаншарқызының да қосқан өзiндiк үлесi бар деп айта аламыз.
– Ансамбльдің іргетасын қалап, елге танылуына атсалысқан алғашқы мүшелері туралы айтып берсеңіз.
– Алғаш құрылған кезде Мәрияш Ермекова, Жаңылай Айдарова, Гүлия Құралбаева, Аманкүл Оразбаева, Күлайша Бейсенова, Бидана және Сәрсенкүл Алтынбековалар, Анар Исаева және өзiмдi қосқанда тоғыз едiк. Бүгiнде қайта жасақталған ансамбль мүшелерi мыналар: Жаңылай Айдарова, Гүлия Құралбаева, Күлайша Бейсенова, Несiбелi Шаменова, Ақiлгек Мұсаева, Сәрсенкүл Алтынбекова.
– Ансамбль мүшелерінің арнайы музыкалық білімі бар ма?
– Әжелердiң арнайы музыкалық бiлiмi жоқ. Алланың берген табиғи әншiлiк қасиетi мен дарынының арқасында қазақтың алтыауызын айтып жүрміз. Ермекова Мәрияш қана Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институты жанындағы музыкалық колледждi 1969 жылы бiтiрiп, Отырар ауданында көп жылдар клуб меңгерушiсi қызметiн атқарған. Ал Құралбаева Гүлия – қоғамтану-тарих пәнiнiң, Жаңылай Айдарова – физика пәнiнiң мұғалiмi болса, Күлайша Бейсенова мен Анар Исаева – аудандық ауруханада медбике, Ақiлгек Мұсаева №16 колледжде ұстаз, Сәрсенкүл мен Бидана Алтынбековалардың бiрi – аспазшы, бiрi – үй шаруасында. Сол секілді Несiбелi Шаменова сауда саласында, өзiм Алматы қаласындағы политехникалық институтты есепшi мамандығы бойынша бiтiрiп, ұзақ жылдар астық қабылдау мекемесiнде есепшi қызметiн атқардым. Бұл күнде әжелердiң барлығы бейнетiнiң зейнетiн көрiп отырған зейнеткерлер.
– Өзіңізді көпшілік әнші ретінде жақсы таниды. Алайда ақындықтың да ауылынан алыс емес екеніңізді білі білсе, бірі біле бермейді. Байқау барысында өз өлеңдеріңізді қолданасыз ба?
– 2016 жылы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бiрлестiгi ОҚО филиалының ұйымдастыруымен облыстың 14 ауданы мен қаланың үш ұжымы қатысқан «Әже – ұлттың ұйытқысы» атты байқау өттi. Байқау барысында өзiмiздi өз қаламымнан туған өлеңiммен таныстырдым.
– «Өткен күн – сағыныш, келер күн – сағым», – деп сөз зергері Дулат Исабеков айтқандай қысылтаяңда бастан өткен, езуге еріксіз күлкі үйіретін қандай қызықты жәйттер болды?
– Жаңағы айтқан байқауда халқымыздың салт-дәстүрiнен көрiнiс көрсеттiк. Бас құда болуға ер кiсiнi қайдан табамыз деп тұрғанда, бiздi бастап барған аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Тәңiрбердi Ағманов пен Әбдiғаппар Айдаровқа шапан кигiзiп, көрiнiске қосып жiбердiк. Кейде осындай қиыннан қиыстырып, жол тауып кететiнiмiз де бар. Сол байқаудың барлық шартынан сүрiнбей өтiп, бас жүлденi еншiлеп қайтқанбыз. Шымкент қаласы облыс орталығы болып тұрған кезде жыл сайын маусым айында «Мәдениетiм – мерейiм» тақырыбымен облыстық фестиваль өтетін. Онда әр аудан өз өнерiн көрсетедi. Концерттiк бағдарлама жаз мезгiлiне тура келетiндiктен iс-шара кешкi мезгiлде басталады.
2015 жылы аталған облыстық фестивальда аудандық «Абай» мәдениет үйiнiң сол кездегі директоры Әбдiғаппар Айдаров түйе пiрi – Ойсылқараға мiнiп, Асан қайғы бейнесiн сомдады. Соның алдында бiздер, әжелер, қазақтың салты бойынша шашу шашқан едiк. Концерт көрiп отырсақ, әжелердiң бiрi орнынан тұра салып, сыртына оралған қағазы түсiп қалса да шашудан немерелерiме апарайын деп жерде жатқан «шоколадтарды» терiп алыпты. Кейiн жарыққа шығып қараса шоколад емес, әлгi түйенiң құмалағы екен. Шардараға жеткенше күлкiге қарық болдық.
Бiр күнi концертке дайындық барысында орындықта отырған әншi әжемiздiң бiрi шалқасынан құлап қалды. Әннiң құдiретi ме, әлде әнге берiлiп кеткендiк пе, бiз оны орнынан тұрғыза алмай жатсақ, ол әнiн тоқтатпай айтып жатты. «Күлсең, кәрiге күл» дегендей, осындай қызықты, күлкiлi жағдайлар болып тұрады.
– Жарылқасын апай, 10 жылда жектен жетістіктеріңіз бен алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– 10 жыл аз уақыт емес. Аудандық түрлi iс-шараларда өз өнерiмiздi көрсетiп келемiз. Ақшеңгелдi, Қоссейiт ауылдарында, Шардара қаласында үлкен концерт бердiк. Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығына арналған облыстық «Қайран, ерлер, қаһарман ардагерлер» байқауында жүлделi 3-орын, 2016 жылы обыстық «Әже – ұлттың ұйытқысы» байқауында бас жүлде алдық. Осындай еңбегiмiздi елеген, өнерiмiздi бағалаған аудан әкiмдері, аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағалары Тәңірберді Ағманов, Тоқсанбай Бердiбеков түрлі алғыс хаттармен марапаттады.
2019 жылы Шардара ауданының 55 жылдығына орай ансамбль мүшелері мерекелік медальмен марапатталдық. 2021 жылы Мәдениет және спорт министрінің м.а Н.Дәуешовтің бұйрығымен ансамбль «Халықтық» мәртебесін алды. Қызықты сәттер мен небiр қиындықтарды да бастан кешiп келемiз. Ансамбль құрамында неше адам болса, сонша түрлi мiнез бар. Оның үстiне әрқайсысы бiр-бiр үйдiң отанасы, зейнеткер. Адам жасы келген сайын кiнәмшiл болады. Әрқайсысының қас-қабағына қарау оңай шаруа емес. Алайда ансамбльдiң жетекшiсi болғандықтан кездескен қиындықтарды жеңе бiлуге тура келедi. Алдағы уақытта мерейтойымызға байланысты үлкен концерт өткiзу ойымызда бар.
– Жарылқасын апай, уақыт тауып сұхбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан Орынша Қалшабекова,
Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.