Періштелер Аюп пайғамбарды мақтап, оны үнемі үлгі етеді екен. Олардың әңгімесін естіп қалған Ібіліс Алланың дәргейіне барып:
— Періштелер Аюп құлыңды сабырлы, мықты тақуа адам деп мақтап жатыр. Ол — төрт құбыласы түгел, жегені алдында, жемегені артында, бала-шағасы дін аман, айналасына сыйлы, дәулеті шалқып тұрған уайымсыз адам. Егер оған шын қиындық туатын болса, басымен қайғы боп, сені еске алуға мұршасы болмас еді. Сенбесең, оны сынаққа алуға маған рұқсат бер, – дейді.
Ұлық Алла рұқсат етеді. Ібіліс оның бар малын бір қыста жұтқа ұшыратады. Аюп бір күнде кедейленіп, таяқ ұстап қалады. Артынша бала-шағасына қаза жетеді. Ағайынмен арада араз әңгімелер өршиді. Бірақ Аюп сонда да сыр бермей, құлшылық тағатын үзбейді. Айла-шарғысы таусылған Ібіліс оның денсаулығына ауыз салады. Артынша оның денесі жидіп, шіри бастайды. Бүкіл тәнін құрттар қаптайды. Аюп өлі мен тірінің арасындағы өлімші халге түседі. Сонда да тілі мен жүрегі Аллаға зікір айтып тұра береді. Ібіліс оның иманын ұрлай алмай, ақыры жеңіледі. Ұлық Алла құлының төзімі мен сабырына риза болып, жерден шипалы бұлақ шығарады. Аюп Алланың әмірімен сол суға қырық күн шомылып, әбден ширап, тәні сауығып, аман қалады. Осыдан бастап өлі мен тірінің арасында жатқан адамды қырық күн шомылдыратын дәстүр қазақ арасында пайда болыпты. Ата-анасы жаңа туған нәрестесін ширату үшін қырық күн тұзды суға шомылдырады. Ондағы мақсат — бала болашақта Аюптай сабырлы, төзімді боп өссін, өмір жолында кездесетін барлық қиындықтарға мойымайтын мықты тұлға болсын деп ырымдағаны.
Баланы қырқынан шығару дәстүрі
Қазақ салтында нәрестені қырқынан шығару кезінде оның тырнағы мен шашын алады. Бұл ғұрыпты көбіне әділдігімен аты шыққан, көркем мінез- құлықты кісіге жасатады. Мұсылмандар Ібілістің адам тәнінде дәрет сын- дыратын жері — тырнақ асты деп сенеді. Адамның тырнағы алынбай, асты кірге толса, Ібіліс сондай лас жерді аңдып жүреді екен. Қазақта ұсақ-түйек өсек сөздерді жинап-теріп жүретін адамдарды «тырнақ астынан кір іздейді» деп сипаттау осыдан қалыпты. Адам өліп, мәйіті көрге қойылған соң, қабір азабы оның тырнағының астынан басталады. Сондықтан мұсылман жұрты тырнақты өсірмей уақтылы алып отыруға үлкен мән берген. Тырнақты таза ұстау имандылыктың белгісі ретінде саналады.
Бөпенің шашын алатын себебі: Ібіліс бей-берекет шашылып жатқан шаш қылынан тон тоқып киеді екен. Мұсылмандық бір аңызда Әзіреті Әли Ібілісті ұстап алады. Ібіліс үстіне жылы тон киіп алыпты. Әзіреті Әли:
- Ей, малғұн, үстіңдегі тонды қайдан алдың? — дейді. Ібіліс:
- Адамдар шаштарын алдырған соң, далаға тастай салады. Мен соларды жинап-теріп, өзіме тон тігіп киемін. Ондай адамдарға менің үстемдік етуім оңай болады. Олар хақтың жолында әлсіз келеді, — депті.
Осыған орай қазақ арасында нәрестенің бірінші алынған шашын сақтап қойып, өскесін өзіне тұмар етіп тағатын ғұрып шыққан. Сенім бойынша Ібіліс ол балаға әсер ете алмай, діңкесі құриды екен. Қазақ арасында шашты далаға бей-берекет тастамау керек деген түсінік кең тараған. Әйел адамдардың да тарақтан түскен шаштарын жинап, жерге көміп не болмаса өртейтіні осыдан шықса керек. «Шашы өскеннің елі кәпір, тырнағы өскеннің өзі кәпір» деген тәмсіл сөз осыған орай айтылыпты.
Шілдехана салты
Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтады. Құдай тағала оны жұбату үшін Сүлейменді береді. Дәуіт қайтадан ес жиып, өзіне өзі келген соң, жалғыз ұлының тілеуін тілейді. Сүлеймен дүниеге келгеннен қырық күн өткенде Жебірейіл періште келіп:
- Дәуіт, Ұлың Алла өзінің Раббы деген сипатымен Сүлейменнің рухын қырық күн бойы құддыс (киелі) әлемде әбден ширатып тәрбиеледі. Енді қырық күн өтті. Құдай қаласа, осы ұлың сенің ізіңді басатын ұлық пайғамбар болады. Ұлыңның қуанышына қауымыңды шақырып, той жаса, — дейді. Пайғамбар:
- Ләббәй, — деп құлдық ұрады. Ел-жұртын жинап, той жасап, сарайын шаттық, думанға бөлейді. Осыдан кейін ата-аналар жаңа туған баланың құрметіне қырық күннен кейін той жасап, «Біздің де баламыз Сүлеймендей болсын», «Бөбегіміздің рухы кемелденіп ширасын» деп ырымдайтын бо- лыпты. Шілдехана салты содан қалған екен.
Жас баланың аузына түкірту
Қызыр ата бірде Әзірет Сұлтанға қонаққа келеді. Ясауи бабамыз шәкірттерін отынға жұмсайды. Жолда жаңбыр жауып, әкелген отынның бәрі су болады. Бықсып жанбайды. Сүлеймен есімді шәкірттің ғана ағашы құрғақ екен. Асты соның отынымен пісіреді. Қызыр:
–Ұлым, сенің шөпшегің неге құрғақ? — дейді. Бала:
–Мен отынды шапаныммен орап, су тигізбей әкелдім, — дейді. Баланың зеректігіне риза болған Қызыр:
–Балам, сенің атың «Хакім» болсын. Алла саған хикмет берсін. — деп бата беріп, оның аузына түкіреді. Қызырдан шарапат жұғып, Сүлеймен хик метке жүйрік болады. Құранның мағыналы сырларын өлеңге қосып жырлайды. Ел-жұрт оның хикметтерін жаттап, Құранға сауаты ашылады. Со- дан бері сыйлы қонақтарға сәбидің аузына түкірту дәстүрі пайда болады. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген сөз осыдан қалса керек
«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасы христоматиясынан.