Шымкентте өзен-көлдердің тазалығы бақылауда

Шымкент қаласының аумағынан ағып өтетін ашық су көздерінің («Қошқар-Ата», «Қарасу», «Бадам» өзендерінің) су қорғау белдеулер шегінде орналасқан жеке тұрғын үйлер мен түрлі коммерциялық (қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер және т.б.) нысандардан шыққан күл-қоқыстар, тұрмыстық қатты қалдықтар өзендердің арналарын ластауда.

Сондықтан, халық арасында жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қарасты аудандық басқармалар және аудандық әкімдіктің қызметкерлері қалада тазалау жұмыстарымен айналысатын мекемелерді ұйымдастырып, жоғарыда аталған ашық суаттардың жағалауларын, арналарын қатты тұрмыстық қоқыстардан, балдырлардан тазартуда.

Тазалау жұмыстары апта басынан басталып, бүгінгі күнге дейін Әл-Фараби ауданына қарасты «Қошқар-Ата» өзені «Отбасы аллеясы» бойынан «Ордабасы алаңына» дейінгі аралық тазартылды.

Қаланың қалған аудандарына қарасты ашық суаттардың бойына тазалау жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Бүгін Қаратау ауданына қарасты «Сайрам-су» өзенінің жағалауы тазартылуда.

Ай сайын жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында, халық тұтынып отырған орталықтандырылған су жүйелерінен су сынамаларын мониторингілеу мақсатында «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Түркістан облысы бойынша филиалының Шымкент қалалық бөлімшесі және «Су Ресурстары-Маркетинг» ЖШС мекемесімен зертханалық жоспарда көрсетілген мерзімге сай, бақылау нүктелерінен санитариялық-гигиеналық, микробиологиялық, радиологиялық зерттеулерге, жоғарғы технологиялық зерттеулер зертханаларына су сынамалары алынып, зерттеулер жүргізілуде. Қала бойынша 121 бақылау нүктелері орнатылған.

Орталықтанған ауыз су құбырларынан 2021 жылға 1732 бактериологиялық, 314 санитариялық-химиялық зертеулерге  сынамалар алынды. Ашық су көздерінен зертханалық зерттеулерге алынған 147 санитариялық-химиялық, 52 бактериологиялық сынамалар алынып, қорытындысы бойынша оң нәтиже анықталмады.

2022 жылдың ағымдағы мерзімінде 228 бактериологиялық, 147 санитариялық-химиялық зертеулерге  сынамалар алынды. Оң нәтиже анықталмаған.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары және аудан әкімдіктерінің мамандарымен ашық суаттардың су қорғау белдеулер шегін таза ұстау туралы санитариялық-ағарту және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы орайда, Шымкент қаласының тұрғындарын ашық су көздерін таза ұстауға және күл-қоқыстар мен тұрмыстық қатты қалдықтарды тастамауға шақырамыз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған