Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Дендропаркті сақтап қала аламыз ба? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Дендропаркті сақтап қала аламыз ба?

 Тарихи бақты дамыту мен жаңғыртудың жаңа белесі басталды

Шымкент дедрологиялық бағы – үшінші мегаполистің басты мақтанышы. Негізін Асанбай Асқаров қалаған бұл бақ қала тұрғындарының жиі баратын жайлы мекені. Қала қонақтары да алдымен дендропаркке баруды жөн көреді. Алайда, соңғы кездері осы бақтың айналасында дау-дамай көп. Бір кездері ішіне еніп алған коммерциялық нысандардан арылту ісі бір жақты шешілгенімен, бақтың негізгі мақсаты – ғылыми жетістіктер, зерттеу нәтижелері ғалымдар тарапынан соңғы жылдары жүргізілмейтінін айтып, дабыл қағушылар бар. Ең бастысы, шымкенттіктер мен қала қонақтарына саялы бақтың жаздың аптап ыстығында көк майсасы азайып, тал-теректің суғарылмай, қурап қалатыны жанына батуда.

Осы кемшіліктерді жоюға әрекет етіп жатқаны болар, дендропарктің қазіргі басшылығы «А.Асқаров атындағы Шымкент дендропаркінің 2023-2032 жылдарға арналған даму стартегиясы туралы жаңа тұжырымдамалық жоспар» жасауда. Онысын жергілікті билікке таныстырып, түрлі деңгейдегі талқылау да өтуде. Әрине, мұнысы құптарлық іс болған. Себебі Қазақстан Конституциясында жер, жер қойнауы және табиғи байлық – мемлекеттің меншігі делінген. Дендропарк мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан және ауыл шаруашылығы министрлігі саябақтың мәдениетіне жауапты болғандықтан жылдан жылға тарихи бақтың тозып, қурап кетуіне жол берілмеуі керек.

Шымкент дендрология паркін бүгінде Үсен Құрманбай басқарады. Мамандығы бойынша биолог, ҚазМУ-дың биология факультетін бітірген азаматқа үлкен сенім артылып отыр. Әріптестерінің айтуынша, биологтың орманшыдан өзгешілігі басым. «Орманшы тек орманды қорғау, суғаруды білсе, биолог ағаш өсіру, оның түрлерін анықтау, жаңа сұрыптарын дамыту мәселесіне көп көңіл бөледі» дегенді алға тартады. Дендропаркке жан-жақтан ғалымдарды шақырып, ғылыми кеңес өткізіп, жаңғырту мәселесін көтеріп жүрген қазіргі директордың жұмысы қаншалықты нәтиже беретінін уақыт көрсетер. Анығы сол шақырылған ғалымдардың көшбасын Моңғолия Ұлттық Академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ауыл шаруашылығы академиясының академигі Нұғман Аралбай бастап тұр. Ол ғылыми тұжырым жасап қана қоймай, осы салада қырық жылдық тәжірибесі бар практик маман. Біздің қалаға арнайы келіп, дендропарктің мәселесімен айналысып жатқан академиктің айтуынша, Шымкенттегідей дендропарк өзге өңірлерде жоқ. Сондықтан да бұл бақты жаңғырту ісіне қызығушылықпен кіріскен.

– Мені дендропарктегі ағаштардың географиясы таңқалдырды. Негізі қаланған күннен бастап мұнда Кеңес Одағының барлық бұрышынан арнайы ағаштар әкелінгені, оның осында жерсінгені ғажап. Әрине, тоқырау заманы, экономикалық қиындықтар белесінде дендропарктің жоғалтып алған құндылықтары аз емес. Бүгінгі күні мұнда массив бар, өсімдіктердің көптігі бар. Бірақ, көптүрлілігі кемшін. Ағаш түрлері азайған. Ғылыми ізденіс төмендеген. Ендігі кезекте біз осы кемшілікті жоюымыз керек, – дейді Нұғман Күлдәрбекұлы (суретте).

Осы мақсатта ғалым қала басшылығымен де арнайы кездескенін, дендропаркті түрлендіру мақсатында өз ойын ортаға салғанын, арада ашық әрі нақты жоспар бойынша қызу пікірталас болғанын айтты.

– Қала әкімі дендропаркті дамыту ісін қолдайтынын білдірді. Шымкенттің басты мақтанышына көңіл бөлу керектігі жөніндегі ұсыныстары маған ұнады. Ендігі жерде ғалымдардың қатысумен нақты іс-жоспар түзіліп, оны жүзеге асыру процесіне кірісетін боламыз. Бізге екі ай мұрсат берілген.

– Сонда не өзгеруі мүмкін?

– Білесіз бе, дендропарктің өз тарихы бар. Жылдар өте келе сол тарих өз жалғасын тауып, мұнда Құрметті азаматтар аллеясы, ардагерлер аллеясы ашылған. Бұл өте жақсы үрдіс. Осы тарихты бұзбай, дендропарктің негізгі принципін жаңғыртуымыз керек. Мысалы, 1979 жылы дендрологиялық саябақ салынған кезде Кеңес Одағында өсімдіктерді енгізудің бірыңғай принципі –географиялық болды. Яғни, жергілікті қорды басқа географиялық аймақтардағы өсімдіктермен байыту міндеті тұрды. Менің ойымша, ол өзінің стратегиялық рөлін атқарды. Бүгін бізде әртүрлі аймақтан әкелінген ағаштармен дендро флора қалыптасқан. Алайда бұл аз. Осыны байыта түсуіміз керек

Бір ай бұрын біз дендропаркта кеңейтілген Ғылыми кеңес өткіздік. Ғалымдардың қызу талқылауынан кейін алдағы күнге жұмыс жоспары болатындай жеті басымдық айқындалды. Жаңа тұжырымдамалық базаның негізгі қаңқасын осы бағыттар бойынша құратын боламыз, – дейді ғалым Нұғман Аралбай.

Ғалымның әңгімесінен түсінгеніміз, бақтағы биологиялық, географиялық әртүрлілікті сақтау, қорғау, дамыту басты бағыт болып тұр. Бұл орайда ғалымдар құрамында ел мақтанышына айналған жерлестеріміз Иса Байтулин, Аймақ Жанғалиев сынды мықты азаматтар да бар екен.

Дендропаркті жаңғырту ісінде ғалымдар климаттық өзгерісті ескеру маңызды деп отыр. Қазақстанның бүгінгі климаттық картасы өзгерген. Шөлейтті аймақтар көлемінің артуы, тауда жасыл-желектің азаюы да климаттық өзгерістердің орын алуына дәлел. «Шымкентте климаттық жағдай Ашхабадпен бірдей. Қыста қар жаумайды десе де болғандай. Яғни, біз субтропикалық климатта өмір сүріп жатырмыз. Бұл факт. Бізде турасын айтқанда қыс жоқ. Олай болса, дендропаркте субтропикалық және тропикалық өсімдіктерді өсіруімізге әбден болады», – дейді Нұғман Аралбай.

Айта кету керек, Шымкенттің дендропаркі 2002 жылдан бері ерекше қорғалатын аумақ мәртебесіне ие. Бұл дегеніміз дендропарк мемлекеттік табиғи қорықтармен бір деңгейде. Яғни, парк аумағында ешқандай да бизнес нысаны орын алмауы керек. Кафе салу, балмұздақ сататын орын ашу, айқайлатып музыка қойып, той-думан, конерттік кеш өткізетін аймақ емес. Бұл тыныштық мекені. Табиғаттың шынайы қалпын сақтап, адамдар саялы бақта тыныш демалатын орын. Оның үстіне ғалымдардың айтуынша мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдік түрлері бар. Қайбір жылы дендропаркке қырғауыл, тиын, қоян сынды жан-жануарлар жіберілгенін айтпағанда жасанды көлде аққу, қаз жүзіп жүруі де сол бақтың табиғи қалпын сақтауға деген әрекеттен туғанын аңғартса керек.

– Ботаник ретінде бүкіл әлемге алма мен қызғалдақтың Отаны Қазақстан екенін матанышпен дәріптеушімін. Сол себепті де жоспарымызға дендропарк базасында ботаникодендрологиялық зертхана құруды жоспарлап отырмыз. Бұл орайда академик Аймақ Жанғалиевтың бізге берері көп екеніне сенімдімін. Сәтін салса алма мен өріктің түрлі сұрыптарын осы дендропарктен табатын боламыз.

Ғалымдар Шымкенттің Қаратау мен Батыс Тянь-Шаньның тоғысында орналасуы Қаратау мен Батыс Тянь-Шаньның ағаш-бұта өсімдіктерін дендропаркке әкеп, жерсіндіруге әбден болатынын айтады. Олай болса А.Асқаров атындағы дендропарктің түрленген кейпін көретін күн алыс емес. Ғалымдар сіз бен біздің игілігіміз үшінгі іске кірісіп те кетті.

Ж.Шалабаева

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған