Кішкентай Рамазанның екі күн бойына асқазанынан қан кетіп, гемоглобині тым төмендеп кеткен. Нәрестенің өмірін сақтап, аман алып қалу мақсатында Түркістан облыстық №1 перенталдық орталығының дәрігерлері барын салды десе де болады.
Бұл Қазығұрт ауданының 23 жастағы тұрғыны Сәуле Күмісбектің ұлы. Жүктілік кезінде асқынулар болған. Сондықтан Рамазанды дүниеге әкелуде қиындық туындаған. Бала гипоксия дертімен дүниеге келді.
Облыстық №1 перинаталдық орталық пен облыстық балалар клиникалық ауруханасының-дәрігерлері бірлесіп, балаға перзентханада ота жасады. Өйткені, баланы бір орыннан екінші орынға жеткізу денсаулығына зиян тигізетін еді. Отаның басы-қасында Түркістан облысының штаттан тыс бас хирургі Сұлтанғали Сарыбай мен анестезиолог-реаниматолог Ерлан Рахимовтың өзі болды.
– Асқазанның идиопатиялық жарылуы-жаңа туылған нәрестелерде сирек кездесетін хирургиялық ауру. Яғни, кенеттен пайда болатын сырқат. Бұл ауру ұрықтың құрсақтағы оттегі ашығуынан туындайды, бұл тамырлы ишемияға байланысты қанмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігіне әкелді. Ота барысында жасалған тілік үлкен болды. Шамамен 4-5 см, қан да көп кетті, – деп түсіндірді хирург.
Науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ота жасалды.
Бүгінде Рамазанның денсаулығы жақсы. Баланы аман алып қалуға атсалысқандардың бірі – облыстық №1 перенталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Татьяна Кочурованың еңбегі зор.
Дәрігерлердің пікірінше, жаңа туған нәрестелердегі даму кемістіктері барларды ауруханаларға тасымалдауға уақытты жұмсамастан, есесіне бірден операция жасауға мүмкіндікті перинаталдық орталықтың неонаталдық хирургиялық төсектердің жағдай жасау қажет. Өйткені, даму кемістігі бар жаңа туған нәрестені тасмалдау барысында құтқарып қалу мүмкіндігі 20 пайызға төмендейді екен.