Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
 Сайрамдық ақсақалдар жікке бөлініп жүр ме? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

 Сайрамдық ақсақалдар жікке бөлініп жүр ме?

«Сайрам ауданынан шу шықты» дегенді құлағымыз шалды. Оны шығарып отырған жастар деп ойласаңыздар қателесесіздер. Балалар мен әйелдер де емес. Бұл жолғы дау-дамайдың әкімдікке де қатысы жоқ. Сонда кім? Бұл дау өзгелерді бітімгерлікке, татулыққа шақыратын, шақыруға тиіс ақсақалдар арасында шыққанын естігенде таңқалдық.

Дүйсенбі күні жұмыс уақыты бастала салысымен жеке дара адвокат Шырынбек Оңғаров хабарласып, Сайрам ауданында ардагерлер арасында түсініспеушілік туындап жатқанын, оның не себепті шыққанына куә болу үшін сонда барып қайтуға ұсыныс жасады. Әрине, екі жас таласса немесе құрдастар жұдырық жұмсасса бүгінгі таңда ешкімге қызықты болмауы мүмкін. Ал енді ардагерлер арасындағы алауыздық кім-кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық.

Сонымен белгіленген уақытта Ақсукентке барғанда білгеніміз, жуырда  Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Сайрам аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназардан қызметтен кетуді сұраған екен. Жасы жетпіс пен сексеннің бел ортасына келген Әлібек ақсақал алғашында басшысының ұсынысына келіскен, алайда аудандағы замандастары Әлібек ағадан ешқайда кетпеуді, өздері сайлаған 5 жылдық мерзімді толық атқаруды сұрайды. Осыдан кейін өзге ауылдық округтердегі әріптестерінің пікіріне құлақ салып, өз шешімін електен өткізген Әлібек аға облыстағы басшысына қайта барып, қалған 3-4 жылдық мерзімі толық аяқталмайынша қызметтен кетпейтінін баяндайды.

Әрине, алақандай аудандағы құпияны жасырып қалу қиын. Ел аузындағы әңгімеге сенсек, министрлікте інісі бар бір ақсақал аудандық ардагерлер кеңесін басқаруға қатты қызықса керек. Қызыққаны сондай, 16 мамыр күнгі референдумды талқылау жиынының күн тәртібіне ардагерлер кеңесінің төрағасын мерзімінен бұрын қайта сайлау туралы мәселені де енгізбек болыпты. Тіпті, енгізіп қойғанға да ұқсайды. Өйткені, сол күнгі жиын алдында оған қатысуға келген таныстарына «Қазіргі өтетін сайлауда мені қолда», – деп айтып салыпты. «Бір сағаттан кейін үлкен өзгеріс болады, оның не екенін көресіңдер!» дегенді де сенімді түрде айтқанын естігендер бар. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың да арнайы келгені осы күдікті ойымызға жан бітіргендей болды.

Әлібек Байназар

Дегенмен «Адамның емес, Алланың дегені болады» деген сөз осы күні Сайрам ауданында шын көрініс бергендей болды. Кездесуге келген ардагерлердің 85-90 пайызы қазіргі төраға Әлібек Байназардың жұмысына қанағаттанып, көңілі толатынын, сайлау өткізген жағдайда көпшіліктің осы кісіні қолдайтынына көз жеткізген болса керек, облыстағы бас ардагердің өзі күн тәртібіне төраға сайлау мәселесінің көтерілгенін қаламағанға ұқсайды. Сөйтіп, бұл күні сайрамдық ардагерлер басты тақырып – референдумды талқылап, түсіндірумен ғана шектелді.

Біз кездесуге дейін де, кездесуден кейін де сол жерде жүрген ақсақалды аталар мен ақ самайлы әжелерді әңгімеге тартып көрдік.

Уәш Бөрібекұлы

«Мен ардагерлер алқасының мүшесімен, – деп бастады әңгімесін Уәш Бөрібекұлы ағамыз. – Пленумда екі мәселе қаралады дегенді қазір ғана есітіп отырмын. Кезектен тыс пленумға мұндай мәселені қоймау керек. Қазіргі ең басты мәселе – Жаңа Қазақстан құру екені түсінікті. Талқылау да осы тақырыптан алшақтамауы тиіс. Референдум жайы талқыға түседі дегесін келген едім, сөйтсем күн тәртібіне Әлібек Байназарды қызметтен алу туралы екінші мәселе де қойылмақшы екен. Бұл ереже бойынша 27 мүшенің қатысуымен, конференцияда шешілетін шаруа. Мен де ардагерлер кеңесінің бір мүшесімен. Келесі конференция 3 жылдан кейін шақырылуы тиіс. Бұлардың тірлігіне қарасам, жаңа емес ескі Қазақстанның тірлігін жасап жүрген секілді».

Нышанай Омарова

Өз пікірін білдірген азаматтардың бірі Қарабұлақ ауылынан келген Нышанай Омарова болды. Қарабұлақ әжелер қауымдастығының басшысы екен. «Қарабұлақта жүріп, 46 жыл Қазақстанға қызмет еттім, – дейді Н.Омарова. – Қазіргі кеңес төрағасы Әбекеңнің жұмысына ризамын. Атқарып жүрген іс-шаралары көп. Қанша адамның басын қосып жүр. Әйелдерден әжелер тобын құрып, Шымкенттен бастап Қызылордаға дейін бардық. Біздің атымыз Қазақстанға тараса, ол осы Әлібек ағаның арқасы. Біз бұл кісіні конференцияда сайлағанбыз. Ешкім бұл кісінің жұмысын шикі деп айта алмайды. Әлібек аға қазақ, өзбек, орыс, еврей, шешен деместен бәрімен бірдей қарым-қатынас жасайды. Төрағамыздың жұмысын жалғастырғанын қолдаймын».

Әріптестері қызғыштай қорғап отырған Әлібек Байназардың өзі бұл қызметке байланып қалмағанын, мерзімі келгенде орнын босатып беруге дайын екенін айтады. Жасы жетпістің бесеуіне келген Әлібек аға бүгінде денсаулығының жақсы екенін, өзіне артылған сенімді ақтап, әріптестерімен бірге Жаңа Қазақстанды құруға күш-қуатының жететінін жасырмайды. Ендеше төраға ауыстырудың қандай қажеттілігі болды екен?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, сайрамдық ардагерлер жікке бөлінбепті. Керісінше ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназардың төңірегіне топтасып, жұмыс атқарып жүр екен. Ал орта жолдан жік салғысы келген адамның ойында қандай арман бар екенін өзі және оны қолдағысы келген азаматтар ғана білсе керек.

Ұлықбек ҰМБЕТ. 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған