Ал мердігердің жұмысшылары жоқ екен
Бүгінде миллионер, миллиардер атанғандардың барлығы дерлік бір кездері бизнесті тақыр жерден бастағанын естен шығармаған абзал. Олардың бірі қолдау көрді, бірінің кездейсоқ жолы болды. Әйтеуір қомақты қаржы иеленіп, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Дүние кезек деген, енді олардың да өздерінен кейінгілерге көмектесіп, жәрдем қолын созатын кездері келді.
Осыны ескерген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының жанындағы «Атамекен кәсіпкерлік қырандарымен» бірге жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдау туралы бастама көтерді. Мақсат – облыстағы кәсібі өркендеген әрбір кәсіпкер бизнес жоспары дайын, бағыты айқын үміткерлерге көмектесу. Осынау игі бастаманың игілігін көрген азаматтың бірі – Келес ауданы Ұшқын ауылдық округінің тұрғыны Айбек Сарыбаев. «Мен «Атамекен кәсіпкерлік қырандарында» бизнес жоспарымды қорғаған жиынға облыс әкімінің өзі келіп қатысты, – дейді А.Сарыбаев. – Анар бауын көркейту туралы жоспарымды қолдаған Өмірзақ Естайұлы «осындай жастарға көмектесу керек» деп Шардара ауданында кәсібін дамытқан Бақытжан Серманизовке 3 миллион теңге көмек беруді тапсырды. Әрине, бірнеше жылда қайтарып беру шартымен. Бұдан кейін Бақытжан аға жерімді көріп, өткен жылы күз айында қажетті қаржыны берді. Бірақ ол кезде ағын су болмағандықтан жұмысты бастай алмадық.
Биыл бір-бір гектарға шабдалы, ірі шие, анар, 2 гектарға жоңышқа, 3 гектарға қарбыз ектім. Жүгері егемін деген 2 гектар жер су болмағандықтан бос тұр. Ал маған қарызға берген 3 миллион теңгені 2026 жылы күзге дейін қайтаруым керек. Ол үшін, әрине, қазіргі кезде шаруам қызу дөңгелеп жатуы тиіс еді. Өкінішке орай, Келес аудандық әкімдігіндегі тиісті сала басшыларының салғырттығынан жұмыс кешеуілдеп жатыр. Анықтап айтар болсам, алқап басына сәуірде су берілуі керек еді. Әкімдікке менің 10 гектарымнан бөлек сол төңіректегі 1,5 шақырымдай алқапқа құбырмен су жеткізу тапсырылған болатын. Сәуір айының ортасында жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсында бір компания 9 миллион 300 мың теңгеге тиісті жұмысты атқаруды міндетіне алады. Осыдан кейін жұмыс бірден басталуы қажет еді, алайда, тым созылып кетті. Біз күткенімізбен, көшет, егістерге су керек. Амал жоқ, әлгі жеңімпаз компания басшылығына хабарласуға тура келді. Сөйтсек, тендерді ұтып алған мердігердің жұмысшылары жоқ екен. Бізден қол көмегін сұрайды. Сонда ол компанияның жұмысшылары жоқ болса, тендерді қалай ұтып алды? Әлде «бармақ басты, көз қысты» әрекетке барған ба? Енді оның зардабы бізге тиіп отыр.
Күннің ысып, жердің қурай бастағанын айтып, аудан әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаевқа бірнеше рет бардық. Тез арада су берілмесе егіннің күйіп, қурап кететінін ескерттік. Бірақ нәтиже, қимыл-қозғалыс жоқ. Жағдайды өз көзімен көру үшін алқап басына барғанда бізге көмек көрсетудің жолын іздеудің орнына әкеме дауыс көтеріп, ұрсып жүр. Халықты менсінбей ме, әлде өз міндетін білмей ме, әйтеуір қотыр қожайындық танытып, мән-жайды камераға түсірмеуді талап етеді. Менің «бір гектар егістік үшін жылына қанша көлемде су қажет» деген сұрағыма мамандарымен жабылып жүріп жауап бере алмады. Сала жұмысын білмейтін адамды не үшін әкімнің орынбасары етіп тағайындағанын түсінбеймін. Ондай басшылар көшті алға сүйреу былай тұрсын, алға басқан қадамды кейінге тартпайды ма? Қайта аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаевқа рахмет, мемлекеттік сатып алу конкурсында көрсетілген БТК-15 каналы арқылы құбыр тартылғанға дейін Өзбекстан жағымен келісе отырып, уақытша болса да сумен қамтамасыз етуге қол ұшын созды».
Су болмаса шаруаның еңбегі еш кететіні түсінікті. Осы жайт бізді де мазалап, конкурста жеңімпаз атанған «АртГруп» компаниясының жауапты мамандарына хабарластық. Айбек Сарыбаевтың айтқаны рас секілді. Жұмысшылар жетіспей жатқанын айтқан Қайрат есімді жігіт «бізге жұмысшы тауып беріңіз» деп өзімізге қолқа салғанда таңқалмасқа амалымыз қалмады. «Көтере алмас шоқпарды беліне байлап», енді шаруаларды шырылдатып жүрген тірлігіне қынжылдық. Шаруа су іздеумен әреге түсіп жүргенде ол компания басшыларының «әлі қазан айына дейін уақытым бар» деген жайбарақаттығына айтар сөзіміз қалмады. Шаруа жайын түсінетін, жаны ашитын адам болса егіске су қара күзде емес, қазір керек екенін ұғынар еді. Өкінішке қарай олай болмай тұр. Мәселені шешуге көмек қолын созуды сұраған аудан әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаев кәсіпкердің «Басымды шауып алсаңдар да ережемен жұмыс істейміз» деп айтқанын алға тартып, кәсіпкерді қинай алмаймыз ғой деп шарасыздық танытады. Сонда мердігер компанияға талап етуге болмайды да, шаруаның құқын таптауға рұқсат па? Шаруаның егісі күйіп кетсе, кім жауапты?
Заң талаптарына жүгінсек, ең алдымен мемлекеттік сатып алу конкурсында жұмысшысы жеткіліксіз, техникасы түгел емес мердігердің жеңімпаз атануына жол берілмеуі керек еді. Ал енді конкурсты ұтып алғаннан кейін келісім шарт аясында жұмыстың уақтылы басталуын талап ету қажет. Олай болмаған жағдайда жеңімпаз компаниямен келісім шартты бұзып, осы салада жұмыс істеп келе жатқан сенімді компанияға тапсыру керек емес пе?
«Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» демекші, тәп-тәуір бастаманы осылайша орта жолдан тоқтататындардың салдарынан елімізде кәсіп тиісті деңгейде дамымай, елдің әлеуметтік ахуалының көтерілуіне кедергі болып келеді. Ал мұндай келеңсіздікке жол бермеуі тиіс жергілікті атқарушы орган өкілдерінің әрекеті көңілге қонымсыз болса кімнен қайыр күтуге болады? Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын деген осы болса керек. Осы жайт облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құлағына жетсе не дер екен? Әрине, басынан сипап, арқасынан қақпасы анық. Таяқтың бір ұшы өзіне де тиетінін білсе Келес ауданының әкімі Ахментай Есбаев бұл шаруаны осы күйі қалдырмайды деген сенімдеміз.
Ұлықбек ҮМБЕТ.