Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мəдениет жəне өнер »  Білікті басшы – мектеп мерейі

 Білікті басшы – мектеп мерейі

Кез-келген мекеменің көшін алға сүйреу ең алдымен басшыға байланысты екені белгілі. Шалғайдағы ауыл мектебінің мерейін үстем етіп жүрген іскер басшылардың бірі – Отырар ауданы М.Әуезов атындағы мектептің директоры Айнұр Сыздықәлі. Білім ордасына рухани дем беріп, бағыт сілтеп, өз ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан басшымыз туралы ризашылықпен айтуға болады.

Жоғары санатты мұғалім Айнұр Әбдіғапбарқызы орта мектепті бітірген соң арман қуып, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық  институтына оқуға түсіп, «тарих» мамандығы бойынша білім алды. Алғашқы еңбек жолын 2003 жылы Шымкентте бастаған А.Сыздықәлі білім саласында әртүрлі басшылық қызметтер атқара отырып, 2020 жылы М.Әуезов мектебіне директор болып тағайындалды. Басшылық қызметінің алғашқы күндерінен бастап мектептің материалдық техникалық базасының жақсаруына күш салып, демеушілер тартып, үлкен өзгерістер енгізді. Мектеп кітапханасы заманауи үлгіде жабдықталып, кітап қорымен байытылды. Мұражай да мектептің ке­ше­гісі мен бүгіні жайында мол мағлұматтармен толықты. Демеушілер көмегімен акт залы жаңартылып, «Ақжарқын» би тобының ұлттық нақыштағы киімі жаңа үлгімен ерекшеленді. Бірқатар кабинеттер жаңа үлгіде жабдықталып, жаттығу залдары ашылды. Бала ой-өрісінің дамуына септігін тигізетін дойбы мен шахмат үйірмелерін өткізуге арналған кең фойелер пайда болды. Мектеп педагогтары осы жетістіктердің барлығы іскер басшының өзіне де, өзгеге де талап қоя білуінің және үйлесімді ұйымдастырушылығының нәтижесі деп біледі.

Тәрбие мен білім – құстың қос қанаты секілді. Жаңа заманның жаңашыл басшысының осы екі құндылықты қатар алып жүруі – оның шеберлігі мен іскерлігін көрсетеді. Осы орайда мектеп басшының ұйымдастыруымен түрлі облыстық конференциялар мен мектебіміздің түлегі Жанат Тәжиевамен болған «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты кездесу кешінің жоғары деңгейде өткенін атап өткенді жөн көрдім. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады», – демекші, Айнұр Сыздықәлі ұжымда – білікті басшы, ұлағатты ұстаз болса, отбасында – үлгілі ана, сүйікті жар, ағайын-туыс арасында – абыройлы келін.

Мектептің білім сапасының артуына өз үлесін қосып келе жатқан жас басшының өз тұғырынан түспей әлі де біраз белесті бағындыратынына сеніміміз мол.

Аида Жанбатырова,

М.Әуезов атындағы мектеп мұғалімі,

Отырар ауданы.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика