Мирас Сейлхан Шымкенттегі «Білім-Инновация лицейінің» 11-сыныбында оқиды. Осы мектептің президенті. Еріктілер клубының жетекшісі. Үнемі қоғамдық істерде белсенділік танытып жүретін ол әлемнің 34 университетінен шақырту алып отыр.
Тоғызыншы сыныптан бастап шетелдік жоғары оқу орындарында талап етілетін түрлі тест сынақтарын тапсырып, талпынып жүрген оқушының бұл күнде арманы орындалып отыр. Ол IELTS, Duolingo сияқты тесттерден жоғары балл жинаған.
– Әрине, бұл жетістікке жетуіме ұстаздарымның көмегі зор. Біздің мектепті бітірген ағаларымыздың да кеңесі көп көмегін тигізді. 9-сыныптың соңында алдыма мақсат қойып, айтулы университеттерге оқуға түсуім керек деп шештім. Осылайша дайындықты бастап кеттім, – дейді ол.
Бүгінде шақырту алған оқу ордаларының 12-сі АҚШ-та, бесеуі Ұлыбританияда, бесеуі Канадада, біреуі Испанияда, төртеуі Аустралияда екен. Таңдау мүмкіндігі де зор болып тұр. Десе де өзі әзірге Colgate University, London School of Economics немесе Ithaca College оқу орындарын таңдап отыр. Болашақта қаржыгер экономист болғысы келеді. Осы мамандықты меңгеріп, еліміздің дамуына үлес қоссам деп отыр.
Талабы таудай жас өренге сәттілік тілейміз!