Ыбырайым есімі «Рахымның атасы» дегенді білдіреді. Ал «Рахым кім?» дегенге келсек, ол — Мұхамбет пайғамбар. Әзіреті Ыбырайым — Мұхамбет пайғамбардың жиырма бесінші атасы.
Бір күні ұлық Алла Жебірейіл періштеге:
– Досым Мұхамбеттің дүниеге келетін уақыты жақындап келеді. Бүгін таң сәріде ұйықтамай отырған момын пендемнің үстіне Мұхамбеттің нұрын шаш, — дейді. Жебірейіл ұйықтамай отырған тақуаны таба алмайды.
– Тек бір дінсіз адам пұт жонып отыр екен, — дейді. Қайта жібереді. Бұл жолы да таба алмай оралады.
– Дүниені шарладым. Әлгі дінсізден басқа ояу отырған бір адамды таба алмадым. Бәрі ұйқыда, — дейді.
– Олай болса, соның үстіне шаш, — дейді. Ұйықтамай пұт жонып отырған Ыбырайымның әкесі Азар еді. Періштелер:
– Иә, Алла, бірақ ол саған емес, пұттарға табынады. Кейінгі адам ұрпағы өздерін көпқұдайлықтың шырмауынан қалай шығарып алады? — дейді. Ұлық Алла:
– Мен шебер Алламын. Бір іс бастасам, ақырын әуелден көріп, біліп тұрамын. Азардың ұлын сүндеттейсіңдер. Бұл оның бір Құдайға табынушы екендігінің айғағы болсын. Одан тараған барша үмбет осы сүндетті ұстансын. Сонда олар көп құдайға шоқынып, надандыққа ұрынудан аман болады, – дейді.
Періштелер Азардың беліне Мұхамбет пайғамбардың нұрын шашады. Көп ұзамай өмірге Ыбырайым пайғамбар келеді. Ыбырайым жеті жасқа келгенде Жебірейіл періште келіп, оны сүндеттеген екен. Осыдан бастап ер бала бес немесе жеті жасқа толғанда оны сүндеттеу дәстүрге айналады. Оны мұсылмандықтың бір белгісі санаған.
Ел арасында сүндеттеуге байланысты айтылатын тағы бір қызықты әңгіме бар. Ертеде Ерден деген кісінің Тілеуберді деген ұлы болыпты. Баласы бес жасқа келгенде әкесі ұлын сүндеттеуге асықпапты. «Жеті жасқа келгенде сүндеттермін» деп ойлайды. Алайда ұлы жеті жасқа толғанда әр түрлі себептермен сүндеттеудің сәті түспейді. Әкесі «сүндеттемесе де, еш нәрсе етпес» деп өз-өзін жұбатып қояды. Бала он бестен аса бере мезгілсіз қаза жетіп, опат болады. Әке-шешесі жылап-сықтап ұлдарын жер қойнына тап- сырады. Бір күні Ерден түс көреді. Түсінде баласының ұнжырғасы түсіп жүр екен. Әкесі:
– Балам, неге жылап жүрсің? О дүниедегі жағдайың қиын ба? — деп сұрайды. Баласы:
– Жоқ, әке. Мейірімді Құдай мені қинаған жоқ. Бірақ дәрежем басқалардан кем болып жүр. Қатарластарымның арасында кейде өзімді қор сезінемін, — деген екен.
Сәбидің сүндеттеліп туылуы
Дәуіт пайғамбардың отыз ұлы дүниеден қайтқан соң Ұлық Алла оған шекесі торсықтай ұл береді. Оның отыз ұлға татитын ерекше қасиеті бар екен. Туғанда сүндеттеліп туылыпты. Діни наным-сенімдерде ең алғаш іштен сүндеттеліп туған бала Сүлеймен пайғамбар екен деседі. Осыдан бастап сүндеттеліп туған баланы таза ұстаса, Сүлеймен пайғамбардың қасиеттері қонады деген түсінік пайда болыпты.
«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасы хрестоматиясынан