Жетісайдың әкіміне жергілікті тұрғындар риза

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде шалғай ауылдарда да нәтижесін көрсетуде деп айтуға болады. Аудан әкімдерінің ауылдық округтерде ғана емес, оларға қарасты шалғай елді мекендерді де аралап, тұрғындармен кездесіп жүргені осы сөзімізге айғақ бола алады.

Жасыратыны жоқ, әкімдердің тұрғындармен кездесуі бұрынғыдай жаттанды форматта емес, бетпе-бет әңгіме, ашық пікір алмасу түрінде өтуде. Ұзын-сонар баяндама мен ода-мадақтарға орын берілмейді. Есесіне жергілікті тұрғындар өздерін толғандарған мәселені әкімге жеткізуге мүмкіндік тауып, оның нақты жауабын алуда. Жалпы жиыннан кейін де әкімдердің жеке қабылдау өткізуі әдетке айналып келеді. Бұған өткен аптада Жетісай ауданына барған сапарымызда толыққанды көз жеткіздік.

Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Алпамыс елдімекенінің тұрғындарымен кездеседі дегенді есітіп, біз де бағытымызды солай қарай бұрдық. Біз барғанда мектептің мәжіліс залы тұрғындарға толып қалыпты. Әкім баяндама жасамады, бастан аяқ тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Қиындықтарды шешудің жолдарын бірге талқылады, ақылдасты. Әдеттегідей тұрғындар негізінен мектеп, ФАП салу мен тозығы жеткен ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу, асфальт төсеу, жаңа көшелерге жарық қосу, елді мекендерге газ жүргізу, аяқ жол салуға көмектесуді сұрады. Айталық, ауыл тұрғыны Қасқырбек Наханов Достық, Қызылтаң, Жамбыл елдімекендеріне жаңадан 300 орындық мектеп салу керектігін айтса, Жомарт Бақтыбаев Сарыабат пен Сұлубұлақ ауылдарының ішкі жолдарын жөндеуді және аяқ жол салуды сұрады. Бұл мәселелердің барлығын мұқият тыңдаған Мұрат Болатұлы тұрғындар көтерген мәселенің ешбірі де ескерусіз қалмайтынына сендерді. Кейбір мәселелерді шешу үшін тиісті сала басшыларына сол жерде тапсырма берілгенін көзбен көрген алпамыстықтар әкімнің мұндай жедел әрекетіне риза болып тарқасты.

Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты елдімекендерде шешімін күткен мәселелердің бар екенін жасырмаған М.Қадырбек өз сөзінде оларды шешудің де жолдарын ұсынды. «Құрғақ сөз ауыз жыртар» демекші, Мұрат Болатұлы бұл жолы құрғақ уәде беруге келмегенін дәлелдеді. Ол кейбір мәселелердің келесі жылға өтпелі екендігін, тіпті кей жағдайларды облыс басшыларымен ақылдасып шешу керектігін де тұрғындарға түсіндірді. Яғни, «бәрі жақсы болады» деп орындалмайтын уәделерді үйіп-төгудің уақыты өткеніне осы кездесуде көз жеткізгендей болдық.

Бүгінде ауыл тұрғындарының да көзі ашық, көкірегі ояу. Ғаламтордың арқасында ауыл мен аудан былай тұрсын, төрткүл дүниедегі соңғы жаңалықтардан хабардар. Сол себепті де құрғақ сөз, бос уәдеге алданбайды. Жақсылықтардың да орын аларынан үмітті. Аудан әкіміне сенім артады. «Біздің ауылға Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектің өзі келіп, халықпен кездесті, – дейді Алпамыс елдімекеннің тұрғыны, ауыл биі Жомарт Бақтыбаев (суретте). – Оның атқарып жатқан жұмыстарына ауыл тұрғындары оң баға бердік. Ауданда көптеген күрмеулі мәселелер осы кісі келгелі шешімін табуда. Біздің ауылдың өзінде жаңадан электр бағаналары ауыстырылды, ауыз суға арнап ұңғыма қазылды. Ауыл шетіндегі қашыртқылар тазаланып, қазылды. Үш көшеге асфальт төселді. Алда атқарылар шаруа да аз емес екен. Біз олардың да орындаларына сенеміз».

Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Ұсыныс-пікірін, өтінішін айтқысы келген тұрғындар қарасы көп болды. Әжептәуір кезек қалыптасты.

Біз оларды да әңгімеге тартып, жеке қабылдаудан алған әсерімен бөлісуді сұрадық. «Жеке қабылдауда мен ауылдағы он шақты үйдің жолсыз қалғанын, соларға мүмкін болса асфальт, егер ондай мүмкіндік жоқ болса тас төсеп беруді сұрадым, – дейді ауыл тұрғыны Нұрмахан Бердібеков. – Менің көтерген мәселем жеке бастікі емес, ауылға қатысты еді, қанағаттандырарлық жауап алдым. Әкімнің айтқандары көңілімнен шықты. Бұйыртса, күзге таяу жол салынатын болды. Сол үшін Мұрат Болатұлы басқарып отырған аудандық әкімдіктің барлық қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Абыройлары арта берсін!». Тізімге жазылған он-он беске жуық азаматтың барлығы да әкімге деген ризашылықтарын жасырмады.

Рас, бүгінде әкімдерге көңілі толмай жүрген жандар жоқ емес. Тіпті облысты қойып, Ақордаға дейін арызданғандарды кездестіруге болады. Егер түрлі деңгейдегі әкімдердің барлығы да Мұрат Болатұлы секілді жергілікті жердегі мәселені осында-ақ шешуге күш салар болса, тұрғындардың да Ақордаға арыз арқалап несі бар дейсіз!

Ұ. ТӘМЕНОВ.  

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған