Еліне еңбегімен жаққан азамат

Оңтүстік өңірдің басшылық тізгінін ұстау бүгінгі күнге дейін біраз арда азаматтардың бағына бұйырды. Егер осы уақытқа дейінгі аралықты екі кезеңге: Кеңес Одағы тұсында және Тәуелсіздік жылдарында деп бөлетін болсақ, басшылықта болған азаматтардың ішінен екі азаматты ерекше атап өтуге болады. Кеңес Одағы тұсында Оңтүстік халқының есінде тек жақсы қасиеттерімен қалған Асанбай Асқаров болса, екіншісі Тәуелсіздік жылдарында әкім болу бағы бұйырған Асқар Мырзахметов деп толық сеніммен айта аламын. Бұл ойыма Оңтүстікке жаны ашыр кез келген азамат келіседі деп ойлаймын. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін қазақпыз ғой. Сол ниетпен бүгінгі мақаламыз Оңтүстік Қазақстан облысын 2009-2015 жылдары 6 жыл 7 айдай басқарған, Тәуелсіздік жылдарындағы ең ұзақ уақыт Оңтүстікке әкім болған Асқар Исабекұлы Мырзахметов туралы болмақ.

 

Жасыратыны жоқ, Асқар Исабекұлы басқарған уақытта Оңтүстік ерекше түрленді. Асқар Исабекұлының өмірбаянын қарап отырсаңыз, Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстағанға дейін де талай-талай лауазымды қызметтер атқарғанына көз жеткізесіз. Алайда, Асқар Исабекұлының жарқырап көзге түскен шағы әкім болған уақыты деп ойлаймын өз басым. Бұған келісетіндер де, келіспейтіндер де бар шығар, дегенмен Мырзахметовтың Оңтүстікте атқарған игі істерін оқырманның есіне тағы да бір еске салып кетуді жөн көрдім.

Ең алғаш Оңтүстікке әкім болған кезде Оңтүстік зиялыларымен өткізген кездесуіне куә болған кезім бар еді, алдағы атқарылатын шаруаларды, әкім ретінде атқаруы тиіс міндеттерін таныстыруға, зиялылардың ұсыныс-тілектерін тыңдауға шақырылған мәжіліс екені барған соң белгілі болды. Көпшілікке есімдері сол кезде беймәлім болған жаңа орынбасарларымен таныстырды. Орынбасарлары сөз сөйлеу барысында қазақшаға шорқақтау екендігі аңғарылып еді. Артынша сөз алған Асқар Исабекұлы орынбасарлары үшін кешірім сұрап, алдағы уақытта қазақшаға жетік қылып шығаратынына сөз беріп еді. Сол орынбасарлары қазір қазақшаны сөздің мәйегімен мақалдатып сөйлегенде, кез келген қазақты шаң қаптырады. Бұл да Асекеңнің үлкен мектебі екенін, қазақ руханиятына жанашыр екендігін, уәде берсе орындайтынын, сонымен қатар жақсы ұстаз екенін де білдірсе керек.

Жоғарыдағы жәй ғана өзім көрген бір мысал ғана ғой. Ұлттың руханиятына жанашыр екендігі, әдебиетке, тілге жанашырлығы ол әкім болған кездегі қолтаңбасынан да білініп тұрады.

Атап айтар болсақ, бүгінде Шымкентке аяқ басқандардың барлығы дерлік баратын «Бәйдібек би» демалыс аймағы, «Наурыз» алаңы және «Тәуелсіздік саябағы» сынды саялы орындардың салынуында Мырзахметовтың қолтаңбасы бар. Шынын айту керек, Мырзахметовтың осынау игі жұмыстарының арқасында Шымкент гүлденген болатын. Тіпті, бүгінгі күні Шымкент қаласының логотипіне айналған «Қызғалдақ» фонтаны да Асқар Исабекұлының тұсында іске қосылып еді. Оның алдында жәй ғана шымқалалықтардың ыстықтағанда сая табар санаулы субұрқақтың бірі ғана болатын. Асқар Исабекұлының тұсында бұл фонтан жаңаша түрге еніп, құлпырып, бүгінгі таңда қаланың бренді, логотипіне айналып отыр.

Сонымен қатар, Асанбай Асқаровтың қолдауымен бой көтерген дендросаябақ та көпшіліктің есінде. Күні бүгінге дейін аталған нысан өз міндетін мүлтіксіз атқарып тұр. Себебі билікке келген Мырзахметов аталған демалыс орнын қайта қалпына келтіріп, елдің алғысын алды. Бұған дейін тек талдардың саясына демалу үшін келетін мекен енді ғашықтардың бас қосатын, отбасымен серуендейтін, денсаулығын нығайтқысы келетіндер үшін таңғы жүгіру алаңына айналғанын көз көріп, ел біліп отыр.

Одан өзге де аймақта бірқатар жұмыстар атқарылды. Ең алғаш рет елімізде теңдесі жоқ «Даңқ» мемориалы да Асекеңнің бастамасымен, тікелей өзінің идеясымен ашылды. Бүкіл Оңтүстік Қазақстаннан аттанған сарбаздар мен боздақтардың есімі өшпестей болып, тасқа қашалып жазылды. Соғыста қаза болған атасының сүйегі қайда жатқанын білмей пұшайман халде жүрген ұрпақ үшін атасын еске алар, мінәжәт етіп, құран бағыштар қасиетті бір нысанға айналғаны шындық. Өміріндегі маңызды бір сәт «Некеге тұру» салтанатында қайда барарын білмей жүрген жастар үшін де «Неке сарайын» салдыруға ұйытқы болған да дәл осы Мырзахметов.

Тағы бір өзге өңірлерде жоқ «Салт-дәстүр» орталығының негізін қалаған да осы Мырзахметов. Бүгінде бұл нысан әлі күнге дейін өз міндетін атқаруда. Оқушыларды өткен тарихпен таныстырып, ата-бабаларының тұрмыс салтынан хабардар етіп отырған да осы орталық. Бір сөзбен айтқанда қазақ руханиятының бас қосар орталығы десек те болады. Әкім өзі отырғанда ащылып, өзі кеткен соң жабылып жататын жобалар аз  емес қой, бұл орталықтың әлі күнге дейін жұмыс істеп отырғаны Асқар Исабекұлының идеяларының өміршеңдігіне бір дәлел.

Біз тек Шымкентте бой көтерген нысандарды санамалап шықтық, ал облыста бой көтерген мәдени орындар қаншама.

Одан өзге Оңтүстіктің сол кездегі әкімі ел есінде салмақтылығымен де қалды. Эмоциясын жасыра білетін әкім талай шулы жиналыстарда өзін сабырлы ұстай білген.

2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы (қазіргі Түркістан облысы) қақтығыс жұрттың есінде шығар? Сол кезде қазақ-тәжік шиеленісі туралы ресми ақпарат ақпанның 6-сында жарияланған еді. Оны қайта еске салудың қажеті жоқ шығар, дегенмен де сол қысылтаяң уақытта күні-түні Асқар Исабекұлы сол даудың басы-қасында ұйқысыз жүрді десек артық айтқанымыз емес. Даудың оңтайлы шешілуіне де, ақпардың дәл және нақты таратылып отыруына да сол кезде Асекеңнің үлкен еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облысын 6 жыл 7 ай басқарып, одан кейін сол кездегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне ауысты.

Ол қызметті абыроймен атқарып, Жамбыл облысының әкімі қызметіне ауыстырылды. Ол жақта да абыройсыз болған жоқ. Қордайдағы қақтығыстан кейін азаматтығын көрсетіп, өз еркімен қызметтен кетті. Талай шенеунікке «Өз еркіңізбен қызметтен кету ойыңызда жоқ па?» – деген журналистердің сұрағына «Мені қызметке қою немесе қызметтен алу тек Президенттің құзырындағы шаруа» – деп астамси жауап берген талай шендіні естіп те, біліп те жүрміз ғой. Ал, өз еркімен облыс  әкімі қызметінен кету де үлкен ерлік қой.

Жамбыл облысы әкімі қызметінен кеткені туралы мына бір дерекке тап болдым:

«Асқар Мырзахметовпен жамбылдық жұртшылық жылап қоштасты. Таңсәріден әкімдік кеңсесіне көш түзеген көпбалалы аналар Мырзахметовті көрмей кетпейтінін анық аңғартты.

Билік те бұған қарсы келмей  жайшылықта көпбалалы аналарға көрінгісі келмейтіндердің бәрі сол маңнан  табылды. Ол түсінікті де. Себебі бұл жолы аналар әлеуметтік мәселені  емес, әкімге алғыс айтуға келген. Бұны Асқар Исабекұлы да күтпегендей. Көпшілік алдына шыққан экс-әкім аналардың алғысын естігенде бір қызарып, бір бозарып сала берді. Ал бірқатар аналар  көз жасқа ерік беріп, қиын сәтте қол ұшын созған әкіммен қимай қоштасып жатқандарын сездірді. Өз кезегінде Асқар Мырзахметов басшы үшін ең үлкен баға бұқараның алғысы екенін айтып, келгендердің ізгі тілегіне ізгілігін жеткізді.

Шынында, Асқар Исабекұлы қандай мақтауға да лайықты. Себебі екі жылдың ішінде Жамбыл өңірі үшін өлшеусіз дүниелер жасап кетті. Жылдық бюджетінің бүтінінен бүлінген жері көп аймаққа әкім болып келген бойы ең бірінші қазына қаржысын қайта қарады. Құрылысқа кеткен қыруар қаржыны қайта есептетіп, 1 миллиардқа  жоспарланған жобаны 500 миллион теңгеге дейін төмендетті. Әрі бұны дәлелдеп шығып, жұмыртқадан жүн қырыққандарды жөнге салды» – деп жазылған екен бір мақалада.

«Мырзахметовты қайтарыңдар» деп қол да жинамақ болған екен жамбылдықтар. Мырзахметовтың Жамбыл облысындағы еңбегіне менің баға беруге мүмкіндігім де, қақым да жоқ қой, дегенмен жоғарыда келтірілген деректер Асқар Мырзахметовтың Жамбыл облысына да жақсы әкім болғандығының тағы бір айғағы.

Осы мақаланы жазып отырып, немерелеріме де Асқар Мырзахметов туралы мәліметтер жинауды тапсырған едім, сол немерелерімнің жинаған материалдарын саралап отырып, мына бір қызық дерекке кез болдым.

Асекеңнің әкесі Исабек Мырзахметов те ел билеген азамат болғанын білеміз. Талай шаруашылықтарды абыроймен басқарып, шыңға шығарғанын да ел біледі. Талай әкім өзі әкім болып тұрғанда «Атамның атын ауылға, әкемнің атын көшеге» дейтін принциппен жұмыс істегені өтірік емес қой. Ал Исабек Мырзахметовтың аты еш жерде аталмайды.

«Мырзахметовтің саясат әлеміндегі кейбір әріптестерінен ерекшелігі – өзгелер секілді ауылға не көшеге әкесінің болмаса өзге туысының атын беруге түбегейлі қарсы. «Осыдан он жыл бұрын інісі Абылай бизнесте жүргенде Алтай үшеуі ауылға үлкен мешіт салып берді. Сол кезде ауылдағылар «мешітке әкелеріңнің атын беріңдер елге сыйлы адам ғой» дегенде “қайраткер емес, қарапайым адам” деп түпкілікті қарсы болды», – деді қайнысының қарапайымдылығын барынша жеткізгісі келген жеңгесі» – деп жазылған екен интернет беттерінен алынған бір мақалада. Бұл да Асқар Исабекұлының кішіпейілдігінің  бір белгісі ғой білген адамға.

Оңтүстік халқы да Асқар Исабекұлының есімін құрметпен атайды, қайтадан атқа қонып, қызмет алса, құшағын жайып қарсы алуға дайын. Әрине, менің көптің атынан, оңтүстік халқының атынан сөйлеуге құқығым жоқ. Дегенмен елдің оң пікірі осыны айқындайды.

Биыл Асқар Мырзахметов асқаралы 60 жасқа толады екен. Өз ортасында атап өтуге мүмкіндігі бар азамат қой. Дегенмен, халық болып, арда азаматының 60 жасын атап өтіп, ескеріп жатса, елге де, халыққа да жақсы ғой. Бұл жәй ғана мен тараптан айтылған ұсыныс деп қабылдарсыздар. Қабылдамау да өз еркіңіз. Сөз соңында Асқар Исабекұлына табыс, бақыт тілеймін. Елге бергенінен берері көп азамат қайда жүрсе де аман жүрсін. Ал қайда жүрсе де елінің қамын ойлайтынына сенемін.

 

Ешімов Рахманберді Анарбайұлы,

«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің,  ОҚО әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері. ҚР еңбек ардагері. Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған