Мақтааралдың қызылшасы шетел асты

Мақтаарал ауданы А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары ерте пісіп жетілетін асханалық қызылшаның алғашқы өнімін Ресейге экспорттап үлгерді. Ауыл диқандары Голландиядан арнайы жеткізілген павло, вадан сортты қызылшаның жоғары сұрыптарын қаңтар айында 25 гектар үйіргелік жерге еккен болатын. Соның бірі, Жаңажол ауылының тұрғыны Бектемір Әліқұлов үй іргесіндегі 15 соттық жерге еккен қызылшаның алғашқы терімінен 1,5 тонна өнім жинады. Қазіргі таңда келісін 180 теңгеден саудалауда.

Б.Әліқұлов жоғарыда аталған сорттар дәл осы Жаңажол ауылының топырағында өсіп шыққанда ғана ерекше дәмге ие болатынын, сондықтан мұнда қызылшаға жоғары сұраныс бар екенін жеткізді. «Қызылша егілетін жер өте құнарлы болуы тиіс. Ол үшін жер селитра, аммофос, малдың қиы арқылы тыңайтылады. Агротехникалық шаралардың басым бөлігі қол күшімен атқарылатындықтан, қызылша егу үшін қажырлы еңбек керек екені ескерілуі тиіс. Алайда, еселі еңбектің соңы – үлкен табысқа алып келеді», – деді Б.Әліқұлов.

Қызылша еккен шаруалар бүгінде өнімдерін Рессейге және еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына жөнелтуде. Қант қызылшасын толық жинап алған соң, диқандар екінші өнімге мал азықтық дақылдарды егуді жоспарлап отыр.

Д. Аязов,

Мақтаарал ауданы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған