Ордабасы ауданы: Бизнеске кедергі болмауы тиіс

Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау жолға қойылғанын байқауға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнесті қолдауға байланысты қажетті шараларды қабылдау жөнінде құзіретті органдарға берген тапсырмалары аясында аудандық прокуратура мен әкімдіктің ұйымдастыруымен бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, облыс деңгейіндегі қаржы ұйымдары арқылы берілетін несиелік қаржы шарттары мен несие алу тәртібін түсіндіру бойынша мәжіліс өтті.

Мәжіліске аудандық мәслихат депутаттары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Ырыс» ШНҰ» серіктестігі, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының өкілдері, «Атамекен» ҰКП Ордабасы ауданы филиалы, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы», ауылдық округ әкімдері, тиісті бөлім басшылары мен 70-тен астам кәсіпкер қатысты. Жиналысты аудан прокуроры Каукен Нәрікбаев ашып, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Сонымен қатар, жиында ауылдық жерлерден кепілге ұсынылатын жылжымайтын мүліктің (тұрғын үйлер) өте төмен бағада бағалануы, «Агро Бизнес» бағдарламасы бойынша несие алу үшін ірі қара мал басына 3,0 гектар жайылым, уақ малға 1,5 гектар жер телімін сұрауы, қаржы ұйымдары тарапынан несиеге құжаттар рәсімдеудегі қағазбастылық мәселесі көтерілді. Аталған түйткілдер бойынша қаржы ұйым өкілдері тарапынан орталық басшыларына жұмыс барысын жеңілдету жолдарын қарастыру туралы ұсыныстар берілетіні сөз болды.

Каукен Бахытбайұлы бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау прокуратура органдарының басты бағыттарының бірі екендігін айта келе бизнес субъектілерін қылмыстық қудалау орбитасына негізсіз тартудың алдын алу, болдырмау, жолын кесуге қызмет ететіндігін жеткізді. Сонымен бірге қандай да бір заң бұзушылықтар орын алған жағдайда кәсіпкерлік субъектілерін қорғау бойынша аудан прокуратурасы жанынан құрылған «Бизнестің құқығын қорғау мобильді тобының» сенім телефонына хабарласуға шақырды.

Қ. БАСТАУ, Ордабасы ауданы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған