Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Сайрамда оқушыларға тамақты үйден тасыған ба? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Сайрамда оқушыларға тамақты үйден тасыған ба?

 Газетіміздің өткен нөмерлерінің бірінде «Мектеп құлауға шақ тұр. Оған алаңдайтын «атқамінер» жоқ», – деген тақырыппен жарияланған мақалада Сайрам ауданы Әсіларық ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің бір бөлігі апаттық жағдайда болғандықтан жабық тұрғаны айтылған-ды. Осыдан кейін аталған ауылдан Жансерік есімді азамат хабарласып, мектептің асханасына қатысты да келеңсіз жайтты жеткізді.

«Ауылдағы мектебіміздің жарылған қабырғасын айтып, дабыл қаққандарыңыз дұрыс, бірақ білім ұясында өзге де сорақы жәйттер орын алып жатқанын мектеп басшысы ашып айтпаған шығар, – деді Жансерік. – Директор жасырғанмен оны көріп-біліп отырған біз айтпасқа болмайды. Мектептің іші қыс бойы жылымады. Сынып бөлмелері салқын болғандықтан, оқушылар жиі ауырды. Мектеп ғимараты жаңа болғанын қайтейік, сапасы өткен ғасырдың 70 жылдары салынған ғимараттардан да нашар. Апаттық жағдайда деп бірінші қабатына балаларды кіргізбегенімен, екінші қабатында балалар алаңсыз білім алды. Бұл ақылға сыйымсыз әрекет емес пе? Сонда бірінші қабатының қабырғасы қақ айырылып тұрған ғимараттың екінші қабаты қауіпсіз болғаны ма?

Ол-ол ма, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына берілетін ыстық тамақты мектеп асханасының аспазы үйінен дайындап апарады екен. Бұл санитарлық талаптарға мүлде сай емес. Мектептерде қазір сабақ аяқталғанымен, төменгі сынып оқушылары әлі мектеп жанынан ұймдастырылған жазғы лагерге барады. Сонда балаларымыздың күн ыстықта бұзылған тамақ жеп, уланғанын күтіп отыра беруіміз керек пе? Үш айдан кейін сабақ қайта басталады. Сол кезде де осы сорақылықтың қайталанбасына кім кепіл?! Осы жағын тиісті басшылар неге ойламайды?»

Естімеген елде көп демекші, бұрын-соңды «оқушыларға тамақты үйден пісіріп апарады екен» дегенді құлағымыз шалмапты. Бұл, енді ешқандай да заң, санитарлық талаптарға сай келмейді. Осы жайдың мән-жайын сұрамақ болып мектеп директоры Мәдина Көшекбаймен хабарласқанымызда ол кісі кәсіпкерлердің жұмысына араласа алмайтынын, бірақ олардың санитариялық эпидемиологиялық орталықтан рұқсаттары бар екенін айтты. Жауаптың қаншалықты шындыққа жанасымды екенін білмек оймен Сайрам аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ералқасын Жаһаншаұлымен байланыстық. «Біздің тарапымыздан ешқандай да мектепке тамақты үйден әзірлеп апаруға рұқсат берілген жоқ, берілмейді де. Бәлкім, рұқсатты ертеректе алып алған шығар, ал қазір мектеп асханасының жұмысына араласпаймыз. Кәсіпкерлердің жұмысын тексеруге уақытша мараторий жарияланған. Мемлекеттік сатып алу конкурстарын адами әлеуетті дамыту бөлімінің өздері өткізетінін білесіз. Сол себепті, мектеп асханаларында қандай жағдай қалыптасқанынан бейхабармыз. Перзентінің денсаулығына немқұрайлы қарамайтын ата-аналар тарапынан шағым түссе және онда көрсетілген кемшіліктер анықталған жағдайда келісім шартты бұзуға болады», – дейді ауданның бас санитары.

Балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі үшін назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселенің шешімін табуына осы азаматтар көмектесе алар деген оймен Түркістан облысы мен Сайрам ауданының бас ұстаздарына хабарластық.

Дінислам Болатханұлы

«Менің бұл мәселеден хабарым жоқ екен. Міндетті түрде бақылауға аламын. Оқушыларға берілетін ыстық тамақты үйден пісіріп тасымалдау дегенге мүлдем келіспеймін, олай жасауға болмайды, – дейді Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы. – Ал жалпы ол мектепке жөндеу керек екенін білемін. Бірақ жөндеуге өте көп қаражат – 670 миллион теңге қойылған. Бұл қаржыға 300 орынды жаңа мектеп салуға болады. Осындай келіспеушіліктің салдарынан жұмыс та кешеуілдеп тұр».

Әлжан Сапарбеков

Әлжан Сапарбеков басқаратын Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі әлеуметтік желідегі жазбамызға байланысты төмендегідей жауап қайтарды: «Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округіне қарасты Әсіларық ауылында орналасқан Ш.Уалиханов атындағы №49 мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген. Жобалық қуаты 300 оқушы орынға арналған. Қазіргі таңда мектепте 522 оқушы білім алуда. «Эксперт-80» ЖШС мекемесінің қорытындысына сәйкес, мектептің кейбір бөліктері (асхана, спорт залының киім ауыстыратын бөлмесі, мектептің А және Б блоктары) апатты деп танылуына байланысты, оқуға жарамды 9 сынып бөлмесі ғана пайдаланылуда. 2020 жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ жасалынып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Сметалық құны 675 млн. теңге. Жалпы Сайрам ауданында биыл 3 мектепті күрделі жөндеуге (391 335,0 мың теңге) қаржы қаралған. Облыс бюджетінің тапшылығына байланысты №49 Ш.Уалиханов атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына енгізілген. Тиісті қаржы 2023 жылы қаралады».

Талап бойынша оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамту міндеттелген. Бірақ, бұл мектепте мәселені оңтайлы шешуге деген әрекет байқалмайды. Сол себепті де жергілікті тұрғындар тамақ мәселесі келесі оқу жылы басталған уақытта да шешімін табарына күмәнмен қарайды. Өйткені, көзбен көріп жүргендері көңілдеріне әбден сенімсіздік ұялатқан. Ал Ә.Сапарбеков «енді қайтеміз» деп дәрменсіздік танытады. Бала денсаулығы, бала қауіпсіздігі таразы басына түскенде «енді қайтеміз» деп дәрменсіздік таныту жараса ма? Бұл мәселе облыстық басқарма басшысының назарынан түспеуі тиіс. Бүгін қаражат жұмсап, жедел шара көріп, әрекет етпесек ертең орны толмас өкініштен опық жеуі әбден мүмкін жағдай бұл.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған