Табиғат біздің анамыз. Болашақ ұрпаққа қоршаған ортаны бүлінбеген қалпында жеткізу бүгінгі буынның міндеті. Сол міндеттің бір бөлшегі – орманды өрттен сақтау екенін әркімнің білгені абзал.
Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі «Өрт қауіпсіздігі тәртіптерін» ұсына отырып, әрбір шардаралықтар мен қонақтарға төмендегі жайтты ескертеді. Орманда от жағуға қатаң тыйым салынған. Онда сөнбеген темекі тұқылы мен пайдаланылған сіріңкені тастауға болмайды. Сондай-ақ орманға кіретін техникалар міндетті түрде жалын өшіргіш құралмен жабдықталуы тиіс. Орманды жанама пайдаланушылар мен мал жаюшылар да өрт болдырмау шараларын қатаң сақтауға міндетті. Егер жаңадан басталған өртті байқасаңыз, дереу сөндірудің амалына кірісіңіз. Орман шаруашылығы қызметкерлеріне жедел хабар беруді де ұмытпау керек. Мал жаюшы және жұмыс істеушілер мектеп жасындағы балалардың ретсіз сіріңке қолдануын, өрт жағуы және басқа да өрттің тұтануына себеп болатын қауіпті жағдайлардың алдын алуы тиіс. Ата-аналар тарапынан да жіті қадағалаулар мен қатаң ескертулер жасалып отыруы керек.
Қоршаған ортаны қорғау, оның ішінде жасыл фаунаның бүлінуіне жол бермеу адамзат баласы үшін маңызды міндет. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған азамат заңға сәйкес Әкімшілік және Қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан өрт болған жағдайда, Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің 2-17-87, 78-4-18 және «101» номерін теру арқылы өрт сөндіру бөліміне жедел хабар беру керек.
Қайрат Сарбасов,
«Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі
мемлекеттік мекемесі» директорының орынбасары.