Сарыағаш өңірі Түркістан облысындағы тарихы тереңнен тамыр алған аудандардың бірі. Шыбық шаншысаң шынар болып өсетін бұл өңір елімізді көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз етуде маңызды орынға ие. Одан қалса мал шаруашылығы да қатар дамып отыр. Көрсеткіштерге көңіл аударар болсақ, әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Қай салада болмасын алға жылжу бар. Жалпы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында аудан әкімі Мұхит Отаршиев төмендегідей баяндайды.
«Қазіргідей күрделі кезеңде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағын нақты бағамдап, «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Осылайша «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашты.
Ауданның қазіргі ахуалы туралы айтар болсам, бюджеттің өзіндік кірістері өткен жылы 4,4 млрд теңге көлемінде жоспарланса, нақты түскені 4,6 млрд теңге. 3,9 млрд теңгеге жоспарланған бюджеттің шығыс бөлігі толығымен игерілді. Жалпы ауданның маңызды экономикалық көрсеткіштерінің өсімі сақталды.
Ауыл шаруашылығы саласында 105,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Салаға 4,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 106,8 пайызға артты. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде 46826 тонна дәнді дақылдар, 850 тонна бұршақты дақылдар, 2020 тонна майлы дақылдар, 26675 тонна бақша өнімдері, 92000 тонна картоп және 310151 тонна көкөніс өнімдері өндірілді. Жаңадан 31 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 683,2 гектарды құрады. Мал мен құс басы және өнімділік орташа 4-5 пайызға артты. Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы бойынша осы жылы 1011 гектарға 499 жоба жүзеге асырылды. Мал азықтық қорды қамтамасыз ету тұрақты бақылауда. Аудандағы мал басына қажетті 290 мың тонна мал азығын дайындау жоспары артығымен орындалды. 702,5 гектарға тамшылатып суару технологиясы іске асырылуда. Ауданға бағытталған 16,6 млрд теңге инвестицияның басым бөлігі, яғни 11,3 млрд теңгесі жеке инвестицияға тиесілі.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 15,5 мың бірлікті құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өткен жылы 112,3 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биыл көрсеткіш одан төмендемейді деген сенім бар.
«Қарапайым заттар экономикасы» аясында бүгінгі таңда 5,4 млрд теңгеге 3 жоба мақұлданды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 14,9 млрд теңгені құрап отыр. Жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 51,3 мың шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артты. Табиғи газбен қамтудың елді мекендерге шаққандағы үлесі 2021 жылы 65,6 пайызды құраған болса, биыл үш елді мекенге (Дарбаза, Жаңа ауыл, Шымырбайға) табиғи газ беріліп, қалған алты елді мекенде құрылыс жұмыстарын аяқтап, қамту үлесін 79,1 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы бір нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Ауыз сумен қамту үлесі де артып келеді. Көрсеткіш осы кезге дейін 62,7 пайыз болса, биыл екі елді мекенге (Әлімтау, Бостандық) таза ауыз су берілді. Ал, электр қуатымен 70 елді мекен қамтылған. Өткен жылы сегіз елді мекенде құрылыс және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, осы жылы жеті елді мекеннің электр қуаты жаңартылады.
Жол жөндеу жұмыстарын айтар болсам, өткен жылы 81 көшенің 131,5 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 88,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткішті осы жылы 90,0 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Әлеуметтік салаға қатысты өткен жылы «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасына 9580 адам қатысты. Атаулы әлеуметтік көмек 3703 отбасыға тағайындалған. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен 130 отбасыға 30,5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілсе, бұдан басқа 1969 аз қамтамасыз етілген отбасыларға «Біз біргеміз» қоғамдық қорынан 50,0 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар, «Адал көмек» еріктілер тобы арқылы 165 тұрмысы төмен отбасылар мен қарияларға қажетті азық-түлік себеті таратылды. 126 отбасыға қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілді. Демеушілер есебінен 2 тұрғын үй салынып, 2 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Ауданымызда Өзбекстан Республикасымен шекарамыз айқындалғаннан бері өзекті мәселеге айналып келе жатқан Бағыс және Хиебон елді мекендеріндегі жер және басқа да өзекті мәселелер шешімін тапты. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табатын болады».
Тіршілік қазаны қайнаған, халқы еңбекқор Сарыағаш ауданында қай салада болмасын даму қарқыны жоғары. Бағзы заманнан бері жер емген шаруаның ата кәсіптен ауытқымай, керісінше дамытуға күш салып келе жатқаны қуантады.
Ұ. ТӘМЕНОВ.