Жақында Созақ ауданы әкімінің аудан жұртшылығымен болған кездесулерінде тұрғындар тарапынан орман шаруашылығы саласына қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып қалды. Осы орайда Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі ММ КММ-нің директоры Жүнісхан Әлімбековпен сұхбаттасып, бүгінгі таңда ауданымыздағы орман шаруашылығы саласында болып жатқан оң өзгерістерге шолу жасап, газет оқырмандарының көкейінде жүрген кейбір сауалдарға бірлесе жауап іздеуге тырыстық.
– Жүнісхан Мырзаханұлы, әңгімемізді тарих қойнауынан бастасақ, өзіңіз басқарып отырған Созақ орман шаруашылығы қай жылы құрылды?
– Созақ орман шаруашылығы 1962 жылы Созақ орман саяжайы негізінде, араға екі жыл салып Созақ орман шаруашылығы болып құрылған.
– Президентінің тапсырмасына сәйкес орманды алқапты ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсаңыз?
– Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Қасым-Жомарт Кемелұлының 2020 жылғы Жолдауының 7-бағдарында Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырған болатын. Алдағы бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл жоспар жүзеге асырылып, еліміздегі экологиялық жағдайдың жақсаратындығы жөнінде де айтылды.
– Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің орманды, аң-құстарды қорғау өсімін молайту барысында атқаратын қызметі жайлы баяндап өтсеңіз.
– Орман шаруашылығы мекемесі орманды өрттен, сұғанақтықтан және басқа да орман қоры жерлеріндегі заң бұзушылықтан қорғау, орман қоры жерлеріндегі ағаштар мен бұталарды және аң-құстарды қорғау өсімін молайту мақсатында жұмыстар атқарады. Атап айтар болсақ, орман қоры жерлерінде, басқа аймақтарда жыл сайын әртүрлі жағдайларда орман өрттері орын алып, едәуір алқаптар жалын құшағында қалып жатады. Өз кезегінде өртенген алқаптардағы жылдар бойы күтіліп, қорғалып келе жатқан ағаштар түгі қалмай жанып, табиғатқа орасан зор зиян келтіріп, экологиялық жағдайлар туындатып жатады.
Осындай жағдайларды болдырмау үшін ауданымыздағы орман қоры жерлері мен онымен шекаралас алқаптарда өрт оқиғасының алдын алу шараларын Созақ орман мекемесі жыл сайын арнайы жоспарлар аясында іс-шарлар жүргізіп келеді. Оның дәлелі – ауылдық орман қоры жерлерінде жыл сайын 1720 шақырым жерге минералды жолақтар жүргізіп, өртке қарсы аса қауіпті аймақтарға өрт қарауылдау бекеттерін қойып, ол бекеттерде тәулік бойы мекеме қызметкерлерінен кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Бекеттерге арнайы өрт сөндіру автокөліктері, тракторлар соқасымен, арнай су тасығыш цистерналар қойылады және өртке қарсы барлық құрал жабдықтармен, рациялармен, телефонмен қамтамасыз етіледі.
– Жүнісхан Мырзаханұлы, орман пайдалану бойынша жасалған жұмыстардың барысы қалай?
– Орман заңнамалары негізінде орман қоры аумағында жыл сайын өртті болдырмау, алдын алу және зиянкестерден қорғау мақсатында орман алқаптарында тазалау жұмыстары жүргізіліп отырады. Алдағы уақытта «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-не қарасты орман қоры жерлерін облыс әкімінің қаулысы негізінде уран өндіру үшін пайдалануға беріледі. Берілу барысында ол жердегі ағаш қорының материалдық-ақшалай бағалау хаттамасы жасалады. Дәлірек айтқанда, орман қорын пайдаланудан келіп түсетін шығын көлемі есептеледі.
«Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» 2022 жылдың мамыр айына дейін орман билеттері негізінде уақытша мал жаю үшін 71 жеке тұлға және 13 заңды тұлғаға берілген 65 996 гектар жайылымдық жерлерден 5 493 000 теңге, ал орман билеті негізінде шөп шабуға 4 жеке тұлғаға берілген 650 гектардан 171 мың теңге алынды.
– Созақ орман шаруашылығы мекемесі орманды қорғаумен бірге ондағы аң-құстарды қорғап, өсімін молайтумен айналысатыны белгілі. Осыған орай жойылып бара жатқан құлан аңын өсіру жоспары қалай жүзеге асырылуда?
– Созақ ауданы жерінде құлан атауымен аталатын бірнеше жер-су аттары кездеседі. Ал жер-су атаулары тарихта болған оқиға немесе басқа да себептерге байланысты қойылатыны белгілі. Құлан атымен байланыстырылған жер-су атауларының кездесуі біздің жерімізде ертеректе құланның көптеп мекендегенін дәлелдейді. Яғни, ауданымыздың шөлейтті даласын құланның тарихи мекені деп айтуға толық негіз бар. Қарақұйрық пен құлан сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлері болып табылады.
«Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті» жабайы жануарлардың қоныс аудару орталығын міндетті түрде тартып, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнама талаптарын сақтай отырып, қарақұйрық пен құланды қайта жерсіндіруге қарсы емес екенін жеткізді. Осыған орай «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан құлан мен қарақұйрықтың төлін алу және кейіннен қайта жерсіндіру үшін еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда уақытша ұстау үшін орман қоры жерінен көлемі 200 гектар болатын тұқымбақ құрылды. Оған құланның 5 аталығы мен 15 аналығын, қарақұйрықтың 3 аталығы мен 12 аналығын және 5 төлін тірідей аулап жеткізу жоспарлануда.
Созақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме ауданымыздың гүлденіп, көгалдануына да айтарлықтай үлес қосып келеді. Орманды даланы қорғауға алып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасаудамыз. Осы орман саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп, орман шаруашылығын дамытуға үлес қосып келе жатқан орман шаруашылығының білікті мамандары Дәуленбаев Лесбек, Қалдәулет Орынбасар, Таңатов Сабырхан, Әжібаев Әділбек, Бекпенбетов Бақыт, Алтаев Әділ сынды азаматтардың есімдерін мақтанышен айта аламыз. Орман қорғау және дамыту бағытындағы жұмысымыз алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
– Сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз.
Әңгімелескен, Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.