Жемқорлыққа қарсы тұру – әрбір азаматтың міндеті

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары негізінен қандай жағдайда орын алады? Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған қорытынды беру, лауазымды адамдар тарапынан сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін орындамауы секілді қылмыстардың барлығы сыбайлас жемқорлық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Осы келеңсіз құбылыстардың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Демек, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша азаматтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын.

Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы өте зор. Кез-келген азамат өзінің құқықтарын, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Мемлекеттік органдардардың, ұжымдардың басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі, жеке басының қамын ойлауы парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұру қажет.

Өркениетті дамытқысы келетін, ортасын құрметтейтін әр азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген  халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік, дамыған мемелекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами парасат биігінен көрінуге тиіспіз.

Қалмұханбет Байсариев,

Шымкент қаласы бойынша Қазынашылық департаменті

басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған