Жетісай ауданының Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті ауылында бір гектар алқаптан 25 тонна қарбыз Ресейге экспортталуға дайын тұр. Тамшылатып суғару әдісімен өсірілген қазақстандық қарбыздың сапасы да жоғары. Дәмі тіл үйіреді.
«Тамшылатып суғарудың пайдасы мол екен. Жыл сайын 6 мың түп егетін едім, осы әдіспен биыл 8 мың түп шықты. Бұл өз кезегінде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Тамшылатып суғарудың тағы да бір артықшылығы – тыңайтқыш 5-6 есе аз кетеді. Қол күшін де көп қажет етпейсің. Қарбыздың 60-65 күнде пісетін «Долбый» атты сортын сәуір айында ектік. Қазір бағасын келіссек, 25 тоннадан астам қарбызды үзейін деп жатырмыз. Бұған дейін келісіне 210 теңге ұсынып кетті, бұл бағадан 20-30 теңгеге жоғарылау бағаны көздеп отырмын», – дейді «Атымтай» шаруа қожалығының төрағасы Атымтай Омаров.
Биыл Жетісай ауданында 17 мың гектарға бақша дақылдары егілген. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 1100 гектар аумақта 236 жоба іске асырылуда. Демек, биылғы жыл жетісайлық дихандарға табысты болмақ.
Ұ. БЕК.