- Оқшау ой
Кешегі аптада мектеп бітіргенімізге 20 жыл толған кездесу тойын өткіздік. Абыр сабыр басылсыншы деп әдейілеп оқу жылы аяқталған, мектептердегі «Соңғы қоңырау» салатаны өткен соңғы күнге белгілеген едік. Бізді оқытқан ұстаздардың біразы зейнеттік демалыста, ал бірқатары басқа мектепке ауысып кетіпті. Мектепке бару қосымша қаржы шығын қажет етеді екен. «Естелік деп мектепке бұйым беруіміз керек. Директорға да сыйлық апару қажет» десті ұйымдастырушы қыз-жігіттер. Бізге дейінгі 20, 30 жылдық кездесу өткізгендерден осылай деп естиміз. Ал түптеп келгенде 20 жылдықтың өзіне ақшадан қиналып келе алмайтындар болады. Сонша жыл кездеспеген достарға әдемі көйлек киіп, сәнденіп келгісі келеді ғой. Ол да аз ақша емес. 20 жылда өз қолы өз аузына жете қойғандары да шамалы болады емес пе?! Бала-шаға енді жетіліп келе жатқан кезіміз ғой. Ақшадан қиналып көбі келмей қалмасыншы деп, сыныптастар ешкімге аса ауырлық түспейтіндей етуді жөн көргенбіз. Ұстаздарымызды тойханаға шақырып, сыйлық ұсынып, құрметпен ортамызда бірге болғанын дұрыс санадық. Осы шешіммен 20 жылдық кездесу тойымыз дүркіреп өтті. Мектеп бітіргелі кездеспеген сыныптастарымызды жолықтырып, жоғары қуанышты көңіл күйде болдық.
Өкініштісі сол, кездесудің ертесіне біз оқыған мектептің қазіргі басшысы сол білім ордасында қызмет ететін сыныптасымызды, енді біріміздің жеңгемізді, екінші біреуіміздің әпкемізді жинап алып, біздің кездесуіміз туралы айтып, жөнсіз ұрсып жатыр екен. «Айтпайсыңдар ма, мектепке келіп сыйлық жасап кетіңдер деп. Бұл мектепке деген құрметсіздік. 20 жылдықтары быт-шыт өтті» депті. Олар біз үшін айыпты болып, “қысылғандарынан” біз үшін директорға сый жасасақ па деп жүр екен. Не үшін? Осы дұрыс па?!
Мемелкет тарапынан мектептерге қазір көп көңіл бөлініп жатқан жоқ па? Қажеттінің бәрі берілуде. Әлде мектеп директорының өз дәмесі бар ма еді? Бізге сабақ берген ағай, апайлар қазір зейнетті демалыста екен. Ол кісілерді тойханаға түгел шақырдық. Біз оқыған кездегі мектеп директорын да шақырып, төрден орын бердік. Сонда 20 жылдық кездесуіміздің қай жері «быт-шыт» болыпты? Әрбірден соң 20, 30 жылдық кезедсулер кім үшін? Көптен көріспеген сыныптастар басқосып, балалық шақты еске алып қауышу үшін емес пе?! Мектеп директорының осы бір оғаш қылығы бізді қатты ренжітіп отыр. Әрбір 20, 30, 40 жылдық түлектердің кездесуінен сыйлық дәмету орынсыз деп ойлаймын.
Еркінай Сарманова
Түркістан облысы
Рақмет, жақсы жазылыпты