Пайғамбар (с.а.с) миғраждан үмбетіне тоғыз қасиетті зат әкеліпті. Олар: жастық, жайнамаз, бөрік, шапан, орамал, намаз, дастархан, Құран, сәлемдесу үлгісі екен.
Пайғамбар миғражға көтерілгенде алдынан періштелер шығып:
–Ассалаумалейкум, әлемнің рақымы! — деп сәлем береді.
–Уалейкүмсалам! — деп жауап береді. Мұндағы «Ассалаумалейкум» сөзі «Алланың нұры жаусын, бар жақсылықты нәсіп етсін» деген мағынаны береді. «Уалейкүмсалам!» — деп сәлемін қабыл алғанда, «Саған да Алланың сәлемі мен игілігі болсын» деген тілек айтылады.
Ұлық Алла миғражда пайғамбарға:
–Үмбетіңе сәлемді парыз етемін. Бір-біріне сәлем берсін. Кім көп сәлем берсе, менің нұрым мен рақметіме бөленеді, — дейді. Пайғамбар миғраждан келген соң, үмбетіне Алланың сөзін жеткізіпті.
Екінші бір аңыздарда Ібіліс жаңадан жолыққан екі адамның арасына от салуға дайын тұрады екен. Олар: «Ассалаумалейкум!» — деп сәлемдессе, Ібілістің жоспары күйрейді екен.
Әлімсақта Алла Адам атаға:
–Періштелерге «Ассалаумалейкум!» деп сәлем бер, — дейді. Адам ата оларға сәлем береді. Періштелер:
–Уалейкүмсалам, Алланың халифасы, — деп сәлемін қабыл алады. Сол кезде Ұлық Алладан әуез келіп:
–Әй, Адам, бұдан былай сәлем беру ұрпағыңа үлгі болсын, — дейді.
Адам ата мен періштелердің алғашқы сәлемдесуі адамзатқа өнеге, дәстүр
болып орныққан екен.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» деген естелік кітабында сәлем беру дәстүрі жайлы былай деп жазады: «…Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жанбастай жайғасып, баппен қымыз ішіп отыр екен… Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да, құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?» — деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассалаумалейкум, аталар!» — деп әр сөзімді қадап-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен, мені араз етіп алмау үшін бәрі де бірауыздан: «Уалейкүмсалам!» — десті.
Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтады. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғастым. Ол басымнан сипап отырып:
– «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді», — дейтін.
«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасылық христоматиясынан