Кеше ел астанасында ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Дүниежүзілік гимназиада – 2022-нің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін білім гранттары және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сайыпқыран спортшылар сапында біздің жерлесіміз – Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақбастау ауылы Н.Шойынбаев атындағы орта мектептің 9 “а” – сынып оқушысы Жанелия Нармат та бар.
Қазақстандық оқушылар биыл алғаш рет Дүниежүзілік гимназиада – 2022 жарысына қатысты. Қазақстан құрамасының құрамында 234 спортшы өнер көрсетті. Олар спорттың 18 түрінен сынға түсті. Сол бәсекеде 40 келі салмақ дәрежесінде еркін күрестен қыздар арасында сынға түсіп, 1-орын иеленген Жанелия Нармат әлем чемпионы атанды.
Жанелия еркін күреспен 10 жастан бері айналысады. Жаттықтырушысы Бақыт Шадиев балауса балуанның бағындырар биігі алда дейді. Себебі, Жанелия Ахатқызы бұған дейін де байрақты біршама бәсекелерде бас жүлде алып көзге түсіп жүрген спортшы.
Атап айтар болсақ, ол Шардара қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы кубоктың, Арыс қаласында өткен Әуесхан қажы Салықбаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің жүлдегері. Бірінші жүлделі орын алып ауылдастарының мерейін үстем етіп жүрген қыз.
Жанелия Қырғызстанда өткен Әжі Османалиев атындағы жарыстан да жүлдемен оралған спортшы. Ал, сайрамдық бапкер, КСРО спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Әмірхан Шәдиевті еске алуға арналған республикалық сайыста Жанелия жарқырай көрініп, бозкілемнің шанын қаққан балуан.
Енді міне, сонау Франция төрінен жеңістің туын желбіретіп келіп отыр.
ҚР Білім және ғылым министрі Жанелияға бағалы сыйлықтар табыстады. Өзге де жеңімпаздар мен жүлдегерлердің ұстаздарына, жаттықтырушыларына алғыс хаттар табыс етілді.
–Мен баршаңызды тарихи жеңістеріңізбен құттықтаймын. Сондай-ақ оқушыларымыздың жаттықтырушылары мен ата-аналарына әлемдік аренада осындай жоғары жетістіктерге жетуге көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ, ЖОО-ға бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды. Бүгін бұйрыққа қол қойылды және енді гимназиаданың 50 жеңімпазы, мектеп түлектері өз мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында білім алу үшін грантқа ие болады, – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Бабы келскен біздің балуан қызымыз Жанелияның бағындырар белесі биік болсын дейміз.