Инвестиция тарту нарық заманының басты жетістігі саналады. Сондықтан әрбір ауыл, аудан, облыс инвестицияны мүмкіндігінше мол тартуы тиіс. Бұл мәселеде Келес ауданында нәтижелі жұмыс жүргізілуде.
Жуырда жекелеген инвесторлардың қолға алуымен Келес өңірінде «Сарыағаш-QZ» серіктестігінің ет және шұжық өнімдерін өндіретін зауыты іске қосылады. Жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылмақ. Зауыттың жалпы құны 350 миллион теңге болса, онда 100 адам жұмыспен қамтылады деген сенім бар.
Жалпы, Келес өңірінде инвесторлардың игі іс атқаруына көп жағдай жасалаған. Сол себепті қызығушылық та жоғары. «Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 62 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,8 миллиард теңгеге артқан. Өңірде озық технологияны қолдана отырып, 1 алқаптан 2-3 рет өнім алу бойынша 316 жоба іске асырылды. Аймақта жалпы 121 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері алынып, облыстағы үздік көрсеткішті көрсетті», – дейді Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев.
Сондай-ақ, биылғы жылы аудан бюджетінің есебінен 133 миллион теңгеге 101 шақырымды құрайтын каналдар мен қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуінің нәтижесінде 217 гектар жер қайта айналымға түсіп, шаруалардың игілігіне пайдаланатын болады.