Сайрам ауданының дихандары да Жетісай мен мақтааралдық әріптестерінен қалысар емес. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бір жерден 2-3 өнім алу тәсілін Сайрам ауданының тұрғындары жақсы меңгерген. Айталық, биылғы жылы Құтарыс ауылдық округінде 41,9 гектар жерге қырыққабат және картоп өнімдері егілді. Қазіргі таңда агроқұрылымдар бірінші айналымында егілген қырыққабат өнімін жинап, экспорттауға мүмкіндік алып отыр.
Дихандар алғашқы егістен гектарына 22-25 тонна шамасында өнім алуды көздеп отыр. Бүгінгі таңда ол еліміздің солтүстік өңірлерінің сауда орындарына жеткізілуде. Ендігі жерде картоп өнімін жинаудың да кезегі жақындап қалды. Әрбір шаруашылықта 20-ға жуық азамат жұмыспен қамтылған.
Сайрамдық шаруалар екінші айналымда болгар бұрышы мен баялдыр көкөністерін егуді жоспарлапты. Егер бабы келісіп жатса, табыс та мол болады деген сенім бар.
Нұргүл Бекмұратова.