Созақ ауданы Созақ ауылының тұрғыны Тоғжан Асқарбекқызы биыл «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша грант ұтып алды. Бүгінде созақтық жерлестерінің қажетін өтеу үшін «Togzhan cakes» кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Сапалы өнімге тапсырыс берушілер қатары артып келеді. Жуырда аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылына барып, Тоғжан Асқарбекқызының кондитерлік өнімімен танысып, жоғары бағасын берді.
– Біз шағын кәсіпкерлікті дамытуға ниет білдірген тұрғындарды қашан да қолдаймыз. Өз кәсібін ашып, алға қадам басқан Тоғжан қарындасымызға алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Тәтті өнімдерге ауыл, көршілес бірнеше елді мекен тұрғындарынан сұраныс артқанына қуанышты Тоғжан Асқарбекқызы: «Әлеуметтік желіде арнайы парақшамыз бар. Кей күндері тапсырыстарды орныдауға үлгере алмай кетеміз. Ең бастысы, кәсібім өзіме ұнайды. Әрбір тұтынушы тәтті бәліштің, ыстық тоқаштар мен мерекелік торттардың дәмді екенін айтып, алғыс білдіргенде қуанып қаламын. Мен үшін алғыс алғаннан асқан байлық жоқ», – дейді.
Т.Асқарбекқызының жолдасы Малохиддин Абламидов та былтырғы жылы грант алып, бүгінде ағаш өңдеумен айналысады екен. Оның қолынан шыққан отандық өнімге де сұраныс жоғары. Өз шеберханасы арқылы екі ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған ол жұбайының бизнесіне де қолқабыс жасап, тәтті өнімдердің сатылуына үлес қосып жүр. Міне, осылайша бір отбасыдан екі кәсіпкер шығып, көпке пайдалы шаруамен шұғылдануда.
Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Салия Әзімбаева көшелерде, қуыс-қуыстарда шашылып жатқан қоқыстың өзінен ақша жасауға болатынын дәлелдеп бағуда. Ол өндіріс орындарындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, түріне қарай сұрыптап, тығыздап жинайтын арнайы орын ашты. Жиналған тұрмыстық қалдықтарды Шымкент қаласына қайта өңдеуге жібереді. Әрине, жеке инвесторлар табылып жатса қоқыс өңдейтін мұндай кәсіпорынды Созақтың өзінен ашуға да мүмкіндік бар. Ондай жағдайда Шымкентке тасымалданатын жол шығыны да қысқаратыны белгілі. Әрбір ауылда осындай шағын кәсіпорындар жұмысын бастаса, біріншіден, қоршаған орта тазарып, екіншіден, жұмыссыз жүргендердің екі қолына бір күрек табылып, әл-ауқатын көтерген болар еді. Үшіншіден, жергілікті салық түсімін де арттырады.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрмыстық қалдықтарды жинап, түріне қарай сұрыптайтын кәсіпорынға арнайы барып, жұмыс барысымен танысып, жақсы бастаманы жоғары бағалады. «Тұрмыстық қалдықтарды жинап, қайта өңдеу – заман талабы. Шыны керек, бізде қоқысты жекелеп жинау, сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымы кенжелеп отыр. Аудан көлемінде осындай істі бастап, ұйымдастырып отырған жандарға қолдау білдіру маңызды. Қоқысты сұрыптау мәдениетін жолға қоюымыз керек. Біздің тарапымыздан қолдау болады», – деді аудан басшысы.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік курсын бітіріп, сертификат алған Салия Әзімбаева бүгінде ауылдың төрт азаматын жұмыспен қамтып отыр. Ауыл ішіндегі, көше бойындағы шашылған қоқысты жинап алады. Сондай-ақ жекелеген азаматтар да тұрмыстық қалдықтарды арнайы келіп өтізеді. Кейіпкеріміз алдағы уақытта арнайы көлік пен пластмасса қалдықтарын ұсақтап турайтын аппарат алуды жоспарлапты. Биылғы жылы гранттық комиссияға жобасын ұсынып, жұмыс ауқымын кеңейтуге қолдау болатынына сенім артып отыр.
Ерлан Райымбек.