Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Балалар жылында көпбалалы аналар далада қала ма? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Балалар жылында көпбалалы аналар далада қала ма?

1950 жылдан бері 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күні болып аталып келеді. Біздің елімізде балалар құқының қорғалуына айрықша мән беріледі. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады.

Президент тапсырмасына сай Қазақстанда балалардың құқы қорғалып, олардың сапалы оқып-жетілуіне, лайықты демалуына, салауатты өмір салтын жандандыруына жан-жақты жағдай жасалуға міндетті. Бірақ шын мәнінде солай болып жатыр ма? Өткен аптада Келес пен Сарыағаш аудандарынан хабарласқан аналардың уәжіне құлақ түргенімізде өзімізді ауыр ойдың тұңғиығына батып кеткендей сезіндік. «Дүниеге жеті перзент әкелдім, біреуі бақилық болып, алтауы бар, – дейді Келес ауданынан хабарласқан көп балалы ана Құмайра Әлімбекова. – Төрт ұл үйленіп, бөлек үй болды. Әрине, олардың өз отбасының түтінін түтеткені болмаса, әзірге біреуге көмектесетін жағдайлары жоқ. Қазір қолымда мектеп жасындағы бір ұлым мен қызым қалды. Үйіміз өртеніп, басқа паналайтын баспанамыз болмағандықтан 2005 жылдан бері Бесқұбыр елдімекеніндегі ескі мектептің апаттық жағдайдағы бір бөлмесінде тұрып келдік. Жаңа мектеп салынады деген себеппен мені жексенбі күні мәжбүрлегендей етіп басқа жерге көшірді. Онысы үй деген аты болмаса, есік, терезелерінен түк қалмаған. Не суы, не газы жоқ. Тіпті, от жағатын пеш салынбаған. Бұрын дүкен болған екен. Едені бетон, табан астынан сыз өтеді. Бір сөзбен айтқанда, ешқандай жағдай жоқ. Қыс мезгілінде ахуалымыз қандай боларын кім білсін? Әкімдік үй жалдап береміз деген сөзінде тұрса екен.

Көп балалы ана ретінде 44-ші болып үй кезегінде тұрмын. 15 жылдан бері 56-шы болып тұрған жер кезегім де жылжымай қойды. Жұмыс орнынан алатын жалақым 60 мың теңге. Оның өзі жуырда көтерілді. Қарызым барына байланысты банк есепшотымды бұғаттап тастағандықтан, аз жалақымды да ала алмай отырмын. Енді не істеуім керек? Әбден басым қатты».

Осыған ұқсас жағдайды Сарыағаш ауданының тұрғыны Жаниха Мәменовадан да естідік. «Көп жылдан бері Сарыағаш қаласында пәтер жалдап тұрамын, – дейді Жаниха Райсқызы. – Үш ұлымнан сегіз немерем бар. Үлкен ұлым ауру болғандықтан соны күтіп үйде отырмын. Ортаншы балам әр жерде жалдамалы жұмыс істейді. Кіші ұлым Шымкент қаласындағы жүйке ауруларын емдейтін ауруханада жатыр. Баламның ем-домына қаржы керек болып, 2016 жылы үйімді саттым. Үй кезегінде тұрайын деп, өткен жылы берген өтінішім қанағаттандырылмады. Енді не істеуіміз керек?»

 

Естеріңізде болса, Алматы қаласында тұрғын үйдің жоғары қабатынан алдымен бүлдіршіндерін лақтырып, артынан өзі де секірген келіншектің жантүршігерлік өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Марқұм бұл қадамға осы секілді тіршіліктегі тауқыметі тығырыққа тірегендіктен барған болар, кім білсін?! Қайғылы оқиға қайталанбасын десек, неге осындай жалғызбасты аналардың ауыр тағдырына араша түспеске? Біз бұл сауалды Сарыағаш ауданың әкімі  Мұхит Отаршиев пен Келес аудандарының әкімі Ахментай Есбаевқа, қос ауданның кәсіпкерлеріне, қолы ашық жомарт жандарға қойғымыз келеді. Экономикалық әлеуеті жоғары, кәсіпкерлері табысты қос ауданның бетке ұстар азаматтары үшін ондаған жылдар бойы жесірдің қаңғып, жетімнің жылап жүргені үлкен сын болар.

Журналистерден көмек сұрауға мәжбүр болған аналар мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізе алмаса, кәсіпкерлердің қолдауына ие бола алмаса, онда неге Президенттің пәрменімен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қордың көмегіне жүгінбеске? Бұл қор әлеуметтік ахуалы төмен осы секілді отбасылардың жыртығын жамау үшін құрылмап па еді? Әлде қорға құйылған миллиардтар тағы да жалақыға жаратылып, ебін тапқандардың мұртын майламақ па?

Еске түсірсек, жыл басында құрылған «Қазақстан халқына» қорының негізгі мақсаты – қазақстандықтардың атаулы және жүйелі мәселелерін, сонымен бірге Қазақстанда қайырымдылықты жүйелі дамыту, қайырымдылық мәдениетін көтеру, қазақстандықтардың мәселесін шешу болып табылады. Ал енді қор кімдерге көмектеседі деген сұраққа келер болсақ, қор екі бағыт бойынша: атаулы және жүйелі көмек береді. Қысқартып айтсақ, қиын жағдайдағы балалар, жетімдер, өмір сүру жағдайлары ең төменгі табыс пен тұрғын үй стандарттарына сәйкес келмей, өміріне қауіп төнетін балалары бар отбасылар бұл қордан көмек ала алады. Жоғарыда айтылған екі отбасының да жағдайы бұл талаптарға сай келіп тұр деп айтуға әбден болады. Шенділер мен қалталылар жергілікті жағдайда аталған мәселені шеше алмаса ең болмағанда қордан қаржы аудартуға қолғабыс жасау керек емес пе?

PS: Газет беттеліп жатқанда Қошқарата ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Шәкір Тұрсынбаев хабарласып, Құмайра Әлімбекова жылдың соңына дейін коммуналдық баспанамен қамтамасыз етілетінін, оған дейін жалдаған пәтер ақысын әкімдік төлеп тұратынын, бұл жағдайдан аудан әкімі хабардар екенін жеткізді. Бұған да шүкір дейік. Ал, сарыағаштықтар қандай қадам жасар екен?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған