Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Конституцияға өзгеріс енгізу – уақыт талабы

Конституцияға өзгеріс енгізу – уақыт талабы

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда Жоғарғы кеңес депутаттарының дауыс беруімен қабылданғаны белгілі. Ал 1995 жылғы жалпыхалықтық референдумда 1100 түзету енгізілді. Бұл Конституция бір мезгілде мемлекеттілікті нығайтуға, биліктің барлық тармақтарының өкілеттіктерін нақты ажырату есебінен мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Өткенге назар салсақ, елдің дамуына байланысты Ата заңымызға да бірнеше рет өзгеріс енгенін байқаймыз. Енді сол өзгерістер несімен есте қалғандығына қысқаша тоқталып өтсек. Алғаш рет 1998 жылы Конституцияның 19 бабына өзгеріс енгізілді. Онда Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту, Үкімет мүшелерінің депутаттық корпус алдындағы жауапкершілігін бекіту, Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімін Мәжіліс депутаттары үшін төрт жылдан бес жылға дейін және Сенат депутаттары үшін алты жылға дейін ұлғайту, алқабилер институтын енгізу және т. б. елеулі толықтыру болды. Ал, 2007 жылы 40 бапқа өзгеріс енді. Бұл жолы қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігуіне және қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салу алып тасталды, өлім жазасын қолдану шектері шектелді, қамауға алуға және қамауда ұстауға тек соттың санкция беруі белгіленді. Парламенттің өкілеттігі кеңейтіліп, депутаттардың саны ұлғайтылды, оларды сайлау тәртібі мен мандатын тоқтату негіздері жетілдірілді. Премьер-Министрді парламенттік көпшілік дауыспен бекіту туралы норманы және Үкімет басшысын тағайындау кезінде Президенттің партия фракцияларымен консультациялар рәсімін енгізу есебінен Парламент мәртебесі нығайтылды.

2011 жылы Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған түзетулер енгізілді. Араға 6 жыл салып, 2017 жылы тағы да 25 бапқа өзгеріс енгізілді. Яғни, Президент Премьер-Министрмен және Парламент Палаталарының Төрағаларымен кеңесуден кейін кез келген мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату құқығына ие болды. Конституцияға 2019 жылғы өзгеріс енгізу астана атауының «Астанадан» «Нұр-Сұлтанға» өзгеруімен байланыстырылды.

Биылғы референдумның ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, Ата заңдағы бұрынғы өзгерістердің барлығын халықтың тікелей қатысуынсыз Парламент қабылдады. Қазіргі конституциялық реформа тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл оның жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Оның маңыздылығы, Президент бастаған реформалар тактикалық емес, ұзақ мерзімді және стратегиялық. Олар іс жүзінде біздің өміріміздің барлық аспектілерін қамтиды. Қоғамның сенімінсіз «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес. Және бұл жоғары ұшқыр пайымдаулар емес, фактілердің қарапайым тұжырымы.

Біз еліміздің Конституциясына жиі өзгерістер енгізіліп жатыр деген сынды жиі естиміз. Сонымен қатар, басқа елдердің, ең алдымен Батыстың мысалдары жиі келтіріледі. Негізінде ол елдерде мұндай өзгерістер әлдеқайда жиі кездеседі. Бұл жерде бірнеше тармақтарды ескеру қажет. Қазақстан – саяси транзитті әлі толық көлемде аяқтамаған, салыстырмалы түрде жас мемлекет. Біздің елімізді конституционализм дәстүрі көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан басқа еуропалық және батыс елдерімен салыстыру мүлдем орынсыз.

Егер сіз реформалардың бүкіл пакетіне мұқият, ең бастысы, бейтарап қарасаңыз, өзгерістер ауқымының бұрын-соңды болмағанын көресіз. Біз елдің бүкіл саяси жүйесін «қайта жүктеу» туралы айтып отырмыз. Ескі үлгіден «кетуді» заңды түрде ресімдеу және саяси жүйені қайта бастау үшін референдум қажет. Енді Мемлекет басшысы әкім қызметіне кандидаттарды баламалы негізде облыстық мәслихаттар депутаттарының қарауына енгізеді, яғни, депутаттар әкімді нақты таңдайтын болады.

Президенттің алға қойған бастамаларын іске асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл өте ауқымды, азаматтардың қалай дауыс беретінін елестетудің өзі қиын. Бірақ жоспарланған реформалардың ауқымына, олардың жан-жақты сипатына байланысты президент оларды бүкілхалықтық дауыс беруге шығару қажет деп санады. Бұл ретте, азаматтарға дауыс беру ұсынылатын тармақтардың саны күмән немесе алаңдаушылық тудырмауы тиіс.

Президент жүргізіліп жатқан реформалардың міндетін нақты белгілеп, билік институттары арасында түбегейлі жаңа конституциялық тепе-теңдік қалыптастыру екенін нақты атап өтті. Бұл, ең алдымен, суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті көшу туралы бастамаға қатысты. Яғни, әңгіме дәл қарама-қайшы әрекетте. Қ.Тоқаев қазір президенттік өкілеттікті қысқарту жолында. Қ.Тоқаев бірнеше рет айтқандай, елде артықшылық болмауы керек, бұл тек экономикаға ғана емес, саясатқа да, оның ішінде Президенттің өзіне де қатысты.

Мемлекет басшысы айтқандай, «Жаңа Қазақстан әділдік аумағына айналуы тиіс», онда «туысқандық пен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен ымырашылдыққа» батыл тосқауыл қойылады. Бұл норма популистік емес, нақты мақсаттарды көздейді. Кез-келген өзгеріс биліктің өзінен басталуы керек және Президент мұны өзі үлгі ретінде көрсетіп отыр.

Гүлдария Шабдарбекова,

Бәйдібек аудандық ауруханасының бас дәрігері.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика