«Асты біссімілдәсіз жеме» деген тыйым бар. Діни кітаптарда біссімілдәсіз ас Ібілістің қорегі делінеді. Бұл жайында мынадай аңыз бар.
Ертеде Әбіл қой бағып, Қабыл егін егіп, тынбай еңбек етіпті. Қарындары ашып, тамақтанар кезде қастарына Ібіліс келіп «маған да үлес тиіп қалар ма екен?» деп дәмеленеді екен. Әбіл асына «біссімілдә» деп қол созғанда, шайтанның үміті кесіліп:
– Қап, бүгін жолым болмады. Тамағына ортақтасам деп күні бойы жанында жүріп едім. «Біссімілдә» деп асты адалға айналдырды. Маған бүл жерде орын жоқ, — деп ызаланып кетіп қалады екен.
Қабылдың жанына келгенде, ол асты қалай болса солай жей береді екен. Қабылдың осы қылығын шайтан жақсы көріпті. Біссімілдәсіз асқа Ібіліс те келіп ауыз салыпты. Қабылдың Әбілді өлтіруіне осы жағдай әсер еткен екен. «Біссімілдәсіз жеген ас — Ібілістің тамағы» деген сөз осыдан қалған деседі.
Шиш пайғамбарға Адам ата: «Құттың басы — біссімілдәда. Құт жұқсын десең, Құдайға шүкіршілік етіп, бетіңді сипа», — деп өсиет айтады. Содан бастап Шиш өсиетті қаза етпей, дәстүрге айналдырыпты.
Ібіліс қарғыс қамытын киген кезде Ұлық Алладан дат сұрапты.
– Датыңды айт, — дейді Құдай.
– Ұзақ жыл құлшылық еттім. Сендей ұлық Аллаға құлдарының еңбек ақысын қайтармау лайық емес. Соның өтеуін бер, — дейді.
– Не сұрайсың? — дейді Құдай.
– Мені дәргейіңнен қуып, Адамға баспана бердің. Енді менің баспанам қайда болады?
– Монша мен дәретхана— сенің мекенің.
– Дәргейіңде жүргенде құлшылық қылатын жерім бар еді. Енді оны қайдан табамын?
– Базар атаулы сеңің құлшылық орның болар.
– Адамға оқу үшін Құран бердің. Маған не бересің?
– Сыпсың сөз, өсек-аяң сенің қасиетті кітабың болар.
– Адамға қорек үшін дәм-тағам бердің. Менің тамағым қайда?
– Біреу «біссімілдәсіз» ас ішсе, дастарханда бата қайырмаса, сол ас саған бұйырсын, — депті.
Ібіліс алған олжасына масайрап, Алланың дәргейінен қуылып кете барады. Содан бері өзімнің қорегімді жеймін деп, әр үйдің дастарханын аңдиды екен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жырлаған аңыз нұсқасында Ібіліс:
– Жаралған әурелікке менің басым,
Не керек мұнша дәурен сүрген жасым?
Ас, қорек адамдарға тағам бердің,
Кәнеки, ішіп-жейтін менің асым?! — деп сұрайды. Сонда Ұлық Алла:
–Еңбегін еш пенденің жемейміз біз,
Өз пиғылың болып тұрған өзіңе кез.
Тағамың сенің, малғұн, осы болсын:
Ас ішсе егер біреу біссімілдәсіз, — деп жауап берген екен.
Тағы бір аңыз бойынша Ібіліс барлық шайтандарды жинап:
– Бүгін тойға барамыз, тамаққа тоямыз. Бала-шағаны түгел жинаңдар. Бір пақыр той жасап жатыр. Өзі дінге әлсіз, тыйым-талапқа салақ. Қарын бір тойса, соның дастарханынан тояды, — дейді. Барлық шайтандар қуанып, тойға асығады. Тойда тойбастар басталып, әулеттің сөз ұстайтын беделді ақсақалы алға шығады да:
– Біссімілдә, — деп сөз бастапты. Бұл сөзді естігенде Ібіліс:
– Қап, бұл ас бізге бұйырмады, — деп шарасыз халде отыра кетіпті.
Бұл жайында жыр-дастандарда:
Айтылған имамдардан кітаптар көп,
Бәрінің басында бар біссімілдәсі.
Дүниеде жүргенінде әрбір адам
Айтпастан біссімілдәні ішсе тағам.
Қосылып шайтан лағин бірге ішеді,
Ада ғып болғанынша бәрін тамам, — деп айтылады.
«Қисса сүл-әнбия» аңызында Нүх пайғамбардың «біссімілдә» сөзімен Құж деген дәудің қарнын тойдырғаны баяндалады. Құж кесір мінезді, ешкімнің ақылын алмайтын, оң істі терісінен істейтін қыңыр болыпты. Ұзын бойы таудан асып, бұлттар алқа сияқты мойнына киіліп тұратын. Ол жалғыз өзі таудың үңгірінде жататын. Құждың бір ғана қайғысы — қарнын тойғызу. Ішегі тәулік бойы шұрқырап тұратын. Ертелі-кеш орманнан отын шауып, нәпақасын айырып жүреді. Бірде Нұх Құжды шақырып, ағаштарды тасып беруін өтінеді. Сонда Құж:
– Қарнымды тойғызсаң, ағашты тасиын. Осыған дейін майлы ас жеп, қарным жұбанған емес. Тойып тамақ ішу — маған арман, — дейді.
– Айтқаның болсын, — дейді пайғамбар. Құж ертесіне Нұхтың ағаштарын тасып берді. Жұмысы біткен соң Нұх оның алдына бір шелпек әкеліп қояды.
– Өй, мынауың жұмырыма жұқ болмайды ғой, — деп Құж ашуланады.
– «Біссімілдә» деп же, сонда тоясың, — дейді пайғамбар. Құж «біссімілдә» деп шелпектің жартысын жегенде тоқтығы білінді. Жартысын қалтасына салып алды. Қарны тойғанға мәз болып, жөніне кеткен екен.
«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасылық хрестоматиясынан.