Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Қазығұртта қарбалас тірлік

Қазығұртта қарбалас тірлік

Қазығұрттықтар үшін жақсы жаңалық: ауданда 700-ге жуық тұрғынға кезек бойынша үй салуға жер телімі беріледі. Қазіргі таңда жоспарлау, инфрақұрылымын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы тұрғындарымен кездесуде өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы мәлімдеді.

«Өздеріңізбен еркін пікір алмасуға келіп тұрмын. Мақсат – елдегі саяси реформаларды түсіндіріп, облыста атқарылып жатқан жұмыстардан мағлұмат беру, тұрғындардың өтініштерін тыңдау. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай осындай кездесулерден кейін тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері негізге алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жүруде. Үйлердің 90 пайызына газ кірді, ағын су және ауыз су мәселесі шешілді. Қала бірнеше бағытта дамып жатыр. Облыстың аудан, қалаларын өркендету де назарда тұр. Ең бірінші мәселе – шағын кәсіпкерлікті дамыту. Біз әр ауданнан жастарды бейімдеп, кәсіпкерлер шығаруымыз керек», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Кездесуде тұрғындар үй салуға жер учаскесін беру, Алтынтөбе ауылдық округіндегі жер дауы, Шанақ пен Қақпақ ауылындағы жол, Үшбұлақтағы, Қазығұрт ауылындағы ауыз су сапасын жақсарту және өзге де өтініштер мен ұсыныстарын жеткізді. Кездесуде Алтынтөбедегі жер дауы шешіліп, тұрғындарға өз жер телімдері қайтарылатыны, осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Өмірзақ Естайұлының сөзіне қарағанда Шанақтағы жол мен Үшбұлақтағы ауыз су түйткілі де шешімін табады.

2021 жылы Қазығұрт ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі – 12,6 млрд. инвестиция көлемі – 18,4 млрд, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10,4 млрд теңгені құрады. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 170 гектар жерде 122 жоба іске асырылып, бірінші өнімді жинау күтілуде. Былтыр 25 808 шаршы метр тұрғын үй берілді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 8 елді мекенде 26 жоба іске асырылды. Талдыбұлақ елді мекені көгілдір отынмен қамтылды және Қазығұрт ауылындағы «Шығыс» мөлтекауданына баратын табиғи газ жүйесінің құрылысы жүргізілді. Жаңабазар елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, Заңғар, Сырлысай, Қарабастау, Тілектес елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылған. Жаңабазар, Қаржан елді мекендерінде 40,5 шақырымды құрайтын 20 көшеге асфальт төселген. Үш мектеп ел игілігіне ұсынылды.

Қазығұрттағы іссапарында өңір басшысы ауданда ұйымдастырылған жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады. Ауыл шаруалары көкөніс, жеміс-жидек, сары май, қымыз және өзге де өнімдерін сатылымға шығарып отыр. Сонымен бірге «Бастау Бизнес» жобасы арқылы грант алып, бал, тәттілер өндіріп, аяқ киім, көрпе-төсек, сувенир, астау жасайтын кәсіпкерлер де бар. Облыс әкімі жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдап, мемлекеттің дамуы шағын кәсіпкерлікке байланысты екенін, сол себепті осы салаға басымдық беріліп жатқанын жеткізді. Ерте пісетін көкөніс өсіруге ден қоюға шақырды.

Ө.Шөкеев сапар барысында жаңадан ашылған ет комбинаты мен мал сою және өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысып, ет экспортын көбейту қажеттігін айтты. Шаруалар мен кәсіпкерлер гранттарды көбейту, субсидия және өзге де мәселелерді қозғады.

 Ұ.Үмбет

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика